Биыл әлемдегі алғашқы ғарыш айлағы — Байқоңырдың құрылғанына 55 жыл толды. Ал адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына алдағы жылы 50 жыл болады. Осындай мерейлі даталарға орай Ақтөбеде планетарийлердің шығармашылық қызметкерлерінің “Жұлдызды 50 жыл” атты халықаралық конференциясы болып өтті.
Конференция облыстық әкімдіктің қолдауымен және Ақтөбе облыстық планетарийінің Ресей планетарийлер ассоциациясымен бірлесе отырып ұйымдастыруымен өткізілді. Конференция жұмысына Ресейдің 11 қаласынан планетарий қызметкерлері КСРО-ның ұшқыш-ғарышкері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, Ресей планетарийлер ассоциациясының құрметті президенті Георгий Гречко, И.И. Неплюев атындағы Орынбор кадет корпусының оқытушысы, Ю.Гагариннің курстасы, полковник Анатолий Быков, Ресей планетарийлер ассоциациясы басқармасының төрайымы Зинаида Ситкова қатысты.
Мұндай маңызды халықаралық конференцияның Ақтөбеде өтуі тегін емес. Өйткені, Қазақстандағы жалғыз стационарлық планетарий осында жұмыс істейді. 2008 жылы ТМД елдері планетарийлерінің халықаралық конференциясында Ақтөбе облыстық планетарийі Еуразиялық қауымдастыққа кірді. Соңғы уақытта планетарий жұмысы балалардың астрономия мен ғарышқа қызығушылығын арттыру үшін жаңаша сипат алуда. Мұнда ғарышкерлік тақырыбына суреттер көрмесі, астрономиялық олимпиадалар мен конференциялар, поэзия кештері ұйымдастырылып тұрады. Ақтөбе облыстық планетарийін бүгінге дейін 1,5 млн. келушілер қызықтапты. Ақтөбе топырағынан КСРО-ның екі ұшқыш-ғарышкері – Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаев пен Ресей Батыры Юрий Лунчаковтың түлеп ұшқанын жерлестері орынды мақтаныш тұтады.
Конференция аясында ғарышкерлікке арналған көрме ұйымдастырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.