30 Қазан, 2010

Бәсекеге қабілеттілік артып келеді

1427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2010 жылдың мамыр айында жарияланған Әлемдік бәсекелестік туралы баяндамаға сәйкес (Халықаралық менеджмент даму институты ІMD) Қазақстан өткен жылғы көрсеткішінен 3 дәрежеге көтеріліп, 58 елдің ішінен 33-ші орынға шықты. Қазақстанның негізінен ста­тис­­ти­калық деректерден құралған ІMD рейтингісі бойынша соңғы екі жыл ішінде жоғары орынға көтерілуі еліміздің бәсекеге қабі­леттілігінің артып келе жатқан­ды­ғының нақты динамикасын көр­се­теді. Бұл рейтингіге қатысушы мемлекеттер санының шектеулі болуы берілген бағаның артық­шылығын көрсетсе керек. “Doіng Busіness” Бүкіләлемдік банкінің соңғы рейтингі бойынша 2010 жылы Қазақстан өткен жыл­мен салыстырғанда өзінің дәре­же­­сін 1 пунктке көтеріп, 183 мем­ле­­кет­тің ішінен 63-ші орынға шықты. Жалпы алғанда “Doіng Busіness” рейтингісі бойынша тұрақты оң ди­на­микалардың сақталуы байқалады: Қазақстан 2008 жылғы 72-ші орын­нан 2010 жылы 63-ші орынға көтерілген. Сөйтіп, соңғы жылдардың рей­тингі бойынша Қазақстанның көр­сеткіштері барған сайын жақсарып келе жатқандығын атап өту керек. Мә­селен, ІMD және “Doіng Busі­nes” рейтингтері бой­ынша еліміздің көрсеткіштерінің (ІMD бойынша 2008 жылғы 39-шы орыннан 2010 жылы 33-ші орын­ға, “Doіng Busі­ness” 2007 жыл­ғы 71-орыннан 2010 жылы 63-ші орынға дейін көте­рілген) біршама жақсарғандығына көз жеткізуге болады. Тұтастай алғанда, Қазақстан халықаралық ұйымдардың бәсеке­лестікке қабілеттілік жөніндегі рей­тингісі бойынша ортаңғы қа­тар­да келеді. Алайда, еліміздің ал­дағы уа­қытта бәсекелестікке қабі­леттілігін арттыруға толық мүм­кін­дігі бар. Бұл өз кезегінде еліміздің инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыруға және әлемдік сахнадағы беделін көтеруге жағдай жасайды. Қазақстанның экономикалық дамуының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесінде орын алған проблемалармен қатар жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Қа­зақ­стан үшін адам капиталын дамы­ту­дың, экономиканы әртараптан­ды­ру­дың, инновацияны өндіріске ен­гізудің, әкімшілік кедергілерді азай­тудың өміршең мәні бар. Осыған қарамастан, соңғы рейтингтерде еліміздің макроэкономикалық тұрақтылық мәселелері жоғары өсу баспалдақтарына көтерілген. Алда тұрған міндеттер мәселе­сіне келетін болсақ, Қазақстанның әлем­дегі ең бәсекеге қабілетті елу елдің құрамына кіру мақсаты 2010 жылғы 1 ақпанда қабылданған Қа­зақ­стан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының страте­гия­лық жоспары­ның құрамдас бөлігі болып табылады. Стратегиялық жос­пар бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тек эконо­ми­калық салада ғана емес, сонымен бірге сыртқы саясатта, мә­дениет, білім және сот салаларында да басымдыққа ие болған. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.