30 Қазан, 2010

Жайықтан ескен бір самал

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше “Конгресс-Холл” сарайында Батыс Қазақстан облысы өнер шеберлерінің “Туған жер – алтын бесігім” атты концерттік кеші өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: “ХХІ ғасыр – мәдениет, ғылым мен ақ­ыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ”, деген сөзді тегін айтпаса керек. Президентіміздің бұл сөзінің мәнін терең ұғынып, түсінген өнер ше­берлері өз деңгейінде еңбек етіп ке­леді. Мәселен, ел аузында бұл өңір ән мен күйге бай өлке деген еж­елден қалыптасқан пікір бар. Сол ойдың жаңылыс айтылмаған­ды­ғы­на кешегі концертке келген елорда жұртшылығы толық көз жеткіз­ген­дей болды. Құрманғазы, Дәу­лет­керей сынды күй жампоздары мен атақты Ғарифолла Құрманғалиев, бүгінгі ән серкесі Ескендір Х­а­сан­ғалиев пен атақты ақын Қадыр Мырзалиев сияқты әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің туған жері – осынау Батыс Қазақстан екендігі бүгінгі ұрпақ есіне тағы бір рет салынды. Кеш шымылдығы Құрманғаз­ы­ның атақты “Сарыарқасымен” аш­ылды. Оны Оралдағы Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркес­трінің ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовтың дирижерлігімен өте әсерлі орындап шықты. Содан кейін мемлекеттік “Дарын” Жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрым­бетовтің дирижерлігіндегі көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің “Махамбет поэмасы” жиналған көпшілікті дүр сілкіндірді. Кештің ең қызықты да қызу сәті халқы­мыз­дың дәстүрлі өнері, жоғалып барып қайта табылған “Қаражорға” биімен шырқау көкке көтерілді. Бидің әуеніне қойылған хорео­графиялық композицияны Оралхан Ерғалиев, бимен көркем­­де­ген “Назерке” ансамблі, туын­ды­ны сахнаға әзірлеген балет­мейс­тер­лер Мирзада Сүндетқалиев пен Ақ­марал Тасболатовалардың еңбегі сахна төріндегі ғажап қимылдардан анық байқалды. Өнер шеберлерінің жан тебірен­тер кеші туралы Батыс Қазақстан об­лысы әкімінің бірінші орын­ба­сары Нұрлан Асқарұлы бізге: “Бү­гінгі өнер кешін облысымыз­дың шы­ғармашылық жылдық есебі деу­ге болады. Батыс Қазақстан өңірі биылғы жылы әлеуметтік-қоғамдық және мәдени салаларда жақсы көр­сеткіштерге көтерілді. Елордадағы мы­на концертке облыс тарапынан 200-ге жуық өнер иелері келіп отыр”, – деді ағынан жарылып. Ол осылай десе, облыстық филармо­ния­ның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омарғали Мақсұт: “Осы жылы облыс орта­лы­ғында 12 ауданның жылдық есебі болған болса, Астанадағы бүгінгі шараны сол есептің қорытындысы дегіміз келеді. Елордада екі концерт өт­кізбекпіз. Оның алғашқысы бү­гін­гі кеш болса, екіншісі биыл Дәу­леткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 15 жыл толуына орай, Қазақ ұлттық өнер университетінде өтетін ертеңгі шара”, – деді. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.