ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуге қол жеткізу – Қазақ елінің басты жетістігі. Ол ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қоғамдастықтағы абырой-беделі мен халықаралық деңгейдегі ұтымды да өзекті, заманауи ұсыныс-бастамаларының арқасында жүзеге асты. Енді бұл саммитті өткізу Қазақстанға қаншалықты тиімді деген қарапайым сауалға жауап іздеп көрсек.
Біріншіден, еліміздің әлемге танылуына мол мүмкіндік ашылады. 56 елдің жоғары деңгейдегі басшылары 20-ға жуық халықаралық ұйымдардың жетекшілері елордамызға атбасын бұрады. Мыңдаған әлемдік ақпарат құралдары Астанадан хабар таратып қана қоймай, еліміздің тыныс-тіршілігі туралы материалдар дайындайды. Елордамыз саммит кезінде әлемдік деңгейдегі саяси оқиға өтіп жатқан орталыққа айналады. Ұйымға мүше елдердің президенттері мен халықаралық ұйымдардың басшылары адамзатқа ортақ өзекті мәселелерді талқыға салады. Түрлі пікірлер, жаңа ұсыныстар, тың мәлімдемелер таратылады. Дүние жүзінің назары ол күндері ЕҚЫҰ Саммиті өтіп жатқан Қазақ еліне ауады. Бұл – мемлекетіңді бір-екі-ақ күнде жер-жаһанға танытатын керемет мүмкіндік.
Қазақстан осы жиынды өткізу арқылы өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін, сұлу табиғатын да таныстыра алады. Мұндай алқалы жиынды ұйымдастыру, бүгінгі заман тілімен айтқанда, еліңе кең көлемде халықаралық деңгейде пиар жасау деген сөз. Әлемге әр ел өзіндік ерекшелігімен танылуға ұмтылады. Мәселен, Норвегия, Сауд Арабиясы, Кувейт туралы әңгіме қозғалғанда бірден мұнайға бай бақуатты мемлекеттер екендігі ойымызға оралады. Ал Жапония, Оңтүстік Корея, Германия дегенде жаңа технологиясы дамыған елдер ретінде есімізге түседі. Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Түркияны айтқанда туризм, сауда орталықтары екендігін ескереміз. Сауд Арабиясы мұсылмандардың қасиетті орталығы ретінде, Голландия раушан гүлдерімен, Франция Эйфель мұнарасымен, Италия, Грекия ежелгі тарихи орындарымен дараланып тұрады.
Қазіргі күні Қазақстанның да өзіндік имиджі қалыптаса бастады. Біздің еліміз ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің орталығы ретінде танылып үлгерді. Қазақстандық үлгіні мойындаған ЕҚЫҰ, Ислам Конференциясы Ұйымы сияқты халықаралық құрылымдар төрағалық тізгіндерін сеніммен тапсырып отыр. Енді саммит барысында да осы ерекшелігімізді дүние жүзіне тағы бір паш етуге мүмкіндігіміз бар. Мына қым-қуыт жедел дамыған жаһандану заманында әлемді таңқалдырып, өзіңе тарту қиынның қиыны. Бірақ Қазақ елі Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында заман ағымынан қалыспай, өзіндік даму жолымен әлемге таныла алды. Бұл бір-ақ күнде келе салған жетістік емес, оның аржағында қазақ халқының кеңпейіл дархан көңілі мен ұстамдылығы, басқа ұлттармен сыйласа білген биік мәдениеті менмұндалап тұр. “Адам баласына адам баласының бәрі дос”, деген ұлы Абай бабамыздың ұрпағына қалдырған аманаты тәуелсіз Қазақ елінің негізгі ұстанымына айналды. Бұл ұстанымның дұрыс екендігін дүние жүзі мойындады.
Қазақстан әлем елдерімен ашық әрі әріптестік саясат жүргізу арқылы өз мүддесін түгендеп келеді. Қазақстан геосаясат тұрғысынан алғанда әлемдегі ықпалды елдердің мүдделері тоғысқан қауіпті аумақта орналасқан. Шығысымызда экономикасы нық, күш-қуаты мол Қытай, солтүстігімізде шекарамыз түйіскен ірі ел Ресей. Жанымызда қаншама жылдар бойы жанжал тоқтамаған Ауғанстан бар. Орталық Азияның өзінде алаңдататын мәселе көп. Қырғызстандағы жағдай әлі толыққанды тұрақтаған жоқ. Каспий арқылы Иранмен де көршіміз. Бұл елге де әлемдік қоғамдастықтың талабы күшейіп келеді. Осындай аумақта тұрған Қазақстан үшін әрдайым өз мүддесін тиянақтап, тұрақты және демократиялық даму жолына түскен ел екендігін танытып отыру қажетті іс. Оның, әсіресе, қауіпсіздік жағынан маңызы зор. Азулы көршілеріңмен тепе-тең саясат ұстану үшін еліңнің танымал болуы қажет, әлемдік қоғамдастықта өзіндік беделің болуы керек. Сондай ашық саясат ұстанған мемлекетпен дүние жүзі санасады.
ЕҚЫҰ Саммитін өткізу Қазақстанның беделін өсіреді. Еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартады. Бейбітсүйгіш, тұрақтылық қалыптасқан елімізге әлемнің ірі компаниялары қызығушылық танытады. Саммит кезінде әр елдің өкілдері Қазақстан туралы кең мағлұмат алады. Астанаға келген мемлекет басшылары екі жақты ынтымақтастықты дамыту жолдарын пысықтауға мән береді. Түрлі пайдалы қазбалар қоры мол елімізге жаңа ұсыныстар мен жобалар ұсынылады. Олардың арқасында Қазақстанға инвестиция тартылады. Бұл дегеніңіз жаңа өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Одан мемлекетіміз тек қана ұтады. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде шетелдік инвестицияның нәтижесінде экономикамыздың негізгі салалары аяғынан тұра алды. Елордамыз Астана, ірі мегаполис Алматы қаласы дамиды.
ЕҚЫҰ-ға төраға болу арқылы Қазақстан өзінің түрлі халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін де жақсарта бастады. Жақында еліміз Британияның тәуелсіз ғылыми-зерттеу институты жүргізген сауалдама қорытындысына сәйкес, яғни халқының тұрмыстық жағдайы, әл-ауқаты, экономикалық көрсеткіштері бойынша әлем елдері арасында 50-орынды иеленді. Legatum Prosperіty Іndex рейтингі бойынша, Норвегия, Дания және Финляндия көш басынан орын алса, Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстаннан бір саты ғана жоғары тұр. Ал, Беларусь 54-ші, Ресей 63-ші, Украина 69-шы орындарды иемденді. 110 елдің әл-ауқаты сараланған тізімді Пәкстан мен Зимбабве аяқтайды. Зерттеу нәтижесіне сүйенер болсақ, Қазақстан бір жылда 26 сатыға бір-ақ жоғарылады. Лигэтум институты мұндай зерттеуді осымен 4-жыл қатарынан жүргізіп келеді. Қазақстанның бір жылда осындай көрсеткішке қол жеткізуі институт мамандарын таңқалдырған. Сарапшылар бұған ішкі және сыртқы бағдарламалар мен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі ықпал етті деп есептейді.
Халықаралық деңгейдегі алқалы жиынды өткізу туризм саласының өркендеуіне де зор әсер ететін болады. Саммитке дайындық барысында Астанадағы инфрақұрылым жетіліп, қызмет көрсету сапасы әлемдік деңгейге көтеріледі. Қонақтар тек Астана ғана емес, басқа да табиғаты тамаша өңірлермен танысады. Қазақ елінің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі жайлы ақпарат алады. Бұдан артық елімізді таныту үшін қандай шара керек. Сондықтан жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, әр азамат зор мақтанышпен әрі үлкен жауапкершілікпен өз қолынан келетін істі тиянақты атқару арқылы саммиттің сәтті өтуіне үлес қоса алады.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, журналист.