05 Қараша, 2010

Еуразиялық идеяның отаны – Қазақстан, авторы – Назарбаев

2890 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Тәубе! Төрткүл дүниеге төбе билік айт­қан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төра­ға­лы­ғы табысты өтіп жатыр. Оны әлемнің та­ны­мал саясатшылары да, дуалы ауыз са­рап­шылары да бірауыздан айтып та, дә­лел­деп те келеді. Халықаралық мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ның құрылғанына 35 жыл­дың өрмегі ауыпты. Содан бері бұл бе­делді Ұйымға 35 мемлекет төрағалық ет­кен екен. Олардың арасында дүние жү­зін­дегі дамыған демократияның көш­ба­сында тұрған, ғасырлар бойы әлемдік сая­сат сахнасының шешуші ойыншылары атан­ған беделді де белгілі мемлекеттер бар. Сонда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен мем­лекеттер тарихында бәрінен жас тә­уел­сіз мемлекет – Қазақстан төрағалығы шоқ­тығының биік болуы қалай? Бұл кез­дей­соқтық па, әлде заңдылық па?! Оны толық түсіну үшін тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың біре­гей басшылығымен Қазақстан Респуб­ли­ка­сының жиырма жылға жуық жүріп өт­кен тәуелсіздік жолының тарихын та­ра­зы­лауға тура келеді. 1991 жылдың сарша та­мызы жетпіс жыл бойы дәуірлеген Ке­ңес­тер Одағының дәм-тұзының таусылар сәті жақындағанын таныта бастады. 19 та­мыз төңкерісшілерінің (ГКЧП) қорқақ қи­мылы қиюы кеткен Одақтың енді қи­сы­ны келмейтінін көрсетті. Бірақ оның осын­шама тым жылдам “жан тапсыра” қоя­тынына ешкім сенбеген де еді. Сол жылдың 8 желтоқсанында Одақ құра­мын­да­ғы үш славян мемлекетінің басшылары Беларусьтің Беловежье қорығында басқо­сып, басқа ешбір мемлекет басшыларына ес­керт­пестен-ақ КСРО-ның ыдырағаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­ты­ғы­ның құрылғаны туралы мәлімдеме жа­са­ды. Беловежье келісімінің бет-пердесін ашып, ақиқатын айтар болсақ, бұл Одақ құ­рамындағы басқа мемлекеттерге үш славян мемлекеті тарапынын жасалған ашық сепаратистік қадам болатын. Шын мәнінде мәселе ушығып кете жаз­­дады. 13 желтоқсанда Орталық Азия мем­­лекеттерінің басшылары – Н.На­зар­ба­ев, С.Ниязов, И.Каримов, Р.Набиев, А.Ақаев Түркіменстан астанасы Ашға­бад­та бас қосты. Түркіменстан тарапы алдын ала дайындалған Орталық Азия мем­ле­кет­тері конфедерациясын құру туралы келі­сім­нің жобасын талқылауды ұсынды. Сол бір аласапыран шешуші сәттердің оқи­ға­сын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “На пороге ХХІ века” атты кітабында бы­лай деп еске алады: “Сегодня многие за­бы­ли ситуацию тех лет, но мы действи­тель­но стояли на пороге создания двух сою­зов – славянского и тюркского с под­клю­чением Таджикистана. Я приложил мак­симум усилий для того, чтобы предо­твра­тить сценарий формирования тюрк­ского и славянского союзов на терри­то­рии бывшего СССР. К чему бы мы при­ш­ли сегодня, через несколько лет, если бы такие союзы оформились, просто трудно себе представить”. Иә, қылышынан қан тамған темір тәр­тіптің күшімен ғана тұрған кешегі қы­зыл империя аумағында діні басқа, ділі бас­қа бір-біріне қарама-қайшы екі одақ құ­рыл­ғанда не болатын еді? Бетін аулақ қыл­сын, Еуразия кеңістігі тарих доң­ға­ла­ғын теріс айналдыратын текетірес ай­ма­ғы­на айналатын еді. Сұңғыла саясаткер, дарынды дипломат Нұрсұлтан Назарбаев­тың арқасында бұл сұмдық сценарий та­рих сахнасына шықпай қалды. 1991 жыл­дың 21 желтоқсанында Н. Назарбаевтың бас­­тамасымен Одақ құрамынан шыққан тә­уелсіз мемлекеттер басшылары Алматы қа­ласына жиналып, 9 республика бас­шы­сы Алматы декларациясына қол қойды. Сөйтіп, толыққанды жаңа құрылым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өмірге кел­ді. Кейіннен ТМД-ға басқа мем­ле­кет­тер де қосылды. Жетпіс жыл бойы бір орталыққа бағы­нып, экономикалық жағынан барынша шыр­малған республикалардың еншілерін ала салысымен-ақ бірден төрт аяғын тең ба­сып кете қалуы қиын болатын. Қанша күр­делі болса да жас тәуелсіз мемлекеттер үшін бұрын қалыптасқан экономикалық бай­ланыстарды сақтап, жаңа нарықтық қа­тынастарға ортақ рынокты сақтай отырып, бірте-бірте кірігу керек еді. Тәуел­сіздік буына масаттанған кейбір рес­пуб­лика басшылары мұны түсінбеді. Уақыт көп ұзамай-ақ олардың қате­лес­кен­діктерін көрсетті. “Бөлінгенді бөрі жейді” дейтін халықтық қағиданы қатты ұстан­ған Қазақстан Республикасының бас­шысы бұрынғы одақтас республикалар ара­сындағы, әсіресе Ресей мен Қазақстан ара­сындағы сауда-саттық, тауар ай­на­лы­мы және басқа экономикалық қарым-қа­ты­настың үзіліп қалмауы үшін қолдан кел­геннің бәрін жасады. ТМД сол алып кеңістікті жаңа жағдайға бейімдеудің ал­ғаш­қы қадамы болатын. Тарих сахнасында бұл Достастық өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін біршама атқарып та келеді. Мәселен, осы Дос­тас­тық аясында 1992 жылы Ташкентте Тә­уел­­сіз Мемлекеттер Достастығына кіретін 6 мемлекет арасында Ұжымдық қауіп­­сіз­дік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қол қо­йылды. ТМД саяси мәселелерді оңтай­лас­тыруда біршама тиімді орталық бол­ға­ны­мен, экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында әлсіздігін байқатты. Сон­дықтан, Еуразия кеңістігіндегі егемен ел­дерді өркениетті экономикалық ин­те­гра­циялану баспалдағына бастайтын жаңа идея, тың бастама ауадай қажет еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың наурызында Мәскеудің мемлекеттік университеті оқыту­шы­лары мен студент­терінің ал­дын­да сөйлеген тарихи сөзінде тұң­ғыш рет Мемлекеттердің еура­зиялық одағын құру туралы ба­тыл идеясын жария етті. Ел­басы өзінің бұл өміршең идеясын пост­кеңестік елдер аумағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті, әлеуметтік-экономика­лық модернизация­лау­ды нығайту мақ­са­тын­­да­ғы егемен мемлекеттердің интегра­ция­лану формасы ретінде айқындаған бо­латын. “Тарих бізге ХХІ ғасырға өрке­ниет­ті жол­мен енуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің па­йым­дауымызша, пост­ке­ңес­тік кеңістік да­муының объективті қи­сы­нын және бұрынғы КСРО халық­тары­ның ерік-жі­герін бейнелейтін Еуразиялық одақ құру бас­тамасының интеграциялық әлеуетін жүзеге асыру соның әдіс-тәсілдерінің бірі бо­лып табылады”, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Жарты әлемді темір құрсауда ұстаған Одақтың құлағанына небары үш жыл толмай жатып, мемлекеттердің еуразия­лық одағын құру идеясын күн тәртібіне шығару көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Бас­қа­сын былай қойғанда, Елбасының жа­қын пікірлес әріптестері де бұл батыл идея­ға бірден іш тарта қойған жоқ. Бодан­дықтан босап, енді ғана жеке отау құра бастаған кешегі одақтас рес­пуб­ли­ка­лардың басшылары қайтадан одаққа бірігу идеясын түсіну түгілі, тіпті естігілері де кел­мегені сол кездің ащы шындығы бо­латын. Тоқсаныншы жылдардың жаппай еге­мендікке ден қойған, шымырқанған ахуа­лында утопия болып көрінген идея­ның бітіспес қарсыластарымен қатар, іш тарт­қан жақтастарының да болғандығын атап өткен жөн. Қалай болғанда да Қазақ­стан басшысының батыл бастамасы жан-жақты қызу талқылауға түскендігі анық. Бүкіл өркениет әлемі жаһандану үрді­сі­не түскен заманда “ортақ өгізден оңаша бұзау артық” тәсілімен оқшауланудың со­ңы өріс тарылтатын тығырыққа тірей­тін­ді­гін уақыт тынысы барған сайын дә­лел­дей бастады. ХХІ ғасырдың даму баспал­дақ­тарында интеграцияланудан басқа ба­ла­ма жоқ. Оған бүгінгі әлем картасына қарап та анық көз жеткізуге болады. Кәрі құрлықтың озық ойлы адамдары үлкен қиын­шылықтарды жеңе отырып, бірігу үдерісі қаншалықты күрделі болса да Еуропа Одағын құрды. Бүгінде 27 мемлекеттің басын қосып отырған бұл Одақ халықаралық сахнада өзінің белді де беделді орнын алып отыр. 1999 жылы Африка одағы дүниеге келді. Қазір бұл халықаралық ұйым 53 африкалық мемлекеттің басын біріктіреді. Латын Америкасының елдері де экономикалық интеграцияға ден қойған. Нақ осындай жағдайда Еуразия Одағы посткеңестік кеңістік елдері арасындағы құлдыраған ыдыраушылықтың күйзелісті зардаптарын жоюға бағытталған озық та тұ­ғырлы жоба болатын. Сондықтан да за­ма­науи реформатор Нұрсұлтан Назарбаев ке­шегі кеңестік кеңістіктен шыққан мем­ле­кеттердің экономикалық ортақ ке­ңіс­ті­гі­нің ыдырамауы үшін ерекше күш-жігер жұмсады. Міне, осындай баламасыз бас­та­малардың нәтижесінде 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында жаңа эко­но­ми­ка­лық-интеграциялық ұйым – Еуразия­лық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды. Жемісті жұмыс істеп келе жатқанына биыл тура 10 жыл толған ЕурАзЭҚ оған мүше мемлекеттердің эко­но­мика, ғылым, қорғаныс және мәдени-әлеуметтік салалардағы ынтымақтастығын нығайтқан, өзара ықпалдастығын қалып­тас­тырған орталыққа айналды. Бүгінде ЕурАзЭҚ 181 миллион халық қоныстанған 20,374 шаршы шақырым кеңістікті алып жатыр. ЕурАзЭҚ елдерінің әлемдік мұнай қорындағы үлесі 10 па­йыз­ды, газ бойынша 29 пайызды, көмір қоры бо­йынша 20,7 пайызды құрайды. Өнер­кә­сіп­тік уран қоры бойынша ол Австралия, АҚШ және Канаданы қоса алғандағы көр­сеткіштен алда тұр. ЕурАзЭҚ құ­рыл­ған­нан бергі еркін сауда көлемі 2000 жыл­ғы 29 млрд. доллардан 2008 жылы 123 млрд. долларға дейін артып, сауда ай­на­лы­мының көлемі 4,1 есе өсті. Бар мен жоқтың да, бай мен бағ­лан­ның да қас-қабағына қарамай, жаһанды жалпағынан жайпаған әлемдік дағдарыс осындай бір орталыққа интеграцияланған экономикалық байланыстардың ауадай қажет екендігін нақты дәлелдеді. 2008 жылғы 21 желтоқсанда Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер басшыларының Бу­ра­бай­да өткен бейресми саммиті барысында ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары тех­но­логиялар орталығын құру туралы ше­шім қабылданды. Ал 2009 жылдың 4 ақ­па­нында Мәскеуде Дағдарысқа қарсы қор­дың негізгі қағидалары мен мақ­сат­та­ры мақұлданып, қор көлемі 10 млрд. дол­лар көлемінде белгіленді. Ерекше атап өте­тін тағы бір мәселе, 2003 жылы Еу­ра­зия­лық экономикалық қоғамдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы ұйым мәртебесіне ие болды. Бұл – Еу­ра­зия құрлығындағы интеграциялық құ­ры­лым болып табылатын ЕурАзЭҚ-ты әлем­дік қауымдастықтың танығандығына бас­ты дәлел. 2006 жылдың 16 тамызында өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер мемлекет бас­шы­ларының ресми емес басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды. Ал 2009 жылдың 27 қарашасында Минск қала­сын­да Беларусь, Қазақстан және Ресей мем­ле­кеттерінің басшылары Кеден одағының Ке­ден кодексіне қол қойды. Тағы да бұ­рын-соңды экономикалық интеграция құ­ры­лымдарында баламасы болып көрмеген бұл тарихи құжат Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оқшауланғанды опық жегізетін мынау жап­пай жаһандану заманында эко­но­ми­ка­лық интеграцияға балама жоқ екендігін Елбасы тағы да өзінің өміршең бас­та­ма­сы­мен паш етті. Тұңғыш Президентіміз өзі­нің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: “Қазақстан ТМД-дағы инте­гра­циялық үдерістердің белсенді қа­ты­су­шы­сы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құры­луы – бұл қазақстандық барлық инте­гра­ция­лық бастамалардың серіппелілігі”, деп атап көрсетті. Ғасырлар тоғысында төрткүл дүние тү­гел интеграциялану үрдісіне толық мойын ұсынып, бұл көкейкесті шараны бір­те-бірте жүйелі жүзеге асырып келеді. Осы­дан тура он алты жыл бұрын ре­фор­ма­тор Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­ма­сы­мен Еуразия кеңістігінде де өркениетті интеграция қадамы басталды. Өткен 16 жыл ішінде Елбасының Еуразия идеясы то­лыққанды нақты нәтижелермен ай­шық­тал­ды. Бүгінде Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның үш өлшемі туралы – эко­но­микалық, әскери-саяси және мәдени-гу­манитарлық интеграция туралы батыл ай­туға болады. ЕурАзЭҚ аясында жүзеге асы­рылып жатқан нақты экономикалық интеграция шаралары жөнінде жоғарыда атап өттік. Әскери-саяси өлшем тұр­ғы­сы­нан келетін болсақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК құрылымдарын ерекше атап өт­кен жөн. Осы ретте АӨСШК-нің Азия­да­ғы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақ­сатында сенімді алғышарт қалып­тас­тыр­ғанын баса айту керек. Кеңеске мүше елдер АӨСШК-ні әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді ұстанатын мемлекеттер ара­сында мәдениеттер мен өрке­ниет­тер­дің өзара түсіністік жолындағы үнқаты­суын дамытатын Азиядағы баламасыз фо­рум ретінде бағалап отыр. Еуразия кеңіс­тігі әлемдік кейбір ірі өркениеттер бесігі ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар, жаһан­ның әр бөлігіндегі өркениеттерді бай­ланыстырған алтын көпір болып отыр­ға­ны ақиқат. Қазір тұңғыш Прези­ден­ті­міз­дің тікелей бастамасымен өмірге кел­ген бұл халықаралық ұйымның Азия құр­лығында өркениетті өзара ын­ты­мақ­тас­тық пен байланыстың бастауы болғандығын бүкіл әлем саясаткерлері бірауыздан мойын­дады. 1999 жылы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай мем­лекеттерінің Әскери салада өзара сенімді нығайту жөніндегі келісім негізінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде тек қауіпсіздік мақсатындағы іс-қимыл алаңы ғана емес, сонымен бірге, білім беру, мәдениет және әлеуметтік салалардағы өзара тиімді жобаларды үйлестіретін трансшекаралық байланыс орталығына айналды. Сонау бір болашағы болжаусыз тоқсаныншы жылдардың буырқанған толқынды тұстарында ешкімнің өңі түгілі түсіне де кірмеген Мемлекеттердің еуразиялық одағын құру туралы батыл бастама көтере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзіндегі ең алып құрлықтың халықтар арасындағы бей­бітшілік пен өзара ынтымақтастық кеңістігіне айналуына тұғырлы негіз қалады. Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында бүгінде Қазақстан төрағалық етіп отырған халықаралық мәртебелі Ұйым – ЕҚЫҰ-ның да басты қағидат­та­ры экономикалық интеграция, ынты­мақ­тастық пен қауіпсіздік болса, еліміз ең алғаш тәуелсіздік алған күннен бастап, Еуразия құрлығы елдерін осы көкейкесті мақсатқа жұмылдырған алтын көпір болып келеді. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың соңғы 19 жыл көлемінде халықаралық саясат сахнасында атқарған теңдессіз еңбегінің де темірқазығы барлық халықтар мұраты – бейбітшілік, ынты­мақ­тастық және экономикалық интеграция болды. ЕҚЫҰ ұстанған құн­дылықтар тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде Елбасымыздың сара басшы­лы­ғымен елімізде жүзеге асырылып жатқан көкейкесті мақсаттарымен тұтастай тоқайласты. Бүгінде бүкіл әлем Астана Саммитіне ерекше сенім артып, алдағы жаһандық басқосу барысында жаһандық ынты­мақ­тастық үдерістеріне тың серпін беретін шешімдер күтеді. Әлем алдындағы қазіргі тәуекелді кезеңде ЕҚЫҰ сияқты белді де беделді Ұйымға жүктелер жауапкершілік жүгі де зор болып отыр. Заманында тари­хи маңызы зор Хельсинки үдерісінің “бренді” жасалса, енді қазіргі қалып­тасқан ахуалдарға байланысты Астана Саммитінің жаңа “бренді” өмірге келмек. Хельсинки Қорытынды актісінің басты тұғыры бейбітшілік болса, Президентіміз атап көрсеткендей, жаңа мазмұнның да негізгі тұғыры бейбітшілік пен өзара ынтымақтастық болуға тиіс. Иә, мемлекеттер арасындағы инте­гра­циялану үрдісін саясаттағы темірқазыққа айналдырып келе жатқан Елбасы өзінің ресейлік “Известия” газетінде жария­лан­ған “Евразийский экономический союз: теория или реальность” атты мақа­ласында “Ұзақ мерзімді болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа балама жоқ” деп атап көрсетті. Бұл ретте белгілі еура­зия­шыл ғалым Л.Н.Гумилевтің “пассио­нарлық” түсінігін атап көрсеткен дұрыс. Яғни, Гумилевше айтқанда, тек пассио­нарлық тұлғалар ғана бір қарағанда тіпті мүмкін емес идеяларды ілгерілетіп, оны табысты жүзеге асыра алады. Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақи­қатқа айналған Еуразиялық идеясы соның жарқын мысалы болса керек. Ендеше, дәл қазір төрткүл дүниені мойындатып отыр­ған Еуразиялық идеяның отаны – Қазақ­стан, авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.