Ұлан ауданының табиғаты ғажап! Бұл өңірден жазық жерді табу қиын, қай ауылға барсаңыз да биік таулар мен ойпаттар, қыраттар менмұндалап алдыңнан шығады, сарқырап аққан өзендер, сансыз көлдер де иесіз жатқан жоқ, әрқайсысының қожайыны бар. Қарашоқы маңы да сондай көрікті жер, тау беткейіндегі жайылып жүрген ірілі-ұсақты малдан көз тұнады.
– Бұл жерді аудандағы ірі қожалық иесі Майдан Сағынғұмаров иеленіп отыр. “Сағынғұмар” қожалығында қазір 400 ірі қара бар, оның 225-і сиыр, 380-і жылқы. Майдан ағамыз мал тұқымын асылдандыруға ауданда алғашқылардың бірі болып назар аударған. Қазір етті мол беретін қызыл қасқа сиыр мен асыл тұқымды жебе жылқысының әр килосына Үкіметтен жүз теңге қаржы алады. Оның үстіне Мәкең тұрғын үйлер мен мал қораларын да өзі салып алады, жыл сайын техникасын жаңартып отырады, – деді Аблакетка ауылдық округінің әкімі Мергүл Әкірашқызы Құсайынова.
Пысық, бастаған ісін аяқтағанша тыным таппайтын Мергүлді бұрыннан білетінбіз. Ол осында он жыл бойы әкімдікте бас маман болып қызмет атқарған. Ұзақ жылдар ауыл әкімі міндетін адал атқарып, ауылдастарының алғысына бөленген Ерқайрат Сейітқамзин бұдан бірер жыл бұрын құрметті еңбек демалысына шығыпты, енді, міне іскер жас Мергүл қарындасымыз төрт ауылдың басын біріктіріп отырған ауылдық округке жетекшілік етуде.
Ауыл әкімі Мергүл Әкірашқызы Ұлан ауданының жаңа әкімі Жомарт Мұратовтың қызметке кірісе салысымен өздеріне келгенін айтады. Іскер, көп сөзден гөрі жұмысқа мығым азамат тұрмыстың ауырлығынан тұрғындары көшіп, тозып бара жатқан ауылдарға көңіл бөле бастапты. Мәселен, Манат, Ақтөбе, Тройницкое ауылдарында болған кезде халықпен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелескен. Оралмандарға үй бөліп, жұмыс тауып беруге уәде етіпті. Балалардың мектепте оқуларына көңіл бөлген. Аудан әкімінің орынбасары Нәзигүл Сейсембина да мұнда жиі қатынап тұрады. Ауданның өркендеуіне ерекше үлес қосып, 12 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары қызметін жемісті атқарып келе жатқан Нәзигүл Өсерқызы әр мектептегі балаларға күніне жиырма граммнан бал, бір тостаған сүттің тегін берілетінін тілге тиек етті.
– Мал түлігін асылдандыру жөнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үнемі тапсырма беріп тұрады. Тірідей салмақтағы біркелкі етке мемлекет жүз теңге көмек береді. Сондықтан бір жылқымыз 200 мың теңгеге өтеді. Жылқышылар Азамат Иісханов, Аслан Иісханов, Жасұлан Қайырбаев өз ісінің нағыз мамандары. Ерлан Мәдібаев, Қыдыролда Мұқышев, Ерлан Нұрдыбаев сияқты бақташылар да құрметке бөленген жандар. Ал техника құлағында ойнаған, бригадир Жомарт Жәмелов менің оң қолым. Мамай батыр ауылының азаматы Ермек Әбділманов та қожалықтың ыстық-суығына төзіп келе жатқан басқарушы. Зоотехник-селекционер Бақыт Мүбаракова малды уақтылы дәрімен егіп, бақылап отырады. Әу бастағы қиындықтар арқылы осындай табысқа жетіп отырмыз, – деп қожалық иесі Майдан Сағынғұмарұлы ағынан жарылды.
Мәкең қожалықты сонау 1996 жылы құрған кезде небәрі үш жылқысы болыпты. 4 миллион 900 мың пайына 11 миллион 855 мың теңге қарызды арқалап алған. Үйін, “Волга” көлігін сатып қарызды жауыпты. Бірте-бірте Жомарт екеуі шалғайдағы ауылдарға барып, арзанға мал сатып алып, көбейте берген. Техника сатып алған. Бұл күндері қожалықта алты “Беларусь”, бір шынжыр табанды трактор, бірнеше жеңіл көліктер бар. Өздері өндірген етті жеке меншік дүкендерінде, “Жәрдем” азық-түлік орталығында саудалап тұрады. Аудандағы қайырымдылық шараларына белсене араласатын Мәкең келер жылы Бойшорада екі тұрғын үй, мал қорасын және мал соятын цехты салуды көздеп отыр.
Ауыл әкімі бұл күндері округте 22 мың қой-ешкі, алты мыңдай жылқы бар екеніне тоқтала кетті. Мал басы жыл сайын көбейіп келеді. Самар Жанұзақов, Қайролда Кемешов, Әлімбек Төлендин басқаратын қожалықтар да озаттар қатарында. Ауылда қазір Ұлы Отан соғысының екі ардагері және 154 тыл ардагері бар. Оларға мереке күндері дастарқан жаю мәселесі назардан қалмаған көрінеді. Мергүл Құсайынова ауылдың гүлденуіне еңбек сіңіріп жүрген іскер жан.
АЙТҚАЗИННІҢ АЙТАРЫ АЗ, ІСІ КӨП
Ақши қыстауы тұрған жер де көрікті. Сылдырап өзен ағып жатыр, тау етегінде мал жайылып жүр. Бізді бұл жерде Бозамбай ауылдық округінің әкімі Айдар Сембаев пен “КХ Айтқазин” қожалығының иесі Василий Айтқазин қарсы алды.
Айдар Сембаев ұзақ жылдар құқық қорғау саласында еңбек еткен, Ұлан аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары болған, полиция подполковнигі. Самбо күресінен спорт шебері, бірнеше жылдар бойы облыс құрама командасының белді мүшесі болған азамат. Соңғы үш жарым жылдан бері ауылдық округке жетекшілік етуде.
– Қызметке төселіп алдым. Бізге Алғабас, Ақжартас, Қызылсу және Бозамбай ауылдары кіреді. 131 қожалық бар, соның ішінде ірілері Василий Айтқазиннің және Манас Мұқашевтың, Саябек Кәдірбековтің, Ерғали Шағатаевтың шаруашылықтары. Мал басы жыл сайын өсіп келеді, былтырғы қаһарлы қыстан аз-кем шығынмен шықтық. Сондықтан биыл да мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеп алдық. Көмір, отын жеткілікті, – дейді ауыл әкімі.
Бозамбай – бұрынғы аудан орталығы. Алайда осыдан 13 жыл бұрын аудан орталығы ауысқан соң Бозамбайдың бағы тайып, сәнінен айырыла бастағаны шындық. Қазір де қаңырап тұрған үйлер жеткілікті, мекемелер де жөндеуді қажет етеді. Жұмыссыздық орын алған соң көп жұрт қоныс аударған.
– Ауылдың сәні мен мәні кеткені рас. М. Мұзапаров аудан әкімі болып тұрған кезде осындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, біраз үйлер салынған. Жаңа әкімімізге рахмет, Бозамбайдағы жағдайды көрген соң көмектесуді ұйғарды. Мәселен, бұрынғы аудандық партия комитетінің үйін ауылдық учаскелік ауруханаға айналдыру үшін қаржы бөлетін болды. Аудандық статистика үйі интернатқа, кітапхана, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де іске қосылмақ. Қазір онда бір топ болса, өңдеу жұмыстары аяқталған соң төрт топ жұмыс істемек. Демек, жаңадан жұмыс орындары ашылмақ, – дейді ауыл әкімі А. Сембаев.
Василий Айтқазин өз ісіне мығым, аз сөйлеп, көп тыңдайтын азамат екен. Өзі туралы сараң әңгімелеп, бірге қызмет ететіндер жайлы көбірек мәлімет берді. “Ақши ата-бабамыздың жері. Әкем өмір бойы мал баққан, өзім де он жыл шопанның құтты таяғын ұстадым. Сол еңбегім зая кетпепті, қожалық құрып алған соң, әр мамандықтың басын қайыруға тура келді. Мейірбан, Ботақара мал фермаларында 350 асыл тұқымды ірі қара, 200 бастай жылқы, екі мыңдай ұсақ малымыз бар. Жылқышы Айдын Тоқсанов, бақташы Серік Шакимов, жұбайым, зоотехник-селекционер Ғалия Айтқазина үнемі жанымнан табылатын, шаруашылықтың екі аяғынан тік тұруына үлес қосып келе жатқан жандар. Қызым Алтынай қожалықта есепші. Үлкен қызым Салтанат университеттің төртінші курсында үздік оқып, білім алып жатыр. Ұлым Дастан бірінші сыныпта оқыса да қолы қалт ете қалған кезде көмектесуге ниет танытады. Соған қарағанда еңбексүйгіш бола ма деген үмітіміз бар. Былтыр мал соятын цехты іске қосқамыз. Аудандағы барлық қожалық иелері мен жеке меншік иелерінің малдарын тегін сойып береміз. Келешекте жер алып, жоңышқа, егін ексек деген ойымыз бар. Қарияларға көмектесіп тұрамыз, – деген В. Айтқазиннің сөзінен басқалардың да қамын ойлайтынын аңғардық.
НАН БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ
Бозамбай ауылындағы “Наргиз” деген үлкен дәмханаға кірдік. Мұнда іскер азамат Бауыржан Құрымбаев жұбайы Тұрсынмен бірге наубайхана ашып қойған. 650 граммдық нанның бағасы тұрақты, небәрі 40 теңге. Дәмханада той, түрлі рәсімдер өтіп тұрады. Наубайшылар Л. Парувесь, Д. Құсманова, Ж. Омарханова өз ісінің нағыз шеберлері. Күніне 850 бөлке нан пісіріп, жақын маңдағы төрт-бес ауылға нанды таратып береді екен. Бозамбайдағы орта мектепке биыл “Жол картасы” бойынша күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлмира Абдрахманова бесінші сыныпқа дейінгі балаларға бал, сүттің тегін берілетінінен хабардар етті. Мектеп жанындағы интернатта 28 бала тәрбиеленіп жатыр. Денешынықтыру пәнінің ұстаздары Жайлаухан Бауыржан мен Серік Жұмабекұлы іші-сырты айнадай жарқырап тұрған спорт залында бірнеше үйірмелердің жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Ұлан ауданының екі ауылдық округіндегі жағдай осындай. Биылғы қыс былтырғыдан да қатал, қаһарлы болатыны жайлы ауа райын зерттеушілер тынымсыз айтып жатыр. Демек, мал азығы мен отын, көмірдің мол қорын жасап алсақ, ұтылмайтынымыз анық.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы.
-----------------------------
Суреттерді түсірген автор.