02 Қараша, 2010

Апта айшықтары

460 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ӘКІМДЕР ҚАЙТА САЙЛАНДЫ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес осыдан төрт жыл бұрын Ғабит Мүсірепов және Тайынша аудандарының әкім­де­рі сайланған болатын. Олардың өкілеттік мерзімінің аяқталуына бай­ланысты аудандық мәслихаттардың кезектен тыс сессиясы болып өтті. Онда әкімдікке үміткерлердің кандидатуралары жан-жақты талқыланды. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Самат Ескендіров халық қалаулыларының назарына осы аудандарға жетекшілік етіп келген Марат Тасмағанбетов пен Анатолий Маковскийдің кандидатураларын ұсынып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * “ВОЗРОЖДЕНИЕ” НЕМІСТЕРМЕН БІРГЕ Облыс орталығындағы “Достық” үйінің әр күні түрлі  мерекелік шараларға толы. Бұдан  бұрын корей мәдени орталығының күндері аталса, өткен аптада өңірде тұрып жатқан неміс халқы өкілдерінің басын қосқан “Возрождение” қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 20 жыл толу мерейтойы мерекеленді. Бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті бөлімшесінің шақыруымен еліміздегі неміс қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Дедерер және Алматыдан қонақтар келді. В.Руф басқаратын жергілікті бірлестік облыстағы барлық мәдени-іс шараларға белсенді қатысып, достық, бірлікті дәріптеп келеді. Осы жерді Отаным, елім дейтін жергілікті неміс кәсіпкерлері өңірдің өркендеуіне үлес қосуда.  Ал салтанатты жиын соңы бірлестік жанынан құрылған өнерпаздар концертіне жалғасты. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * ҚЫТАЙМЕН САУДА ҚЫЗА ТҮСЕДІ Өткен аптада Қостанайға құрамында болат өндіретін  Вас Steel Group (Баостил Групп Корпорейшн) компаниясы бас директорының орынбасарлары Дай Жихао мен Жаоксия, ENRG компаниясының менеджері Лианг Ценг Ю бар Қытай делегациясы  келді. Олар облыс әкімі Сергей Кулагиннің қабылдауында болғанда, екі жақты  сауда-экономикалық қарым-қатынастың бүгінгі жағдайы мен оны кеңейтудің болашағын талқылады. Облыстың  Қытаймен  сауда айналымы  бүгінге дейін 1,6 есе өскен. Қытай делегациясы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің кенішінде болды. Олар “ССКӨБ” АҚ-тан кен алып отырған Баостил Групп Корпорейшн алдағы бес жыл ішінде Қазақстанмен әріптестік  ниетін жалғастыратындығын және алыс-берістің көлемін арттыратындығын мәлімдеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 60 жылдан бері жоғары білімді маман даярлап келеді. Осы кезеңде университетте заман талабына орай жаңа мамандықтарға оқытатын факультеттер ашылды. Қазір жоғары оқу орнынан  негізінен педагогтармен бірге, шет тілінің мамандары, заңгерлер, экономистер, журналистер секілді бәсекеге қабілетті мамандар     қанаттануда. Ректор А.Қазмағанбетовтің айтуынша, соңғы екі-үш жылдан бері университетте оқитын 220 студенттің қаржысын облыстық әкімдік төлейді. Өткен аптада университеттің айтулы мерейтойына байланысты өткен салтанатқа облыс әкімі Б. Рысқалиев қатысып, білім ордасына табыс тіледі. Университеттің бір топ ұстазы министрліктің грамоталарымен, “ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” және Ы.Алтынсарин белгілерімен марапатталды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ПОШТАДАН БОЛСЫН ХАБАРЫҢ Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі пошта күнін атап өту аясында тұтынушыларға арналған көптеген шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, 2011 жылға газет-журналға жазылу ұйымшылдықпен жүргізілді. “Қазпошта” АҚ БҚО филиалы ғимаратында газетке жазылған абонементтер нөмірі бойынша бағалы сыйлықтарға ұтыс ойнатылды. Сондай-ақ, кәсіби мерекеге орай “Қазпошта” АҚ БҚО филиалының директоры Мағал Бекмағамбетов пошта байланысын дамытудағы еңбегі үшін Бөкей ордасы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Г.Мұқановаға “Құрметті байланысшы” төсбелгісін, №9 қалалық пошта байланысы бөлімшесінің бастығы В.Кривошеинаға Байланыс және ақпарат министрлігінің алғыс хатын және орталық операциялық учаскесінің бастығы Г.Исқақоваға “Самұрық-Қазына” қорының құрмет грамотасын табыс етті. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАҒА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ Генерал-лейтенант Жансен Кереевтің 80 жасқа толған мерейтойы туған топырағы Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде кеңінен аталып өтті. Мерейтойға қатысушылар мерекелік шараны алдымен Ж.Кереев жетінші сыныпқа дейін оқыған, кейін өзінің атын иеленген орта мектепті аралаудан бастады.Мектептің дәлізіне қойылған генералдың ескерткішіне аудан әкімі Бауыржан Қаниев гүл шоғын қойып, даңқты қолбасшының туыстары мен алыстан келген меймандарды құттықтады. Салтанатқа жиналғандар алдында Жансен Кереевтің өмірі мен қызметі туралы мектептің оқу ісінің меңгерушісі М.Жанаев әңгімеледі. Аудандық Мәдениет үйінде генерал-лейтенанттың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылса,  шаралар түстен кейін ат жарысына ұласты, ауыл сыртына тігілген ағаш  үйлерде  ас берілді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ Қызылорда қаласында “NOVA DІAGNOSTІC” медициналық диагностикалық орталығы ашылды. Аталған орталық облыста алғаш рет магнитті-резонансты томография (МРТ) әдісін ұсынып отыр. Жаңа МРТ әдісімен ағзаның жүйке жүйесінің диагностикасын, онкологиялық және педиатрия науқастарын зерттеуге болады. Магнитті-резонансты томограф орталығы бүгінде күніне 20 адамды қабылдауға қабілетті болса, алдағы уақытта олардың санын 30-ға дейін кө­бейту көзделіп отыр. Бұл жеке орталықтың құны 1 млн. дол­лар­ды құрайды екен. Бір мүшені томографияға түсіру 14 мың теңге болса, мүгедектер мен зей­нет­кер­­­лерге жеңілдіктер қарастырылған. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.