Әділет министрлігінде заң мәдениетін дамыту жөніндегі қабылданған шаралар туралы брифинг ұйымдастырылды. Оны министрліктің ресми өкілі Е.Ерімбет жүргізіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кейбір ұсынымдарының орындалуы, жеке сот орындаушыларының институты, “Әділет кеңес береді” республикалық акциясының нәтижесі, мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы және ұлттық-патриоттық қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары туралы мәселелерді жария етті.
Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының заңнамалық шаралармен қамтамасыз ету бөлігіндегі негізгі талаптарын орындады. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ ұсынымдары бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін жетілдіруде, соттарға қамауға алуды санкциялау құқығын беруде және Қазақстан аумағында жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу мен сайлау туралы тиісті өзгерістер енгізу барысында ескерілді. Бұл тұрғыда ақпараттық заңнаманы одан әрі ырықтандыру, саяси партияларды тіркеуді яғни қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салуды алып тастау бөлігінде түзетулер енгізу, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихаттары арқылы іске асыру жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының дауыс беру құқығына ұсынылатын куәліктерді дайындауды, есепке алу тәртібін анықтауды ұйымдастыру құзыреті белгіленді, депутаттық мандаттарды дауыс беру нәтижесімен партиялық тізім бойынша бөлу нормасы толықтырылды, деді Е.Ерімбет.
Ал сот актілерін орындау комитеті бойынша Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметін реформалау жөніндегі Жарлығына сәйкес атқарушы құжаттарды орындау функциялары мен өкілеттіктері министрліктің қарауына берілген болатын. Осыған орай қазір сот актілерін орындау комитеті Әділет министрлігінің құрамында жұмыс істейді. Таяуда “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдар қолданысқа енгізілді. Осы заңдардағы нормалар атқару қызметін жақсартады, шектеу шараларының тізбесін кеңейтеді, көптеген құқықтық олқылықтарды жояды деп күтілуде.
Сонымен қатар, енді Қазақстанда баламалы негізде жеке сот орындау институты енгізіледі. Бұл орайда мемлекеттік жеке сот орындау жүйесі де қатарласа жұмыс істей береді. Бірақ қазақстандық жеке сот орындаушысының қызметі мемлекеттік орындаушылармен бірге, оны толықтыра отырып, жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдар заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында құқықтық насихат жөніндегі жұмысты ведомствоаралық үйлестіру, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу мониторингінің нәтижелері, заң шығару институтының нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуші органдармен және басқа да ғылыми институттармен өзара іс-қимылын жақсарту мәселелері талқыланды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.