29 Қазан, 2010

Ұйым қонағы – Америка мемлекеттері ұйымының бас хатшысы

2060 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісіне қазақстандық төрағалықтың шақыруымен Америка мемлекеттері ұйымының бас хатшысы (АМҰ) Хосе Мигель Инсульса келіп, сөз сөйледі. Өзінің сөзінде ол екі өңірлік ұйым арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты нығайтудың маңызын атап көр­сетті. Бұл қадам ортақ мақсаттарға не­гізделген қауіпсіздік проблема­ла­ры­на қарсы іс-қимылдарды іздес­тіруде пайдалы болмақ. “Біздің ұйымдарымыз демо­кра­тияны дамыту мен заң үстемдігін қам­тамасыз ету, адам құқықтарын қор­ғауды ілгері жылжыту, сондай-ақ пікір бостандығы мен БАҚ еркіндігі мәселелері сияқты бір­қа­тар міндеттер бойынша ортақ көз­қа­расқа ие, – деді Х.Инсульса. – ЕҚЫҰ мен АМҰ негізгі мақсаты тұр­ғындарымыздың қауіпсіздігін қам­тамасыз етумен байланысты мә­селелердің кең ауқымын қарас­тырады”. Өзінің сөзінде Х.Инсульса екі ұйым өзара үнқатысу жасайтын және тәжірибе алмасатын, атап айт­қанда, терроризммен күрес, пікір бостандығын білдіру, сай­лау­ларды бақылау, сондай-ақ жан­жал­дардың алдын алу мен реттеу бойынша жақсы байланыста екенін қаперге салды. Аталған сала – ЕҚЫҰ мен АМҰ секілді өңірлік ұйымдар БҰҰ-ға ықпал етуде ше­шуші рөл атқаратын сала екендігін көлденең тарта келіп, бұл ұйым­дарды алмастыратын балама жоқ екенін атап көрсетті. АМҰ бас хатшысы ЕҚЫҰ Тұ­рақ­ты кеңесінің мәжілісінде Ұйым­ның тарихында тұңғыш рет сөз сөйледі. “Бұл біздердің өңіраралық ынтымақтастыққа мүдделі екен­ді­гі­мізді білдіреді”, – деді Х.Инсульса. “Біз тұрақты ынтымақтастығы­мыз­ды, оның ішінде ұйымдары­мыз­дың арасындағы терроризм, есірткі трафигі және ұйымдасқан қылмыс, сондай-ақ адам саудасы сияқты ортақ проблемаларға қа­тыс­ты байланыстарымызды нығайта түсуді жалғастыруға тиіспіз. Біз бұ­рынғысынша демократиялық сай­лау үдерістерінің тұтастығын нақты кепілдендіріп, сонымен қатар, сөз бостандығы мен біздің азаматта­ры­мыздың құқықтарын қорғауға тиіс­піз. Бұл қашанда және қай кезде де мүдделерін қорғауға ұмтылып отыр­ған демократиялық инсти­тут­тардың нығаюына оң ықпал ететін болады. Өйткені, аталған мәселелер негізі біз соншалықты қастер тұ­татын ортақ құндылықтарымызда жатыр”. Америка мемлекеттерінің ұйы­мы құрамына Солтүстік және Оң­түстік Американың 35 мемлекеті кіреді және әлемдегі аса байырғы өңірлік ұйым болып табылады. Оның тарихы 1890 жылғы Пан­аме­рикалық одақтан бастау алса, ол 1948 жылы АМҰ болып қайта құ­рылған болатын. Америка Құрама Штаттары мен Канада ЕҚЫҰ-мен қатар, АМҰ-ға да мүше мемле­кет­тер болып табылады. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше басқа көптеген елдер Аме­рика мемлекет­тері ұйымы жанын­дағы тұрақты байқаушылар мәр­тебесіне ие. Тұрақты кеңес ЕҚЫҰ-ның ше­шім қабылдайтын негізгі орган­да­ры­ның бірі болып табылады. Ол Аустрияның астанасы – Вена қа­ла­сында апта сайын шақырылып, онда ЕҚЫҰ жауапкершілігі айма­ғындағы оқиғалар талқыланады және олар бойынша тиісті шешім­дер қабылданады. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.