“ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық парламенттік конференцияның қатысушыларына
Құрметті халықаралық парламенттік конференцияның қатысушылары!
ХХІ ғасырдың басы халықаралық қатынастардың бүкіл архитектурасының елеулі де терең өзгерісімен аталып өтті. Халықаралық ұйымдардың тығыз үйлестірілуі мен белсенді ынтымақтастығы оның аса маңызды элементіне айналуда. Мұндай өзара ықпалдастық ЕҚЫҰ-ның да, сол секілді ТМД-ның да қызметіне жаңа тыныс беріп, олардың алдынан жаңа көкжиектер ашады және жаңа бағдарлар белгілейді.
ТМД елдерінің ұжымдық қолдауы жағдайында сайланған ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан өзара түсіністіктің тереңдеуі және Шығыс пен Батыстың арасында сындарлы өзара ықпалдастықтың жолға қойылуы үшін зор жауапкершілікті сезінеді.
ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім мен өзара түсіністік ахуалын қалыптастыруда парламенттік дипломатия айрықша рөл атқарады. Қазіргі уақытта парламентаралық байланыстардың тармақталған желісі қалыптасып, халықаралық парламенттік форумдар жаһандық және өңірлік саясатта өзі туралы барған сайын нық сеніммен мәлімдеуде.
Бүгінде еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда алысқа шығып кеткен. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан бұл тезисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілетуде, соның арқасында біз қазірдің өзінде Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарын еркін пайдаланудамыз.
Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі бірлескен күш-жігер қауіпсіздік саласындағы көпжақты өзара ықпалдастықтың үлгісіне айналды. Әлемдік лидерлер мен халықаралық ұйымдардың қолдауы жағдайындағы Қазақстанның дер кезіндегі іс-қимылының арқасында жанжалды асқындырмау мүмкін болды. Біз Қырғызстанның бейбіт демократиялық дамуына одан әрі жәрдемдесу ниетіндеміз.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының Саммиті болады. Жоғары деңгейлі Ыстамбұл кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң, тұңғыш рет Қазақстан елордасында үш құрлықтағы – Еуропадағы, Азия мен Америкадағы 56 мемлекеттің және жетекші халықаралық ұйымдардың көшбасшылары қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатымен жиналады. Бұл идеяны ілгерілетуге жәрдемдескені үшін біз парламентарийлерге ризашылықтамыз.
ЕҚЫҰ Саммитін өткізу бізге ортақ құндылықтар, тең құқылық және өзара сыйластық қағидаттары негізінде Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік тұғырнамасына деген қозғалысымыздың жаңа стратегиялық бағытын және “жол картасын” анықтаудың бірегей тарихи мүмкіндігін береді.
Сіздердің конференцияларыңыздың қорытындылары да ЕҚЫҰ-ның өзекті проблемаларын шешуге деген ізденістерге жәрдемдесіп, парламентийлердің заң шығармашылық қызметінде жүзеге асатынына сенімдімін.
Сіздерге жемісті жұмыс және табыстар тілеймін!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
_______________________
Келген күннің кешінде, “Москва” қонақүйіне орналаса салысымен теледидарды қосып қойғанымыз сол еді, осындағы “100 ТВ” деген арнаның жаңалықтар қызметі хабарының үстінен түскеніміз. Алғашқы сюжеттерінің бірінде арна жүргізушісі: “Ертең Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламенттік Ассамблеясы өзінің 50-ші, мерейтойлық пленарлық мәжілісіне жиналады”, деп жатты. Қарадай қысылып қалдық. Бұл жайдан хабарсызбыз. Мұндайда дереу кінәліні іздей қоятын әдетпен Мәжіліс баспасөз қызметінің жетекшісі, белгілі журналист Сайын Шаймерденді ойлап: “Мұны неге ескертпеген? Мерейтойлық мәжіліс екенін білгенде Ассамблеяның бұған дейін тындырған шаруаларынан жақсырақ хабардар болып келуге тырысар едік қой”, деп жатырмыз әуелде. Артынша тағы ойлаймыз: “Оу, бұл қалай елуінші мәжіліс бола қалады? Біз білгенде Ассамблея жылына екі рет, көктемде, күзде бас қосатын сияқты еді ғой. Әлде алғашқы жылдарда, әбден қалыптасып кеткенше қазіргіден жиірек жиналған ба?” деп. Сөйтсек, тележүргізуші қателескен екен. Бұл басқосу ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 35-ші пленарлық мәжілісі болып шықты. Мейлі. “Осал өмір емес қой 35 жас”, деп Мұқағали айтқандай, отыз бес рет бас қосу да оңай емес.
Бүгінгі таңда түрлі елдер парламентарийлерінің арасындағы үнқатысудың маңызы ерекше, өйткені мұндай үнқатысу ауқымды міндеттерді шешудің оңтайлы жолдарын қарастырады, экономикалық, саяси және діни кедергілерді жоя отырып, халықтар мен мемлекеттер арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнатудың пәрменді тетігіне айналады. Бұл орайда Қазақстан парламентаризмі егдейген елдерге тән іс-қимылымен көзге түсіп келеді. Жақында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Палермода өткен күзгі мәжілісіне қатысқанымызда Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы табысты төрағалығының бір сыры ел парламентарийлерінің белсенділігінде, жауапкершілігінде деген ой да ортаға салынған. Бізбен сұхбат кезінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Александр Козловский: “Қазақстан делегациясының мына мәжілістерде қатысуын-ақ айтайықшы. Қай мәжіліске де, көктемгісі болсын, күзгісі болсын, Қазақстан белсенді түрде қатысады. Талқылайды, пікір қосады, қажет жерінде айтысады”, деген еді. Осындай белсенділікті, осындай жауапкершілікті біз Қазақстан Парламенті делегациясының ТМД Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысуынан да көреміз. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған делегацияның Нева бойындағы осы сәулетті қалаға ұдайы келіп, кеңестен кейінгі кеңістік елдерінің заң шығарушылық тәжірибесін өзара алмасу тұрғысынан көп шаруа тындырып жүргенін білеміз. Әсіресе бізде қабылданған талай заңдардың ТМД кеңістігінде модельдік үлгі ретінде қабылданғанын мақтанышпен айтуға болады. Қазақстан Парламентінің негізінде заң шығарушылық қызметтің тәжірибесі бірнеше рет қарастырылғанынан да хабардармыз. Соның өзінде де биылғы келістің жөні бөлек. Біріншіден, Санкт-Петербургте бір мезгілде бірнеше ұйымның жиыны, атап айтқанда – ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясының іс-шаралары қатар өтіп жатыр. Екіншіден, біз бұл іс-шараларға ТМД аумағындағы экономикасы қуатты, саясаты салиқалы ел, қадірлі Қазақстан ретінде ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының биылғы төрағасы ретінде де қатысып отырмыз. Сондықтан Астанадан аттанарда әуежай басындағы адамның қарамы қалыңдығына да, мұнда осы күндерде көрме ұйымдастырылатынына да, концерт қойылатынына да онша таңданған жоқпыз. Осындай шалқып тұрған шағымызда біздің бойымызға бәрі де сыяды. Санкт-Петербургтегі алқалы жиын басталатын күні Қазақстан делегациясы мүшелерінің жыр алыбы Жамбылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаны да жарасып тұрды. Жамбыл социализмді жырлады ғой, оның көсемдерін мақтады ғой, ол жүйенің тарих көшіне ілесе алмағанын көзіміз көрді ғой дейтіндер осы қалаға бір келіп қайтса, мұндағы тұрғындардың ақын атамызға құрметін көріп қайтса басқаша сөйлер еді. Оның үстіне қай заманда да суреткер туындысы кімге арналғанына емес, қалай жасалғанына қарап бағаланады. Лениннің ісін жалғастырушылардың шаруаны солай жүргізгеніне Жамбылдың ешқандай кінәсі жоқ. Ақын өзінің алдына қойылған көркемдік міндетті қалай орындаған – мәселе осында. Бұл тұрғыдан қарағанда Жамбылдың Ленинге арналған өлеңдерінің тас бұлақтың суындай құйылып келген көркемдігі, сөздерінің суреттілігі, сырлылығы, саздылығы, ұйқастарының шымырлығы, композициясының жұмырлығы әлемдік поэзиядағы мадақ жырларының классикалық үлгілерінің қатарына қосылатыны күмәнсіз.
“Жарайды, тақырыптан ауытқымайық” деп Сәбең айтпақшы, енді мұндағы іс-шараларға келейік. Сейсенбі мен сәрсенбіде негізінен сарапшылық-консультациялық кеңестердің, жұмыс топтарының, тұрақты комиссиялардың отырыстары өткізілді. Қазақстан Парламентінің депутаттары А.Бижанов, И.Әміров, Б.Бекжанов, У.Қоңырбаев, Е.Мұқаев, К.Бұрханов, С.Жалмағамбетова, Қ.Бисенов, Ә.Жолшыбеков, Б.Әлімжанов, А.Башмаков, Е.Иманқұлов, В.Доскалов қатысқан ол отырыстарда сот құрылысы, судьялар мәртебесі, қауіпсіздік пен қорғаныс, әлеуметтік-экономикалық дамудың құқықтық мәселелері, мәдениет, ақпарат, туризм, спорт, халықаралық ынтымақтастық, аграрлық саясат, табиғи ресурстар, кедендік реттеу ісіндегі модельдік заңдар, ғылым мен білім мәселелері талқыланды. Қай-қайсысында да маңызды мәселелер талқыланды. Мысалы, Мәжіліс депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Ерлан Нығматулин қатысқан отырыста Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның Аралды құтқару, қорғау, сақтау ісіндегі табыстары әңгіме арқауына айналды. Әсіресе осы шаруаның бәрінің үйлестірушілік, ұйымдастырушылық қызметін атқарған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем экологиясын жақсартуға қосқан үлесі халықаралық қоғамдастық тарапынан қандай биік бағаға да лайықтығы ерекше айтылды. Иә, қазірдің өзінде Аралдың жиегі бір кездегі шегініп кеткен жерінен талай шақырымға бері жақындағаны, Кіші Аралда балық аулау қайтадан жолға қойылғаны қалай айтсақ та ауыз толтыратындай жетістік. Жетістік демекші, осы күндерде Таврия сарайының Күмбезді залында “Тәуелсіз Қазақстан: қалыптасу мен даму белестері” аталған фотокөрменің ұйымдастырылуы да орынды шықты. “Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған фотокөрмеде біздің жаңғыру жылдарымыздың келбетін көрсететін фотоматериалдар қойылған. Біздің еліміздің қалыптасуы мен дамуының арқауы осы заманғы конституционализм, демократиялық мемлекеттілік, белсенді азаматтық қоғам, атымен жаңа экономикалық құрылым, тәуелсіз елді одан әрі нығайтудың сараланған саясаты болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясатының арқасында Қазақстан барлық атрибуттары түгелденген толыққанды егемен мемлекетке айналды”, деді көрмені ашарда Орал Мұхамеджанов. Рәсім кезінде сөз сөйлеген Ресей Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов Қазақстанның қазіргі жарқын жетістіктері жайында жақсы айтты. “Қазақ халқында “Если прошли десять человек – останется след, если прошли сто человек – останется тропа, если прошли тысячи человек – останется дорога” деп келетін мақал бар. Қазақстан халқы өзінің ұйымшылдығымен болашаққа жол салып жатыр”, деді Сергей Михайлович. “Мәтел – сөздің мәйегі” дейтін халықпыз ғой, сонда да мыңдаған мақалдың бәрі есте тұра бере ме, жөпелдемеде қазақшасы ауызға түспей, айтылған күйінде қағазға түсіріп отырмыз. Мәжіліс Төрағасының ТМД парламентарийлерінің арасында беделі биік екендігіне осы күндерде бірнеше рет көз жеткізе алдық. Орал Байғонысұлының Мәжілісті қайта-қайта басқарғандағы көп қырлы қызметі, әсіресе ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мәжіліс, отырыстарындағы жемісті жұмысы лайықты бағаланды: сәрсенбі күні Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Б.Грызлов Президент Д.А.Медведевтің тапсыруы бойынша Орал Мұхамеджановқа Ресей-Қазақстан парламентаралық ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Ресей Федерациясының “Достық” орденін табыс етті. Осы орайда кеше Таврия сарайының Дума залында сенатор Қуаныш Сұлтановқа “Содружество” ордені тапсырылғанын да айтайық. Мұндай марапатқа Мәжіліс депутаттары Валерий Котович, Тито Сыздықов, Нұрдәулет Сәрсенов те ие болды.
Мәжіліс Төрағасының белсенді қызметі сәрсенбі мен бейсенбідегі ресми кездесулерден де келісті көрінді. Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесу кезінде Орал Мұхамеджанов ТМД бойынша да, Кеден одағы бойынша да әріптес елге алда тұрған президент сайлауының ашық та әділ өтетініне сенетінін білдірді. Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасының 14 қыркүйекте кезектен тыс шақырылған бесінші сессиясында Беларусь Президентін сайлауды биылғы 19 желтоқсанда өткізу жөнінде шешім қабылданғанын есіңізге сала кетейік. В.Андрейченко Мәжіліс Төрағасын келесі жылдың екінші жартысында ресми сапармен келуге шақыруын тағы да қуаттады. Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Борис Грызловпен кездесуде ел парламенттерінің екіжақты қатынастардың барлық қырлары бойынша тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуге ұмтылысы қуатталды. Ресей Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің Төрағасы Сергей Мироновпен кездесуде биылғы 1 қаңтардан бастап құрылған Кеден одағының бірыңғай сауда саясатын жүргізудегі артықшылықтары разылықпен айтылып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әлеуетін арттыра түсудің маңызы атап өтілді. Қырғызстандағы қанды қырғын халықаралық ұйымдардың осындай дағдарысты кезеңдерде әлдеқайда ілкімді болғаны жөн екенін көрсетті. Төрағаның өз әріптестерімен кездесулерінің бәрінде де Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын айрықша жемісті деп қазірдің өзінде бағалаудың артықтығы жоқтығы айтылды. Кеше таңертең Орал Мұхамеджанов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Вольфганг Гросрукпен кездесті. Журналистермен қысқа сәттік жүздесуде В.Гросрук Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы тамаша табысымен құттықтады. Бұлай дегенде Қазақстан Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмаған Саммитін ұйымдастырудың орайын келтіргенін ғана айтпайтынын, біздің еліміздің төрағалық ұғымына соны сипат бергенін де ескеретінін білдірді. “Егер Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын бес баллдық жүйе бойынша бағаласақ, мен бұл төрағалыққа “5+” бағасын қояр едім. Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің тың тынысын ашты. Осы ұйым құрылғалы бері жұртшылық санасында ЕҚЫҰ қызметі тек саясатпен ғана байланыстырылып келген еді, Қазақстан Ұйымның экономикалық-экологиялық себетіне ерекше көңіл бөлуге мәжбүр етті”, деді Орал Мұхамеджановпен кездесуден кейін Украина Верховная Радасының Төрағасы Владимир Литвин.
Кеше Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Парламентаралық Ассамблеясының отыз бесінші пленарлық мәжілісі болды. Ол жиын және Санкт-Петербургте біз үшін басты оқиғаға айналған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына арналған халықаралық парламенттік конференция жайында газеттің келесі нөмірінде әңгімелегелі отырмыз. Қазірге конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің құттықтау-үндеулер жолдағанын (Елбасымыз үндеуінің мәтіні газеттің бірінші бетінде бөлек жарияланып отыр – Ред.), конференцияда Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов баяндама жасағанын ғана айтумен шектелейік.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Санкт-Петербургтен.