Өңірдегі жастар фестивалінің қорытынды жиыны осылай аталып, баршаның елжандылығын айшықтады
Аты – алаш, сүйегі – ағаш, шаңырағы биік, киіз-туырлықты халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтап жеткізген өнегелі сөзі – еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол деген қарапайым болса да, мағынасы терең баталы сөзімен өрілгендігі. Тәрбиенің сол бағыты бүгінгі жаһандануға беттеген тұста өзгеше реңкімен ерекшеленіп, Елбасының “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы мен жыл сайынғы Жолдауларына байланысты тапсырмаларды оларға жеткізу мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге арналған фестивальдердің аудан, қалаларда жан-жақты қолдауға ұласқанын айтуға болады. Бағалы бастаманың қорытынды мерейі Талдықорған қаласындағы “Жетісу” стадионында жалғасып, өңірдегі 35 мыңға жуық жастар өкілдерінің қатысуымен ерекше әсерде өткізілді.
Қоғамның қозғаушы күші – жастарды туған елі мен жерін сүюге, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, еліміздің рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатындағы рухты көтеретін жалынды шақырулар алаңның әр тұсында орналастырылса, көк туымыз биікте желбіреді. Осы сұлулық жүректері жалындаған жастардың қуанышты сәтімен өріліп, алға қойған мақсат айқындала түсті. Сондай-ақ VІP мінбер форумның эмблемасымен көмкерілсе, сол және оң қанатта “Қазақстанның әлемдік абыройы – ЕҚЫҰ”, “Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің айбыны”, “Елбасының саясатын қолдаймыз”, “Біз әрдайым біргеміз”, тағы басқа ұрандар әр жастың көңіліне ұялап, шуақ шашты.
Екі жылдан бері ұйымдастырылған форумды өткізудің жаңа үрдісі қалыптасқан. Облыстық ішкі саясат басқармасы биыл аудан, қалаларда 18 жастар фестивалін өткізсе, ондағы айтылғандар 365 мыңнан астам жас буынның жүрегіне жол тапты деуге болады.
Мәдени шара мыңдаған адамның еліміздің Әнұранын шырқауымен, аудан, қалалардан келген жастардың салтанатты шеруімен өрнектелді. Форумға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, жастар тәрбиесі мен келешегінің маңызды екендігін тағы бір дәлелдеді.
Ашық алаңға үкілі домбыралы 300 күйші шығып, “Балбырауын” күйін балқытса, 3 мың жас “Қаражорғаны” мың бұралып биледі. Жастар сап түзеп, достықтың, бірліктің үлгісімен арнайы көркі көз тартатын автокөліктер бастаған топта әндетіп, ұрандатып бүгінгі бейбіт өмірді паш етіп өтті. Шеруді биыл апаттан жандары жараланған Ақсу ауданының жастары бастаса, Талдықорған қаласының студенттері мен өскелең ұрпағы жалғастырды. Көпшілікпен қатар, айтулы жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Азаматтық альянс, тіпті осы өңірдегі дәстүрлі дін өкілдеріне дейін бас қосып, жарасым тапты. Бұл бүгінгі ашықтықтың, төзімділік пен бірліктің айғағы. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының әртістері театрландырылған қойылым арқылы “Жеті жарғыны” қабылдау тарихы мен оның Ата Заңға дейінгі кезеңді, батырлар қолындағы егеулі найзаны көкке көтерілген Көкбайраққа, жаудан қорғаған қалқанның Елтаңбаға айналғаны жұрт назарына ұтымды ұсынылды.
Фестиваль шымылдығын облыс әкімі Серік Үмбетов ашты. Әрдайым жас ұрпаққа айтар ұтымды ойын тәлімді өмірлік тәжірибесімен ұштастыратын басшы биылғы форумның қорытындылауымен құттықтады. Жастар аға ұрпақтың өнегелі ісін алға апаратын қоғамдағы үлкен күш екенін білесіңдер. Облыс тұрғындары арасында жастар қатары 633917 санын құрайды. Биыл өңірдегі жастар саясатына бюджеттен 66 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Әлеуметтік маңызды бағдарламаларға 15 млн. теңге қарастырылса, үш жылдан бері жастар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Биыл осы мақсатқа 138,8 млн.теңге, әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасылары мен жетім балалар арасында жоғары білім алғысы келген 349 жас облыс әкімінің грантымен таңдаған оқу орындарында білім алуда. Жоғары оқу орындарын бітірген 1822 жас маман биыл облыстағы мекеме, ұйымдарда “жастар тәжірибесінен” өтті.
Жетісу жерінде жанамын деген жүрекке от беріліп, боламын деген дарындылардың жолын, бағын ашуға бар мүмкіндік бар. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты жастарды елжандылық, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеуді, өз шаңырағынан бастап, адами қасиеттерді қалыптастыруды, саламатты өмір салтын, кісілік пен кішіліктің бар белгісіне қол жеткізуді алға қояды. Бұл мақсаттың орындалғанына өңірлерден халықтың мыңдап жиналғаны, әр жастың жүзіндегі қуаныш сезім дәлел болғандай.
Бұған дейін Райымбек ауданында өткен фестивальге жоғары баға берген Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай бұл жолы да Жетісу жеріндегі жастар саясатындағы оң бастамаларға тоқталды. Осындай ұтымды шара өзге облыстарға да үлгі болса игі еді, деген ойын айта келе, мазмұны мен өткізілуі өзгеше мерекеге ұйытқы болғандарға алғысын білдірді.
Қазақтың Көкбайрағын көкке көтерген, ауыр атлетикадан алтын медальдар алуға айтулы үлес қосқан жетісулық штангашыларға сый-құрмет көрсетілді. Түркияда өткен дүниежүзілік додада әлем чемпионы атанған Майя Манеза мен Светлана Подобедоваға 2 миллион теңгеден, Владимир Седов пен Зүлфия Чиншанло және олардың жаттықтырушыларына, грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың бапкері Азамат Көкебаевқа қомақты ақшалай сыйлықтар берілді.
Өңірдегі жастар фестиваліне белсене атсалысқан аудан мен қалалардағы ішкі саясат басқармалары да сыйлықтармен марапатталды. “Елім менің, жерім менің – Қазақстан!” фестивалінің қорытындысында Талдықорған қаласы бірінші, қарасайлықтар екінші, еңбекшіқазақтықтар үшінші орындардан көрініп, “ГАЗель” шағын автобусы мен “Нива” автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде тапсырылды.
Фестиваль аяқталған сәтте аспанда қалықтаған тікұшақтан құттықтау парақтары жауса, аспанға атылған қызылды-жасылды шашулар жұрт көңілін асқақтата, тасыта түсті. Бұл тәуелсіз еліміздің сындарлы саясатын, келешекке деген баянды бағдары мен өмірімізге лайықты өрендер тәрбиелеудің жарқын көрінісі екенін дәлелдеген шара болды. Сөйтіп, жетісулықтар алдағы күндеріне нық қадам жасады деуіміз керек.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
----------------------------
Суретте: жастар форумынан көрініс.