30 Қазан, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

363 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Депутат дауысы

СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі. Алайда, соңғы жылдары суармалы жерлердің құнар­лы­лығы мен өнімділігі төмендеп, мыңдаған гектар жер айналым­нан шығып, халық тығыз орналасқан өңірлердің жағдайы ауырлай түсуде. Жер ресурс­та­рын басқару агенттігінің ақ­па­ратына қарағанда, бүгінгі таңда елімізде 1991 жылмен салыс­тырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға азай­ған, одан басқа 575 мың гектар суармалы егістік жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Жекешелендіру барысында ша­руа­шылықтар ұсақталып, оларда қар­жы, техника жетіспеу салдары­нан су және кәріз жүйелері уақты­лы та­за­ланбай ұйық басып, су тарту қабі­летінен айырылып, жер асты су­ла­ры­ның көтерілуіне, жердің сор­ла­нуы­на, батпақтануына әкелу­де. Суар­малы жерлерге ағымдағы және күр­делі тегістеу жұмыстары да көп­тен бері жүргізілмеуде. Бұл су пайда­лануда ысырапкершілікке жол беруде. Үкімет тарапынан суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған қолдау мен инвестиция тартуды ынталандыру шаралары өз дәрежесінде емес. Осы­ның салдарынан пайдаланы­лып жатқан суармалы жерлер тұз­данып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде. 90-шы жылдары еліміздегі суар­малы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнім­дерінің 30 пайызын өндірген болса, бүгінде ол екі есеге жуық төмендеп кеткен. Ауыл шаруашылығының “алтын қоры” болып есептелетін суармалы жерлер ел игілігіне тиім­ді, жоғары қайтарыммен жұмыс іс­теуі үшін, оларды мемлекет тара­пы­нан күшті қолдау керек. Бірінші кезекте, қолданыстағы 1,3 млн. га суар­малы жерлердің құнарлылығы мен өнім­ді­лігін көтеру үшін олар­­дың ме­лио­ра­тивтік жағ­дай­ын жақ­сартуға қо­мақты суб­си­дия бө­лу керек деп есеп­тейміз. Се­бе­бі, суар­ма­лы жер­лер тә­лі­мі жерлермен салыстырған­да гектарына 2-3 есе артық қосым­ша мелиоративтік жұмыстар (жерді күрделі және ағымдағы тегістеу; каналдар мен кәріздік жүйелерді тазалау, тік дренаж ұңғымаларын жөн­деу, электр желілерін пайда­ла­ну, сор шаю, т.б.) атқаруды қажет етеді. Бұл үшін қаражат керек, ал аз ғана жеріне тұқым мен жанар май алуға, техника жалдауға қаржы таппай отырған шаруалардың жо­ға­рыда аталған мелиоративтік ша­ра­ларды атқаруға шамалары келмейді. Елімізде ағын сулардың тап­шы­лығына байланысты ауыл шаруа­шы­лығы өндірісіне үнемдеп суару технологиясын ендіру (тамшы­ла­тып, жаңбырлатып суару) өте өзекті болып отыр. Бұл тәсіл суды 2-3 есе үнемдейді, минералды тыңайтқыш­тар­ды пайдалану 2 есеге азайып, өнімділік 3-4 есеге өседі, еңбек өнімділігі артады. Парламент Сенатының Аграр­лық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде үсті­міздегі жылдың мамыр айында “Қа­зақстанда суармалы егін шаруа­шылығы мәселелері жөніндегі заң­наманы жетілдіру және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жол­да­ры” тақырыбына арналған дөң­ге­лек үстел өткізіліп, оның қоры­тын­дысы бойынша ұсыныстар Үкі­мет­ке жолданған болатын. Бүгінгі таңда бұл ұсыныстарға жан-жақты талдау жасалып, суб­сидия берудің тетіктері қарасты­рыл­ды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің есебі бойынша, елі­міз­дегі суармалы жерлердің мелиора­тив­тік жағдайын жақсартуға ба­ғытталған шараларға жыл сайын қажетті 9 миллиард теңге субсидия бө­лінсе, ол суармалы жерлердің гектар өнімділігін 20-25%-ға артты­ру­ға ықпал етеді. Нә­ти­жесінде рес­пуб­лика бойын­ша суар­малы жер­лер­ден қосымша 100-120 млрд. теңге ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдері өнді­рі­леді, яғни мемлекет тарапынан бөлін­ген 1 теңге субсидия 12 теңге болып қайтарылады. Сондықтан, біз суармалы жер­лерді, су ресурстарын тиімді пай­далануға барынша басымдық бе­руі­міз керек. Оны биылғы еліміздегі болған құрғақшылық та дәлелдеп отыр. Егер де барлық облыстарда суармалы жерлер толық, тиімді пайдаланылғанда, құрғақшы­лық­тың әсері де аздау болған болар еді. Суармалы жерлер жыл сайын ке­пілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының “ал­тын қоры” ғана емес, ол сол өңірлерде тұратын халықтың өмір тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағ­дыры. Суармалы жерлердің жағ­дайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының жағдайы жақсарады. Жоғарыда айтылғандарды ес­кере келе: - суармалы жерлердің құнар­лы­лығы мен өнімділігін арттыру үшін олардың мелиоративтік жағ­дайын жақсартуға (каналдар мен кәріздік жүйелерді тазалау, жерді күрделі және ағымдағы тегістеуден өткізу, жерді тереңдетіп қопсыту, сор шаю, т.б. іс-шаралар үшін) 2011 жылғы республикалық бюд­жеттен 9 млрд. теңге; - ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілеріне су үнемдеу техно­ло­гияларын (тамшылатып, жаңбырла­тып суару) сатып алу үшін алған не­сиелерінің пайыздық ставкала­рын жеңілдетуге – 1,2 млрд. теңге; - барлығы, суармалы жерлерді пай­даланудың тиімділігін арттыру үшін 2011 жылы республикалық бюд­жеттен 10,2 млрд. теңге қаржы қажет. Ел Үкіметі осы айтылғандарды қаперге ала отырып, оң шешім қа­был­дайды ғой деп үміттенемін. Өйт­кені, бұл еліміз үшін, тұрғындары­мыз­дың біраз бөлігі үшін үлкен әлеу­меттік те мәселе болып табылады. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты. _____________________________________ Талқылау тағылымы БЮДЖЕТТІҢ КІРІСІ ДЕ, ШЫҒЫСЫ ДА ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ Сәрсенбі күнгі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы мақұлданды. Сонымен қатар, осы күні талқыға түскен “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы”, “Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы” заң жобалары да мақұлданды. Осы үш заң жобасы бойынша Экономика­лық даму және сауда министрінің орынбасары Қуан­дық Бишімбаев баяндама жасады. Және де жұмыс тобының жетекшісі ретінде Мәжі­ліс­тің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Төле­бек Қос­мам­бетов қосымша түсінік берді. Қар­жыға қа­тыс­ты заң жобасы жөнінде Қаржы министрі Болат Жә­мішев және Ұлттық банк төр­ағасының орын­басары Бисенғали Тәжи­я­қов баяндама жасады. Айта кету керек, үш жылдық бюджет жоба­сы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес, 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Респуб­ли­ка­сының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік өлшемдерінің болжамы және Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауының негізінде әзірленген. Макроэкономикалық даму болжамы әлем­дік экономиканың болжамды үрдістерін, әлем­дік тауар рыноктарындағы ахуалды, сондай-ақ 2010 жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстан экономикасы салаларының даму үр­дістерін ескере отырып қалып­тастырылған. 2011 жылға арналған бюджет кі­рістері 4 трлн. 49 млрд. теңге көлемінде бо­лып отыр. Бұдан 2010 жылғы нақтыланған бюд­жет оның жоспарымен салыстырғанда 15 пайызға немесе 531 млрд. теңгеге арта түскенін көреміз. 2012 жылы бюджет кірістері 4 трлн. 373 млрд. теңгені, 2013 жылы 4 трлн. 779 млрд. теңгені құрайтыны көзделуде. Ал 2011 жылғы бюджет шығыстары 4 трлн. 651 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. Бұл үстіміздегі жылғы нақтыланған бюджет жос­парына қарағанда 330 млрд. теңгеге немесе 7,6 пайызға көп. 2012 жылы мемлекет қаржысы­ның шығысы 4 трлн. 955 млрд. теңгені, 2013 жылы 5 трлн. 161 млрд. теңгені құрайды. Бюджет қаржысына қатысты талқылаудан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов депутаттардың заң шығарушылық қызметіне алғысын білдіріп, парламентшілердің айтқан пікірі Үкіметтің алдағы қызметінде назарға алынатынын мәлім етті. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. ____________________________

Жаңа жоба жайында

ТАНЫСТЫРЫЛЫМДАР БОЛЫП ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігінде “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы”, “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” Қазақстан Республикасының заңдарына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы” деп аталатын заң жобаларының таныстырылымы өтті. Заң жобалары бойынша Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов баян­дама жасады. Оның мәлімдеуінше, мұнай өнімдері туралы заң жобасы қабылданған жағдайда, уәкілетті органдардың функцияларының ара жігін ажырату мұнай өнімдерін өндіруге және оның айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мем­лекеттік басқару жүйесін тәр­тіпке келтіруге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдері туралы заң жо­ба­сы­ның ережелерін іске асыру мақ­са­тында заң жобасымен “Табиғи мо­нополиялар және реттелетін на­рық­тар туралы” Заңға түзетулер енгізіледі. Заң жобасы қабылданған жағ­дай­да мынадай оң құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар болжанады: – маңызды әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ ел экономикасына елеулі ықпал жасайтын өнімге, тауарларға және қызметтерге бағаны мемлекеттік реттеу тиімділігі артады; – елдің экономикалық қауіп­сіз­дігі жақсарады; – мемлекет атынан уәкілетті мем­лекеттік органдар қоғамда әлеу­меттік шиеленістің туындауына жол бермей, маңызды әлеуметтік мәні бар өнімдердің, тауарлардың және қызметтердің нарығын реттеуге мүмкіндік алады. Мұнай өнімдері туралы заң жо­ба­сының ережелерін іске асыру мақсатында “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” Заңға түзетулер енгізіледі. Министрліктің жауапты хат­шысы баяндамасынан кейін депу­тат­тар В.Нехорошев, Ж.Дүйсебаев, Р.Халмұрадов, А. Соловьева, Е.Кап­пель, З. Алшымбаевтың қойған сұрақтарына жауап берді. Заң жобасының таныстыры­лы­мы­на бірқатар министрліктердің өкілдері мен табиғи монопо­лия­лар­ды реттеп отыратын компания­лар­дың басшылары қатысты. Аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобына депутат Ержан Рах­ме­тов жетекшілік етеді, деп хабар­лады Мәжілістің баспасөз қызметі. __________________________________

Іскерлік іссапарлары

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ АКАДЕМИЯСЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

Бұрнағы күні Қаржы полициясы академиясы қабырғасында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров пен Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова осындағы профес­сор­лық-оқытушылар құрамымен және тыңдаушылармен кездесті. Депутат В.Бобров Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заңнамалық қызмет жөнінде мысал келтіре отырып, нақты заң актілері жобаларын дайындау туралы түсіндірме берді. Сонымен қатар, бұл жұмыста қозғалыста тұрған мемлекеттің заңдар негізін тұрақтандыру үшін заң жобаларын қабылдауда ведомствоаралық келісім жасау керек екеніне тоқталып кетті. Парламент Мәжілісі Заң және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы С.Бычкова комитеттің қызметі, құрылымы, жұмыс бағытының мақсаттары мен міндеттері туралы айта келіп, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Қаржы полициясы академиясының басшысы, з.ғ.д., профессор, қаржы полициясының полковнигі М.Башимов бастаған профессорлық-оқытушылар құрамын заң жобаларын қарау жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілдері Қаржы полициясы академиясының шақыруына, тыңдаушылардың оқу және тұрмыс жағдайымен танысқандарына, қаржы полициясы және кеден органдарының болашақ қызметкерлерімен мемлекеттің заң шығармашылық қызметі туралы, сондай-ақ өміріміздің барлық саласына қатысты мәселелер бойынша пікір алысқанына ризашылық сезімдерін білдірді. Кездесу соңында В.Бобров академия офицерлері мен тыңдаушыларын заң шығармашылық қызмет саласымен толығырақ танысу үшін Парламентке шақырды. ___________________________________________________

Өнеге

АНА ТІЛІМІЗДІ АРДАҚ ТҰТҚАН

Мемлекеттік органдардағы құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жеткілікті екені даусыз. Әйткенмен, бұл маңызды мәселе таяуда ғана басталған жоқ. Сонау өткен ғасырдың ортасында республикамыздың орталық мемлекеттік органдарында да құжаттарды қазақ тілінде жүргізуде, одақтық заңдарды қазақшаға аударуда, республиканың Негізгі Заңынан бастап басқа да заңнамалық актілердің, маңызды құжаттардың қазақша нұсқаларын жасауда қарқынды қадамдар жасалды. Республика Жоғарғы Кеңесі­нің Төралқасында да осы мәселе бойынша бірқатар маңызды ша­руалар атқарылды. Ондағы аудармашылар жұмысына бүгін­де 80 жасқа толып отырған рес­публикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Баймырза Дәурен­бе­ков жетекшілік етті. Баймырза Дәуренбеков Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Сама­тай Кәрібаев, Кекілбай Нүсіп­беков және Молдабек Шолпан­баевпен Жалаңаштағы орта мектепті бірге бітірді. Мектепте қатар оқыған алты жігіт жур­налист болуды армандады. Олар 1947 жылы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне оқуға бірге түсті. Кейіннен Ұзақ Бағаев пен Сапар Байжанов әр кезде “Социа­листік Қазақстан” газетінің редак­тор­лары болды, Баймырза Дәурен­беков пен Саматай Кәрібаев та осы газетте еңбек етті, Кекілбай Нүсіпбеков пен Молдабек Шол­панбаев респуб­ликалық радиода қызмет ат­қарды. Ол кезде журналист маман­дарын жұмысқа орналастыруды партияның өзі қадағалады. Жур­налистер – партияның үгіт-на­сихат жұмыстарын жүзеге асы­руда идеологиялық жауынгерлер ретінде құрметті мамандық ие­лері атанды. Сондықтан да оқу орнын ойдағыдай бітірген Бай­мырза Дәуренбековтің Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен “Социалистік Қазақстан” газе­тіне қызметке орналасуы сол кез­дегі жағдаймен қарағанда орнымен болған іс еді. Баймырза Дәуренбеков га­зеттің күнделікті қарбалас жұмыстарына аянбай атса­лы­сып, редакциясының көрігінде шыңдалды, ел өмірі мен эконо­микасы туралы мақалалар жаз­ды. Әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болды. Қаламгерлік қабілетін ұштай түскен оның қаламынан өмір ақиқатына негізделген, нақты шындыққа құрылған шынайы шығармалар туды. 1966 жылы Баймырза Дәу­рен­беков Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына жауапты қызметке шақырылды. Ортақ Отанымызда қабылданған заң­дар мен басқа да мемлекеттік құжаттардың қазақ тіліне білікті аударылуына қомақты үлес қосты. Қазақ тілінің жалпы қо­ғамдық өмірдегі орны төмендеу болғанымен, мемлекеттік орган­дардағы, оның ішінде респуб­лика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасындағы іс жүргізу ісінде аса мұқият қолданылатын. Заң­дар, маңызды мемлекеттік құ­жаттар, нормативтік актілер қа­зақша дәл әрі біліктілікпен аударылатын. Сырт көзге көрін­бейтін, бірақ аса жауапты осы істің басы-қасында Баймырза Дәуренбеков жүретін. Жоғарғы Кеңес Төралқа­сында 25 жыл бойы аянбай еңбек етті. Оның ішінде 14 жыл бөлім меңгерушісі болды. Ерен еңбегіне сай Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесінің Құрмет грамо­таларымен, Кеңес Одағының, Қазақстан Республикасының бірнеше медальдарымен мара­пат­талды, “Қазақ КСР-інің ең­бек сіңірген мәдениет қызмет­кері” атағына ие болды. Бойға біткен іскерлігінің, жоғары жауапкершілікпен атқарған жұ­мыстарының нәтижесінде әрқа­шан құрметке бөленді. Қай қызметте болса да қа­рапайымдылықтан айнымай, еліміз бен келешек ұрпақ үшін аса маңызды істерді атқарған Баймырза Дәуренбековтің кісі­лік тұнған келбеті, биік тұлғасы жас ұрпаққа үлкен өнеге. Серік ҚАРАЖАН, журналист. ____________________________

Сізді не толғандырады?

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ МӘДЕНИ МЕКЕМЕЛЕР КЕРЕК

Алматы облысы ауыл­дары­ның және аудан орталық­тары­ның сайлаушыларымен кездесуі­міз барысында тұрғындар және ел ағалары көптеген мәселелер көтерді. Мысалы, 25 мыңға жуық халқы бар Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шонжы кентінде бүгінгі күнге дейін аудан­дық кітапхана ғимараты жоқ. Қазіргі кітапхана бұрынғы №32 ба­лабақша ғимаратында орна­лас­қан, бұл ғимарат тек 3 бөлмеден тұрады және қыста жылытыл­май­тындықтан, кітап қорының бүлі­нуі­не әкеліп соқ­тыруда. Қазіргі кезде аудандық кітапхана ғима­ратын салу үшін 33, 891 млн. теңге сомаға смета жобасының құжаттамасы жаса­лып, дайын тұр. Екіншіден, Алматы облысы Талғар ауданының Колхозшы ауылында жаңа туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі 291 бала бар, оның ішінде мектеп жасын­да­ғы­лары – 164. Ауыл 40-жыл­дары Алматы қаласының жанын­да құрылған, алайда осы уақытқа дейін мектебі жоқ. Балалар ауа райы­ның қолайсыз жағдай­лары­на қарамастан, Алматы қаласы­ның №44, 89 және 115-мектеп­теріне өздері жетуге мәжбүр. Жер­гілікті билік қажетті қара­жаттың жоқ­ты­ғына байланысты оқушыларды Алматы қаласына жеткізуді және алып келуді қам­тамасыз ете алмай отыр. Сон­дықтан 180 орынға лайық­тап, бірыңғай шағын қазақ мектебін салу қажет. Тағы бір мәселе – Алматы облысының Панфилов ауда­нын­дағы Үлкеншыған ауылында 4707 адам тұрады. Бұл ауылда 1971 жылы саманнан салынған мәде­ниет үйі 2007 жылы қалпына кел­мей­тіндей өртенген. Соның сал­дарынан ауыл тұрғын­­дары­ның демалу орындары жоқ және бар­лық шығармашылық ұжым жергілікті мектептің акт залында дайындалуға мәжбүр. Жоғарыда көрсетілген ме­ке­мелердің әлеуметтік маңызды­лы­ғын ескере отырып, аталған нысандарды салу үшін 2011-2013 жылдарға арналған бюджеттен қаражат қарастырылуы қажет деп санаймын. Мұрат АХМАДИЕВ, Мәжіліс депутаты. ____________________________________

Депутат дабылы

ДІНИ КӨЗҚАРАСТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

Шымкентте балаларына полиомелитке қарсы екпені енгізуден бас тартқан ата-аналардың саны 160-қа жеткен

Себебі, Қазақстан Респуб­ликасы Конститутциясының 27-бабына сәйкес ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында бола­­ды. Мемлекет өз міндетін ойдағы­дай атқарып жатқанымен, қоғамда орын алып отырған кейбір жағдай­лар алаңдаушылық туғызу­да. Мәсе­лен, үстіміздегі жылдың 6-10 қыр­­күйегі аралығында елімізде полио­мелитке қарсы екпе жұмыстары жүргізілді. Алайда, қоғамда бұл шараға қатысты теріс пікірдегі көзқарастар айқын көрін­­ді. Қазіргі таңда діни көзқарас­тарына байла­ныс­ты Шымкентте балаларына полио­мелитке қарсы екпені енгізу­ден бас тартқан ата-аналардың саны 160-қа жеткен. Бұл – тек бір облыстағы жағдай. Дәрігерлер осындай көрсеткіштің жыл санап өсіп келе жатқанын алға тартып отыр. Ал бұл екпені балаларымыз 6 жасқа дейін ғана ала алады. Се­бебі, полиомелит өте ауыр вирус болып табылады. Оны қабыл­дама­ған адам ертең мүгедек немесе кем­тар болуы ықтимал. Өткен жыл­дардағы Тәжікстанда орын алған жағдай осының дәлелі. Баланы бала деп сана­ғанымен, Ата Заңымыздың 12-бабына сәйкес, адам құқықтары мен бостан­­дық­тары әркімге ие, олар абсолютті деп танылады, олар­дан ешкім айыра алмайды. Ал бала­лары­на қам­қорлық жа­сау және оларды тәр­биелеу ата-ана­ның етене құ­қығы әрі міндеті. Соны­мен қатар, Қазақ­стан Рес­публика­сының “Неке және отбасы туралы” Заңы­ның 62-бабына сәйкес, ата-ана­лары өз бала­ларының денсаулы­ғына қам­қор­лық жасауға міндетті. Сондай-ақ Қазақстан Рес­публи­ка­сының “Ха­лық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы” Заңы­ның 87-бабына сәйкес, мем­ле­кет Қазақстан Республика­сы­ның аза­мат­тарына денсаулық сақтау құқы­ғына кепілдік береді. Ал “Қазақстан Республика­сының азамат­тығы туралы” Заңның 10-бабына сәйкес, Қазақстан Респуб­ли­­­­касының аза­мат­тығы туу бо­йынша алынады. Яғни, мемлекет әрбір туған баланың денсаулық сақ­тау құқығына кепілдік береді деген сөз. Ал біз осы берілген кепілдікті неге қамтамасыз ете алмай отыры­мыз? Қазақстан Республикасы “Діни сенім бостандығы және діни бір­­лес­тіктер туралы” Заңының 3-бабы­на сәй­­кес, ешкімнің де өз діни сенім­де­рін себеп етіп азаматтық міндет­те­рін атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Ал бізде қалай? Бізде кеше діни сенімін себеп етіп әскери боры­шын өтеуден, орта білім алудан бас тарту жағдайлары орын алды. Бүгін соны сылтау етіп, мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясатын жүзеге асыруға кедергі келтіруде. Ал ертең не болмақ? “Ел бола­мын десең, бесігіңді түзе”, деген. Сондық­тан біз заңмен белгіленген өз міндет­терімізді дұрыс атқара отырып, құқы­ғы бұзылған әрбір баланы қорғап, құқықтарын қалпына келтіруіміз керек. Ол үшін, біріншіден, қорған­­шы, қамқоршы органдарға денсау­лық сақтау құқығы бұзылған бала­лардың құқығын қорғауға байла­нысты шараларды жүзеге асыруды тапсыру қажет. “Неке және отбасы туралы” Заңның 59-бабына сәй­кес, қорғаншы және қамқоршы орган­­дар балалардың заңды мүд­делерін қорғаудағы уәкілетті ор­ган­дар бо­лып табылады. Екінші­ден, баланың құқық­тарын қамта­масыз етпеген және бұзған ата-аналарды тиісінше жауапқа тарту мәселесін шешу керек. Үшіншіден, “Діни сенім бос­тандығы және діни бір­лестіктер ту­ра­лы” Заңды жетіл­діруі­міз керек. Се­бебі, заңның осал­дығынан елі­міз­де әр түрлі сек­танттар әлі де болсын тайраңдап жүр. Діни танымды алға тартып, елі­міздегі заңды аяққа таптау зайыр­лы, демократиялы қоғамның үрді­сіне жатпайды, заңның алдында қоғамның барлық азаматы тең. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.