“Әдебиет – сөз өнері. Сөз өнерінің негізін, әрине, сөз түзеді. Сөйте тұра сөз өнерінен ардақты өнер жоқ, өйткені ол – ұлтымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы. Сөз өнері туралы ғылымнан аяулы ғылым жоқ, өйткені ол – ұлтымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы туралы ғылым. Мекемтас Мырзахметұлы – осы ақыл-ойымыздың абайтанудағы ұшар биігі, осы ар-ожданымыздың әуезовтанудағы саңлақ сарапшысы, осы абыройымыздың бауыржантанудағы биік бәйтерегі” деді белгілі ғалым Жанғара Дәдебаев. Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдығына арналған баяндамасында.
Сонымен Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 80 жасқа толуына орай бірқатар ғылыми-көпшілік іс-шаралар аталып өтілді. Алдымен университеттің бас ғимаратында М.Мырзахметұлы басқаратын “Абайтану” ғылыми зерттеу орталығы дайындап, Жапонияның Токио қаласында ең заманауи технологиямен басылып шыққан “Абайтану” әліппесі аудио оқу құралының тұсаукесері өткізілді. Бұл оқулық та бұрын біз көрмеген тосын дүние болып шықты. Жұрт ерекше оқулықты компьютер арқылы тексеріп көріп, тәнті болды. Компьютердің интерфейсіне шыға келетін кітаптарды өз қаламымен Абайдың кез-келген өлеңіне баса қойсаңыз технологияның өзі-ақ сайрай жөнеледі. Тамаша! Бұл оқулыққа М.Мырзахметұлы бастаған Н.Керімбаев, Ш.Әбуова сынды авторлардың сапалы тер төккені көрініп тұр. Аудиотаспаға жазылған оқулықтар қазіргі жастар үшін таптырмайтын құрал және ол Абай мұраларын терең түсінуге жол ашады деп күтілуде.
Мұнан кейін тағылымды іс-шаралар университеттегі “80 жасқа – 80 кітаппен” деген көрмеге ұласты. Ғалым саналы ғұмырының бір бөлігін бауыржантануға да арнағаны белгілі. “Ғалымның ақыл-ой қуатының, асыл уақытының өтеуіндей ендігі бір ірі жетістігі Бауыржан Момышұлының ғылыми өмірбаянын жасау, шығармашылық мұрасын түгендеу, зерттеп-зерделеу, баспаға дайындап, жарыққа шығару болды. Батырдың шығармашылық мұрасын түрлі елдің әскери, мемлекеттік, салалық, аумақтық архивтерінен іздеп, бір-бірлеп тауып, жинақтау, жүйеге түсіру, сұрыптау инемен құдық қазғандай екені түсінікті. Осындай ерен еңбектің нәтижесі жауынгер жазушының 30 томдық шығармалар жинағы мен бір томдық тұлғалық энциклопедиясы көлемінде жинақталып, жарыққа шықты. Мақтаныңқырап айтсақ, түгел бір академия, тұтас бір ғылыми-зерттеу институты ондаған жылдар бойы атқаратын осы жұмысты Мекемтас Мырзахметұлының бір өзі орындап шықты” деген болатын профессор Жанғара Дәдебаев өз сөзінде. Міне, осы томдар да көрмеде көз тартып, лайықты тұрды. Осыдан кейін ғылыми-көпшілік іс-шаралар ұлы Абайдың 165 жылдығына және ғалымның мерейтойына арналған “Абайтанудың жаңа кезеңі және М.Мырзахметұлы” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға жалғасты.
Бұл конференцияның Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткізілуінің өзі кездейсоқтық емес. Университет бұл шараға тағылымдық тұрғыдан қарайды. Мұғалімдер даярлайтын еліміздің байырғы қарашаңырағында ғалым қаншама шәкірт оқытқан. Мекемтас Мырзахметұлы 80 жасқа дейін студенттерге, мұғалімдердің өзіне тамаша лекциялар оқып келе жатқан сирек ғұлама, шынайы ұстаз.
– Мекемтас ағай ең алдымен біз үшін – ұлағатты ұстаз, нағыз әдіскер ғалым, оқулық авторы. Бұл кісі педагогикалық мамандар даярлаумен бірге, мұғалімдердің білімін жетілдіру саласына да белсене араласып келеді, – деген республикалық білім жүйесі басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру институтының директоры, профессор Бақтияр Сманов ғалымның ұстаздық қыры мен қарапайымдылығы жайлы мәйекті сөз қозғады.
– Осы конференцияның өзін өткізуге Мекемтас ағамызды әрең көндірдік, – дейді ұлағатты істің басы-қасында жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Піралиев. Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ғалымның азаматтығын, арлылығын сипаттаса, “Мерейі үстем, Мекемтас аға!” деп сөз бастаған “Заман-Қазақстан” газетінің бас редакторы Ахмет Аляздың қазақшасының шұрайлылығына мұқым жұрт ризашылықпен бас изеп, қуаттап отырды. Ахмет бей де “Түрік дүниесіне қызмет” сыйлығын бүкіл қазақ азаматтарының арасынан үш адам ғана алса, бірі де бірегейі – Мекемтас Мырзахметұлы екендігін айтты.
Осылайша халықаралық конференцияда М.Әуезов негізін салған абайтану ғылымына жаңа дәуірде М.Мырзахметұлы қосқан жаңа сипатты, жаңа дәстүрлі ғылыми жаңалықтарды талдау мен оны ғылыми ортаға өнеге ету үрдісі жарасымды жүріп жатты. Ал шара соңына қарай “Мен Абай мұраларынан көп нәр алған едім. Содан жұққан нәр – мына екі томдық”, – деген Мекемтас ағамыз өзі де сөзі де салмақты томдарды Семей өңірінен арнайы келген “Абай” мұражайының өкілдеріне тарту етті. Нышандық мәні бар бұл сыйлықты зиялы қауым, жиналған көпшілік қазақ ғылымына қосылған тартудай қабылдап, ризашылықпен қол соқты.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.