Таяуда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жоғары оқу орындарының ректорларымен кеңес өткізіп, жоғары оқу орындарының алдында тұрған міндеттер, алдағы уақытта оларды орындау жолдары туралы әңгімелеген болатын. Министр алқалы жиында, сонымен қатар, маңызды саланың еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының негізгі кепілі болатындығын және осы жолдағы ғылыми-әдістемелік ізденістердің айқын, әрі нақты болуын қадап айтқан еді. Сондай-ақ, қазақстандық ғылым мен білімнің әлемдік аренадағы орнының қандай болуы аталып, соған сай жұмыс істеудің қажеттілігі, оның келешекте қадағаланатыны да ескертілген-тін.
Кеңесте көтерілген келелі мәселелер мен қойылған талаптар туралы ой бөлісу үшін еліміздің шығысындағы іргелі жоғары оқу орны – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВТЫ сөзге тартқан едік.
– Елбасымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыған лекциясында “Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады...” деген даналық ой айтып, Отанымыздың өркендеу жолындағы ғылым мен білімнің орнының өлшеусіз қажеттілік екеніне баса назар аударған еді.
– Осы тарапта “Ғылым” туралы Заңның және “2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының” жобалары болашаққа деген жалпыхалықтық талқыға да ұсынылған болатын.
Елбасының білім мен ғылымды дамытуға қойып отырған талабы аса биік. Ал қазіргі ақпараттар тасқынына толы уақыт болса қашан да жылдам. Осындай мақсаттардың үдесінен шығуды ойлаған министрліктің жаңа басшылығы осы саладағы істі қарқынды дамыту мақсатында мәселені турасынан қойып, жаңа әдістемелік ізденістерімен бірден ой бөлісті. Білім беру саласының барлық деңгейіндегі құрылымдарға талдаулар жүргізіліп, мақсаттар нақтылы айқындалып, қай бағытта жұмыс істеу қажеттігі де көрсетілді.
Біріншіден, басты міндет – инновациялық экономиканы қалыптастыратын қазақстандық мамандар даярлау. Оған апаратын кілт – тек сапалы білім. Отанымызды жеделдете индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытуға үлес қосатын жаңа буынды тәрбиелеу. Міне, осы тұрғыда біздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Ондағы түпкі мақсат – қазақстандық білімді халықаралық деңгейде мойындату. Ол үшін оқу үрдісіндегі кредиттік оқыту технологиясын жетілдіру басты назарда болмақ, барлық оқу нысандары бойынша. Сырттай оқыту нысаны оңтайландырылып, қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілмекші. Барлық оқу-әдістемелік материалдарға портал арқылы студенттер еш қиындықсыз қол жеткізуіне бірінші кезекте мән беріледі. Еркіндік өрісі жұмыс берушілердің де элективтік пәндер каталогын қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі ақпараттық дамыған кезеңде жоо-лар үшін ең қажетті жүйе. ҰБТ жаңа пішінде жетілдірілетін болады. Сөйтіп, талапкерлерді таңдауда жаңа сапаға қол жеткізіледі.
Тағы бір ерекше басымдық, Болон үдерісіне енуімізге сәйкес, жоо-ның академиялық қуаттылығы мен еріктілігін арттыру мәселесіне үлкен мән берілетіндігі айтылды. Мәселен, екі дипломдық білім беру бағдармаларын ішкі трансфер жағдайында, демек, Тараз декларациясына қол қойған отандық академиялық әріптестер арасында өрбітуді ұсынды. Ал, сыртқы трансфер мәселесінде (шетелдік әріптестермен), ең алдымен, нормативтік базаны мұқият даярлау қажеттігі баса айтылды. Менің ойымша, бұл білім алушылардың да, оларға білім берушінің де көңілінен дөп түсетін жәйт. Жоғары оқу орнының академиялық еркіндік аясында шетелдермен әріптестік әрекетінің құқықтық тұрғыдан анағұрлым жетілдірілуі күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі ғой. Бұл кеңестегі министрдің тарапынан айтылған ой-пікірдің лейтмотиві ғылыми әлеуетті көтеру және мұғалім мәртебесін бекіту дер едім. Шын мәнісінде, ғылымды дамытатын, сапалы білім беретін негізгі тұлғалар Ғалым мен Мұғалім. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Білім беру қызметінің сапасын көтеру бұл – жетістік жолы. Ұлттық білім беру моделінің жаңа үлгісі ретінде әлеуметтік бейімделу, еңбек рыногын қамтамасыз ету, инновация өндірісін іске асыру қосылады. Нақтылап айтсақ, университет үшін интеллектуалдық меншік өнімін тиімді рынокқа бейімдеуге ықпал етеді. Бұларды біздің университетте жүзеге асырылып жатқан игі істердің қатарында атап өтуге болады.
Менің ойымша, Қазақстанда білім мен ғылымды дамытуды, елімізде постиндустриялық ойлау қабілеті жоғары интеллектуалды жаңа буынды дұрыс және білікті пайдалану жолы айқындалды. Олай болса, барлығымызға зор міндет жүктелді. Сол үдеден шыға білуіміз керек.
Жазып алған Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.