Айтмұхамбет Есімжанұлы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған екен. Аудандық оқу бөлімін басқарған, мектеп директоры болған. Бүгінде жасы сексеннен асқан зейнеткер ағамыз редакцияға екі өлеңін жолдапты. Көркемдігі кемеліне келмегеніне кешіріммен қарап, жүрегі ел деп соққан ардагердің өлеңдерін сәл ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
ҚАЗАҚ ҚАНДАЙ ЕЛ ДЕСЕҢ
“Не деген жайсаң ел еді!”
Әлемің дейді бас иіп.
Кеңесі – мәйек, келелі,
Айтқанын тыңдар дос ұйып.
Болмасқа солай қақы не,
Тегіміз текті – Көкбөрі.
Сабырлы, салқын ақыл ие,
Бекзатты халқым, бектерім.
“Не деген байтақ жер еді!”
Әлемің десе таңдана.
Сатпайды жатқа тек елі,
Ұраны Мөде – маң дала.
“Не деген жомарт!” десеңдер,
Біздерде талай Атымтай.
Сыйыңа сый келсеңдер,
Адамдық арға салтым сай.
Талантты десең, елжіре,
Дарынын берген Тәңірім.
Күйлері – тарих, шежіре,
Орындау Тәңір әмірін.
Иманды десең діні де,
Тыңдаған айдан Құранын.
Өрелі өрлеу ілгері
Көрсетер әлі ұланым.
Әуезді десең тілдері,
Тыңдағын сөзін Үш Бидің.
Жаныңа дауа, кіл дәрі,
Рухтанып содан күш жидым.
Кім десең енді қазағым,
Шындығы қазір аңыздай.
Таныды әлем ғажабын,
Білікті жас та, абыз да.
Фараби сынды ұлы бар,
Қалайша біздер ұсақпыз?!
Тұлғалар талай табылар,
Келеміз текті ұстап біз.
Шынықтық, көрмей үгіліп,
Тамырдан алып тереңдік.
Үмітке жүрдік жүгініп,
Сенімнің жолы – ерендік.
Қандай ел десең қазағым,
Ойы – мұхит, тілі – бал.
Көңілі дархан, базарлы.
Жан дүниесін біліп ал.
ӘЛЕМГЕ ТАҒЫЛЫМ
Шырын шындық қорғасындай төрттаған,
Халқы үшін замана заңын баптаған.
Кеуделерде ұлттық намыс шырақ боп,
Ұрпағының өн бойында сақтаған.
Оңнан, солдан жауларынан қаптаған
Елін, жерін ерлер қорғап, жатпаған.
Жанталасты жан беріскен шайқаста,
Оққа төтеп, опасыз боп сатпаған.
Ұл боп туып, азанды атын ақтаған,
Кезі де жоқ әдептен еш аттаған.
Мың өлсе де жөргегінен бұл қазақ
Жерге қызғыш, жат жеріне баспаған.
Болсадағы дәулет шалқып, таспаған,
Санасыздық, кеуде керу жат оған.
Ақтабанды шұбырынды кезде де,
Парасатпен үміт күтіп, саспаған.
Тәуелсіздік берді жалын, от маған.
Енді тоқтау, шегінулер жоқ маған
Келер күнге нық сеніммен қараймын,
Елбасыммен бірге болып, топтанам.
Айтмұхамбет ЕСІМЖАНҰЛЫ.
Алматы облысы.