Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың француздың “Valeurs actuelles” журналына сұхбаты
– Құрметті Президент мырза, Сіз Қазақстан мен Францияның ағымдағы қарым-қатынастарын қалай бағалайсыз?
– Мен Қазақстан мен Франция қарым-қатынастарының бүгінде жоғары деңгейде екенін және жыл сайын жақсарып келе жатқанын қанағаттанғандық сезіммен атап өте аламын. Біздің елдеріміз стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты. Франция–Қазақстан Стратегиялық әріптестік туралы кең ауқымды келісімді бекіткен алғашқы еуропалық ел.
Біз көптеген саяси мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік, қазіргі заманғы көптеген көкейкесті проблемалар бойынша ұстанған бағалауларымыз да ұқсас. Оның өзі кездейсоқтан емес, біздің үнқатыстығымыздың тарихы әріде жатыр. Біздің бір-бірімізге деген сеніміміз екі онжылдық бойына нығайып, нақты істермен бекітіле түсті. Франция Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы біздің бастамамызды алғашқылардың бірі болып қолдады. Ол Қазақстан жүргізіп отырған халықаралық қауіпсіздікті және өзара тиімді қызметтестікті нығайту бағытына деген үлкен сенімді білдіреді. Мен сол сияқты француз басшылығының Қазақстанның Еуродақпен әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуына үнемі ықпал жасап келе жатқаны үшін де ризамын.
Біздің қарым-қатынастарымыз экономикалық салада жемісті дамуда. 2009 жылдың қорытындысы бойынша Франция Қазақстанның басты сауда әріптестері ішінде төртінші болып тұр.
2010 жылдың өткен айларында біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 2,9 миллиард долларды құрады.
Біз Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Қазақстан-Франция іскерлік кеңесін құрдық. Бұл органдар біздің іскерлік байланыстарымыздың белсенді дамуына жағдай жасайтын болады.
Біз бірлесе отырып атом энергиясы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия, құрылыс және құрылыс материалдарын шығару, банк секторы, аэроғарыш саласы, әскери-техникалық кешен сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асырудамыз. Осынау ғылымды көп қажет ететін және жоғары технологиялы салалардың біздің бүкіл экономикамыздың технологиялық дамуына жақсы серпін бере алатындығы біз үшін айрықша маңызды.
Тұтастай алғанда, мен бүгінде Қазақстан мен Франция жақын әріптестер деп айта аламын. Біздің осынау саяси және экономикалық ынтымақтастығымызбен қоса, біздің достығымыз да жылдан-жылға нығая түсуде.
– Дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасын жандандыру үшін қандай басымдықтар белгіленді?
– Қазақстан әлемдік дағдарыстың теріс ықпалын табысты еңсере білді. Бәлкім дағдарыстың әлі бітпеген де болуы, алда жаңа экономикалық қиындықтардың күтіп тұруы да мүмкін. Сондықтан да біз үшін қазіргі таңдағы шешуші міндет – экономиканы жандандырып қана қоймай, біртіндеп оның құрылымдарын да өзгерту.
Бүгінде біз үшін басым міндет – ол өңдеу салаларын бірінші кезекте дамыту, Қазақстан экономикасының шикізаттық бейімдігін жою. Қазір біз өндіріс пен инфрақұрылымдарды жан-жақты модернизациялау тұрғысында белсенді жұмыстар жүргізудеміз. Экономикамыздың әлемдік көмірсутегі конъюнктурасының ықпалына тәуелділігін төмендету үшін біз зауыттар салып, жаңа технологиялық өндірістерді игерудеміз.
Мемлекеттің күш-жігері Қазақстан экономикасының барлық салаларына ғылымды көп қажет ететін технологияларды енгізуге шоғырландырылған.
Біз экономикамызды қайта құруды неғұрлым тезірек аяқтасақ, теріс экономикалық ықпалдарға да соғұрлым табыстырақ қарсы тұра алатын боламыз.
Биылғы жылдан бастап Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Онда біз дағдарыстан кейінгі кезеңде перспективалы дамытып отырған басым салалар нақты белгіленген. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана біз 144 индустриялық жобаны аяқтайтын боламыз. Оларға салынған инвестиция көлемі 800 миллиард теңгеден асты, ол бес жарым миллиард долларға жуық қаржы. 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Біз импортты алмастыратын қазіргі заманғы өндірістер, экспортқа бағытталған кәсіпорындар құру үшін шетел инвесторларын тартудамыз.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары біздің бәрін де дұрыс жасап жатқанымызға сендіріп отыр. Қазақстанның нақты ІЖӨ-сі 8 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға, бөлшек сауда көлемі 13,1 пайызға артты.
Елдің халықаралық резервтері соңғы уақыттары 6 миллиардтай долларға ұлғайып, 53 миллиард долларға тең сомаға жетті.
– Қызмет көрсету және индустриялық сектор шапшаң қарқынмен дамуда. Мемлекет дағдарысқа байланысты шағын кәсіпорындарды қолдау мен нығайтуда қандай шаралар қабылдауда?
– Егер экономиканы ұшақпен салыстырар болсақ, онда шағын және орта бизнес – ол ұшақтың көтерілу күшін ұлғайтатын тетіктер, олар тіпті жоғары емес жылдамдықтың өзінде де ұшу орнықтылығын қамтамасыз етеді. Біз дағдарыс жағдайында икемді шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа жағдайларға тезірек бейімделіп, сол арқылы бүкіл экономикаға көмектесетінін жақсы түсінеміз. Шағын кәсіпорындар рыноктың өзгеруіне, сұраныс құрылымына тезірек икемделеді.
Дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыс орындарының елеулі бөлігін қамтамасыз етіп, орта таптың қалыптасуына белсенді атсалысады, ІЖӨ-нің үлкен бөлігін де солар қалыптастырады.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін айтарлықтай капитал шығындары қажет емес. Бұл жерде азаматтардың жеке ынталары маңыздырақ және оған мемлекет қолдау көрсетіп, ынталандыруы тиіс. Сондықтан дағдарыс келгенде біз бұл сектордың проблемаларына мейлінше мұқият көзқарас таныттық.
Қиын кезеңде шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін біз айтарлықтай қаржылар бөліп, оларды тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдық секторларда мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз еттік. Соның нәтижесінде, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда жұмыссыздық 6 пайыздан төмен деңгейде тұрақтану арқылы тіпті қысқара түсті.
Стратегиялық тұрғыда кәсіпкерлікті дамыту экономиканы әртараптандырудың негізі ретінде қарастырылуда. Мен айтып өткен мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында арнайы құрал – “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы іске қосылды. Оның міндетінің негізі отандық кәсіпкерлікке қолдау көрсету болып табылады. Мемлекет банк несиелері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялайды. Несиелердің кейін қайтарылуына ішінара кепілдіктер береді. Бизнеске сервистік қызмет ұсынады.
Біз инновацияны дамытушы, сол сияқты шикізаттық емес экспортқа бағдар ұстанған кәсіпорындарға белсендірек көмек көрсетеміз.
Біз шағын және орта бизнестің озық технологиялар трансфертін жүзеге асыруларына ықпал жасаймыз.
Бұл орайда мемлекеттік қолдау қаржыландыру мәселелерін ғана емес, сол сияқты бизнес-ахуалды жақсартуды, мүмкін деген көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды да қамтиды.
Осыған байланысты Қазақстанда Кәсіпкерлік мәселелері бойынша бірегей үйлестіру кеңесі құрылды.
Мұндай саясат өз жемісін беруде. 2010 жылдың алғашқы 6 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өнім өндіруді 6 пайыздан астамға арттырды.
Әрине, бұл біз күткен деңгейдегідей соншалықты көп емес, бірақ қазіргідей жағдайда бұл да тұтастай алғанда жаман емес көрсеткіштер.
– Сіз тікелей шетел инвестицияларына, соның ішінде Франциядан Қазақстанға инвестиция тартуға қаншалықты маңыз бересіз? Сіз көршілеріңізбен салыстырғанда өз еліңіздегі жағдай мен инвестициялық ахуалға қандай баға берер едіңіз?
– Қазіргі заманғы әлемде мемлекеттің беделі тартылған инвестициялар көлемімен өлшенеді.
Жан басына шаққандағы инвестициялар бойынша Қазақстан ТМД-да көшбастаушы болып табылады.
Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициялары былайғы Орталық Азия мемлекеттерін бүтіндей алғандағы шетел капиталы салымдарынан айтарлықтай асып түседі.
Қазақстандағы инвестициялық ахуалға берілетін басты баға да осы. Біз өз позицияларымызды бұлжытпай нығайта түсудеміз. 2010 жылы біздің еліміз Бүкіләлемдік “Doіng Busіness” банктің рейтингінде 63-інші орын алды. Біз Польша, Чехия және Италия сияқты еуропалық мемлекеттерден алға шықтық.
Шетел инвесторлары Қазақстанды сенімді де бірқалыпты әріптес деп таниды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біз экономикалық реформаларды табандылықпен жүргізіп, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсарттық.
1998 жылдан бастап біздің елімізде арнайы орган – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Оның құрамына Үкімет мүшелері мен елде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың бірінші басшылары кіреді. Біз жылына 1-2 мәрте жиналып, инвестициялық қызметке байланысты бүкіл мәселелерді шұғыл түрде шешіп отырамыз.
Осы кеңестің ғылыми-технологиялық даму, экономика үшін кадрлар дайындау, оның энергиялық тиімділігі мен модернизациялануын арттыру және басқа да бірқатар салалардағы кең ауқымды заңнамалық және бағдарламалық шараларға бастамашы болуы мұндай үнқатысудың тиімді екендігін білдіреді.
Француз капиталы бұл Кеңесте жеткілікті дәрежеде кең көрініс тапқан. Біздің мемлекеттеріміз қызметтес болған жылдар ішінде Қазақстанға 6 миллиард доллардан астам француз инвестициялары тартылды. Қазіргі кезде елде 100-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде.
Біз “Areva”, “Spіe Capag”, “EADS”, “Total”, “Thales”, “Alston”, “Aubіert&Duval”, “Sanofі-Aventіs” және басқа да белгілі француз компанияларымен ынтымақтастық жасаудамыз. Уақыт өте келе бұл тізім ұлғаяды деп өте үміттенемін.
– Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Сіздің елдің Орталық Азия өңіріндегі негізгі басымдықтары қандай?
– Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төраға болған бірінші азиялық мемлекет. Біз үшін бұл әрі жоғары құрмет, әрі үлкен жауапкершілік. Біз бұдан ЕҚЫҰ елдерінің, бүкіл халықаралық қоғамдастық сияқты, біздің өңірге деген көзқарастарын өзгертуінің жақсы мүмкіндіктерін көреміз.
Орталық Азияның экономикалық әлеуетінің мол екендігі маған мәлім – мұнда табиғи және еңбек ресурстары, өнеркәсіптік инфрақұрылымдар бар. Бірақ, екінші жағынан, осы әлеуетті жүзеге асыруға кедергі келтіретін объективті себептер де бар.
Ең алдымен, өңірдегі тұрақтылықты нығайту қажет. Ауғанстан шиеленістер мен түрлі қатерлердің басты ошақтарының бірі болып қалып отыр. Біз ЕҚЫҰ осы бағыттағы жұмыстарын кеңейте түсуі керек деп есептейміз. Осыған байланысты, шілдеде Венада Есірткі мен прекурсорларды заңсыз таратуға қарсы күрестегі бірлескен іс-қимылдар жөніндегі ЕҚЫҰ конференциясының табысты өткенін атап көрсетпекпін.
Астанада Терроризмнің алдын алу жөнінде конференция өтпек. Оған ЕҚЫҰ-ның атқарушы құрылымдары мен өзге де халықаралық ұйымдар қатысады.
Біздің еліміз ауған халқына бейбіт өмірді жолға қоюда белсенді көмек көрсетуде. Мәселен, Қазақстан 1000 ауғандық студенттерді Қазақстан жоо-ларында оқыту үшін 50 миллион доллар бөлді. Шамамен 4 миллион доллардай осы елдегі мектептерді, ауруханалар мен жолдарды қалпына келтіруге бағытталды.
Қырғызстандағы ахуал биыл елеулі өңірлік қатерлердің біріне айналды. Бұл ел біздің жақын көршіміз болып табылады. Сондықтан қайғылы оқиғалардың бірінші күнінен бастап Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, екіжақты негізде де бауырлас халыққа көмек пен қолдау көрсетуде. Біз Қырғызстанға тұқым себу және астық жинау науқандарына көмектестік. 10 миллион доллар сомасында құрылыс материалдары мен отын жөнелттік. Шілдеде Қырғызстанға көмек көрсету үшін халықаралық донорлық конференция өтті. Біздің міндетіміз – Қырғызстанның оңтүстік өңірін қалпына келтіру үшін 1 миллион доллардай қаржы жинау.
Орталық Азия өңірінде қауіпсіздікті нығайтудың сыртында, елеулі экологиялық проблемалар да бар.
Олардың біріншісі – осыған дейін жарты мыңға тарта атом сынақтары жүргізілген Семей ядролық полигонының мұралары. Халық қолдауын пайдаланып, мен өз жарлығыммен осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын полигонды жаптым. Содан бері көп жыл өтсе де, сынақ зардаптары біздің өмірімізді тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да улауын жалғастырып келеді. Бізге уланған аумақтарды қалпына келтіру үшін халықаралық қолдау бұрынғысынша қажет.
Әңгіме сондай-ақ Арал теңізіндегі экологиялық апат туралы да болып отыр. Бұрынғы теңіздің түбіндегі кепкен тұз шаңды боранға айналып біздің өңірден алыс аумақтарға да таралуда. Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіре отырып, біз проблеманы ішінара шешудеміз.
Бірақ бұл мәселені неғұрлым толығырақ шешу үшін біз ЕҚЫҰ ресрурстарын іске қоспақ ниеттеміз. Біздің жоспарымыз – Арал бойынша арнайы донорлық конференция өткізу.
– Сіз Қазақстан экономикасы 2015 жылы қандай болады деп ойлайсыз?
– Қазақстандық жолдың ерекшелігі – перспективаларды айқын көре білуде. Мақсаттар өскен кезде ұлт та дами береді.
Қазақстандықтар үшін тәуелсіздік терең экономикалық дағдарыстармен тұспа-тұс келді. Көп жағдайда бізге бәрін тыңнан бастап, іс үстінде қайта құруларға баруға тура келді, ал ол әлеуметтік-экономикалық реформалар барысын қиындатты.
Бірақ біз қайда бара жатқанымызды, не үшін талпынатынымызды нақты білдік.
1997 жылы біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық, міне, содан бері онда белгіленген мақсаттарға жоспарлы түрде қол жеткізіп келеміз.
Мен барлық қазақстандықтардың мақсаткерлігі арқасында, біздің басты мақсаттарға жетудегі қажырлылығымыздың арқасында Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы ең табысты мемлекет болып отыр деп есептеймін.
Біз шетсіз-шексіз далада жаңа елорда – Астананы тұрғыздық. Көптеген біздің қонақтарымыз оны әлемдегі ең таңғажайып және әсем қалалардың бірі деп біледі.
Сондықтан Қазақстанның 2015 жылға қарай бұдан да зор жетістіктерге қол жеткізетініне менің күмәнім жоқ. Біз бұл кезеңнің нақты экономикалық бағдарларын қазірдің өзінде белгіледік.
Енді 5 жылдан кейін өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі кемінде 12,5 пайызды құрайтын болады. Шикізаттық емес сектор үлесі 10-нан 40 пайызға дейін ұлғаймақ. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі қазіргіден 1,5 есе, ал агроөнеркәсіп кешенінде 2 есе көбейеді. Біз өзімізді құрылыс материалдарымен 80 пайыз қамтамасыз ететін боламыз. Отынның әр түріне деген қажеттілікті отандық мұнай өңдеу зауыттары қанағаттандыратын болады.
Басқаша айтқанда, алдағы жылдарда Қазақстан алға қарай өте үлкен қадам жасауға тиіс.
Біз экономиканы түбірінен модернизациялап, оны индустрияландыру мен инновациялар жолына қоямыз, өндірістеріміздің ғылымға деген сұранысын ұлғайта түсеміз. Қазақстан экономикасы сыртқы әсерлерге жауап бере алатындай қуатты әрі тұрақты болады.
Бірақ бұл одан да гөрі маңыздырақ мақсаттарға жету үшін қажетті құрал ғана.
Біз әлемдегі неғұрлым бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз.
Бізде ол үшін қажетті барлық табиғи, инфрақұрылымдық және ерекше маңыздысы, адами ресурстар бар.
Қазақстанда Тәуелсіздіктің жас буын құрдастары өсіп шықты. Біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз жас қазақстандықтардың бойында өз күштеріне деген сенімді, өзгерістерге, жаңа жеңістер мен істерге деген ұмтылысты тәрбиелеуге жәрдемдеседі. Біздің жастарымыз бүгінде әлемнің үздік жоо-ларында білім алуда. Олар гүлденген Қазақстан құрылысының ұлы істерін жалғастыруға дайын.
Біз өз қозғалысымызды неғұрлым табысты мемлекеттер тәжірибесімен, сөз жоқ, оған Француз Республикасының құнды тарихи тәжірибесінің де қатысы бар, салыстыра отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз.
Сондықтан, Сіздің журнал оқырмандарымен өз жоспарларымызды бөлісе отырып, олар тарапынан түсінетін аудитория табамын деген үміттемін. Себебі жаңаға, жаңғыруға, үнемі дамып отыруға деген ұмтылыс қашанда француз ұлтына тән болатын. Кейіннен бүкіл адамзат игілігіне айналған жанды ой-пікірлер мен жаңашыл идеялар дәл осы француз жерінде дүниеге келген болатын.
Кездесуіміздің соңында Франция халқына игі жақсылықтар мен бұдан былай да табыстарға жетуді тілей отырып, Сіздің елдің мамандарын бүгінде Қазақстанда қолға алынып жатқан қызықты инновациялық жобаларға қатысуға шақырғым келеді. Олар өздерінің шығармашылық әлеуеттері мен жаңашылдық рухтарын дәл осы жерде толық дәрежеде жүзеге асыра алар еді.