30 Қазан, 2010

Жастарға жағдай жасалса жақсы

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана қалалық ішкі істер депар­таментінде полиция қызметін бақы­лау жөніндегі қоғамдық ке­ңестің ке­зекті отырысы өтті. Олар “Кәмелет жасына толмағандар ара­сын­дағы бақылаусыздық пен қыл­мыс және құқық бұзушылықтың ал­дын алудағы учаскелік инспек­торлар қызметін ұйымдастыру” ту­ралы мә­се­лені тал­қылап, қайт­кенде жас­өспірімдердің құқық бұ­зу­шылығына түбегейлі тос­қауыл қою­ға бола­тын­ды­ғы жай­ында өз пі­кір­лерін ортаға салды. Отырысты ашқан Астана қа­лалық ішкі істер департаментінің бас­­тығы генерал-майор Марат Де­меуов, қоз­ға­лып отырған мәселе­нің өте күрделі екендігін, өйткені ба­ла тәрбиесіне қашанда аса маңыз бе­рілетіндігін, олар ел болашағы ек­ен­­­дігін айтып өтті. Сон­дықтан жа­сөспірімдердің тәртібін қа­даға­лауға құқық қорғаушылар тарапы­нан аса мән беріледі. Соның бірі қа­ла­­дағы әр мектепке мектеп инспекторлары бекітілген. Ал елорда ау­ма­ғында 68 жалпы жа­лып білім беретін мек­­тепте 70 мыңнан аса жасөспірім бі­лім ала­ды. Оқу орын­да­ры мен ішкі істер органдарының қолын­да оқу­шы­лардың арасындағы құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған бірік­кен бұй­рық бар. Осыған байла­ныс­ты поли­ция қызметкерлері кә­мелетке толма­ған­дар арасында және оларға қатысты қылмыс пен құқық бұ­зушылықтың орын алмауы үшін белгілі бір деңгейде жұ­мыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, көңілге кірбің түсі­ретін жәйттер де жоқ емес. Мә­се­лен, қабылданған шараларға қа­ра­мас­тан кәмелетке толма­ған­дар ара­сында қылмыс саны өсіп отыр. Үс­ті­міздегі жылдың тоғыз ай­ында 81 қыл­мыс тіркелген. Кө­біне бө­теннің мүл­кін ұрлау етек алған. Осы қыл­мыстардың 80 пай­ызын жа­сайтын бас­қа қала­лар­дан кө­шіп кел­ген аз қам­тамасыз етіл­ген, на­шар, толық емес от­ба­сы­лардың ба­ла­лары кө­рі­неді. Мұн­дай кәме­летке тол­мағандар үш­ін мәдени-көпшілік және де­малыс шарала­рының ұйым­дас­тырылмауы кө­біне құқық бұ­зу­шы­лыққа алып барады. Мәселен, қа­ла бойынша бар бол­ғаны алты спорт кешені бар, бірақ оларға ба­­ру­ға жасөс­пі­рім­­дердің көбінің қал­­­та­сы көтер­мей­ді. Сон­дықтан да қа­зір есепте 543 кәме­летке тол­ма­ған құ­қық бұзушы тұр. Демек, Астанамызда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты шектеу үшін бірқатар маңызды мә­селелерді шешу қажет. Соған орай балалардың спорт үйір­мелеріне тегін баруын қамтамасыз ету, жас­тар­ды адамгершілік құн­дылықтарға, па­триоттық, ұлттық бағытта тәр­бие­­леу­де қоғамдық, арда­герлер және әс­кери-патриоттық ұйымдар­д­ың ат са­лысуын көздейтін кешенді шара­лар дайындау керек. Александр ТАСБОЛАТОВ.