Кешегі кеңес заманында Семей қаласындағы балалар бақшасының саны жүзден асып жығылса, еліміз егемендікке қол созған шақта соның оншақтысы ғана сақталып қалған-ды. Яғни, екі-үштен ведомстволық балалар бақшасын ашып алған мұндағы ірі кәсіпорындар нарық заманында жабылып тынған соң ондағы балалар мекемелері де жұмыс істеуден қалған. Оның үстіне медальдың екі жағы бар демекші, сол күндерді аңсаудың да жөні жоқ па дейміз. Өйткені, әлгіндей балалар бақшасының бәрі орыс тілді болатын. Сондықтан олар жоғары және орта арнаулы оқу орындарын қазақ тілінде бітіргендерді жұмысқа алмайтын.
Сондай-сондай себептермен сол заманда мұнда бір ғана қазақ бала- бақшасы жұмыс істеп тұрды. Қазір, тәубә дейік, олардың саны бесеуге жетті. Бірақ, соның өзі ата-аналар сұранысын қамтамасыз ете алмай отырғаны өтірік емес. Алайда, осы орайдағы басқаша бір талпыныс көңіл қуантады. Яғни, Семейде мектептер жанынан балалар бақшасы көптеп ашылуда. Мәселен, биылғы жылы қаланың Дальний деп аталатын шет жағындағы №38 мектеп-лицейі жанынан 50 орындық балабақша ашылды. Оған 3-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданып отыр. Ал бес жастағы сәбилер осындағы мектепалды даярлық тобына баруда.
Балабақшадағы тәрбие жұмыстары екі тілде жүргізілуде. Мұндағы айлық төлем жеті мыңға да жетпейді. Соған қарамастан, бүлдіршіндерге барлық қолайлы жағдай жасалған. “Жол картасы” бағдарламасымен биылғы жылы да біршама жөндеуден өткізілген білім ордасында оқушылар мен сәбилердің алаңсыз білім- тәрбие алуына мүмкіндік мол. Мектеп асханасы да талапқа сай.
Қазірде қаладағы бірнеше мектеп жанынан осындай балалар бақшасы ашылған. Солардың басым бөлігі қазақ тілді балалар бақшасы болып табылады. Ал соның бәрі тәуелсіздік жемісі екендігі айтпаса да түсінікті.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.