ХІІІ халықаралық “Шабыт – 2010” шығармашыл жастар байқауы басталды
“Өнерге келген адам ол – қан майданға кірген адам. Оның қолында талант деген жалаң қылышы ғана болуы керек. Қорғана алса, сауытын ғана кисін. Бітті”, – деген жазушы Әкім Таразидің осы бір ауыз сөзі адамға үстіртін емес, әжептәуір салмақты ой салады. Өнер, шығармашылық, талант деген сөздер бір-бірімен іштей де, сырттай да қалай астасып жатса, өмірдегі алатын орны мен рухани көкжиекке тигізетін пайдасы да солай үндесіп жатады. Көбінде талант деген сөзден өнер иесінің рухы көрініп тұрады.
Әр жылдың қара күз мезгілінде болатын, шығармашыл жастардың бастарын қосып, олардың араларынан ең үздіктерін анықтап абыройын асқақтата түскен “Шабыт” халықаралық байқауының биылғы шымылдығы сәрсенбінің сәтінде 13-ші рет ашылды.
“Шабыт – 2010” халықаралық байқауы биыл қараша айының 3-і мен 8-і аралығында өтетін болды. Осы жолғы өнер бәйгесінде қатысушылар “Эстрада өнері”, “Бейнелеу өнері”, “Журналистика”, “Поэзия”, “Халық музыкасы”, “Классикалық вокал”, “Камералық ансамбльдер”, “Shabyt-Іnspіratіon” сынды аталымдар бойынша бақтарын сынайтын болады. Байқаудың алғашқы күнінен бастап-ақ қазылар алқасы мен ұйымдастырушылары өз жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Аталмыш халықаралық байқауға қазылық ететін төрағалар қатысуларымен өткен баспасөз конференциясында өнер бәйгесі туралы жан-жақты айтылды. Ол Бейбітшілік және келісім сарайының “Бесік” залында болды. Баспасөз мәслихатында 8 аталым бойынша қазылар алқаларының төрағалары таныстырылды. Олардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Уәлихан Қалижан, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Өтепберген Хамзин, Қырғыз Республикасының халық әртісі Мұратбек Бегалиев сынды өнер тарландары бар.
Биылғы байқауға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Сахадан үміткерлердің келгенін тілге тиек еткен Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев додаға түсетін жастардың саны 600-ден асып отырғандығына тоқталды. Баспасөз конференциясы барысында “Шабыт” халықаралық байқауына қатысты көптеген толғақты әңгімелер сөз болды.
Алты күн бойы өтетін ХІІІ халықаралық “Шабыт – 2010” шығармашыл жастар фестивалінің ашылу салтанаты Бейбітшілік және келісім сарайында болды. Оған аталған жобаның іске асуына үлкен үлес қосып жүрген өнер қайраткерлері қатысты. “Алғашқы фестивальдің тұсаукесерін Елбасы Конгресс Холл сарайында өзі кескен болатын. Бұл байқауда 12 жыл ішінде 12 мыңнан астам жас өз бақтарын сынады. Нағыз таланттар өнер әлеміне қанаттанып шықты. Алдыңғы толқыны әлемге танылып үлгерді”, – деді композитор, Сенат депутаты Т.Мұхамеджанов.
“Шабыт” байқауының бас ұйымдастырушысы, Астана қаласы әкімдігінің атынан қала әкімінің орынбасары Аида Балаева әкім Иманғали Тасмағамбетовтің фестивальге арналған құттықтау сөзін оқыды. Кеш барысында өнер додасының әділ сөз айтатын қазылары таныстырылды. Олардың араларында Италия, Грузия, Франция, Латвия секілді мемлекеттердің өнер иелері бар.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.