Өткен жылы халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымының ХІІ тәжірибелік зертханасында суретшілердің халықаралық көрмесі өтіп, оған біздің елімізден суретші Жеңіс Кәкенұлының да туындылары қойылған болатын. Түркияның Самсун қаласында басталып, Амасия қаласында өз жалғасын тапқан аталмыш көрмеде Жеңіс Кәкенұлы өзінің “Амасия” атты туындысын Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлге тарту еткенінен де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардармыз десек, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында, міне, тағы да Жеңіс Кәкенұлының “Квинтэссенция” атты жеке көрмесі өтті. Онда суретшінің 59 жұмысы өнерсүйер қауымның назарына ұсынылды.
Қашанда ізденіс жолында жүретін Жеңіс Кәкенұлы бейнелеу өнерінің барлық түрінде, соның ішінде компьютерлік графикада да өз қолтаңбасы бар. Ал автордың жеке көрмесіндегі туындылар ішінде кескіндеме суреттерінің алар орны ерекше. Осы жанр арқылы суретші өз шығармашылығының әрқилылығын танытып тұрғандай. Сонымен қатар, көрмеге табиғат көріністері, петроглифтер және тәмсіл суреттер қатар қойылған.
Жеңіс Кәкенұлының суретші ғана емес, оның көптеген әріптестерінің шығармашылықтарын талдап мақала жазатыны да өз алдына әңгіме. Бұл мақалаларында ол оқырманға суретшілер әлемін, әріптестерінің дүниетанымын көрсетуге тырысады.
Республикалық “Ақ желкен”, “Ай”, “Зерде” журналдарында суретші болып еңбек еткен Жеңіс Кәкенұлы сондай-ақ көптеген отандық және шетелдік көрмелерге де жиі қатысып тұрады. Оның шығармашылығының өзінше дара, ешкімге ұқсамайтындығын білетін жұртшылық бұл көрмені тамашалауға да молынан жиналды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.