____________ ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Бұл аптаның басында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қарамағындағы ведомстволарға тапсырған екі мәселе жалпы құрылысқа қатысты болды. Олардың бірі “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі төңірегінен түрен тартса, екіншісі әлеуметтік нысандарға арналған құрылыс нормалары мен ережелері жөнінен өрбіді.
Алдымен жолдың жайына келейік. Әңгіме жоғарыда аталған мемлекетаралық трассаның Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін белгілі бір бөлігі турасында болып отыр. Бұған дейін аталмыш жолдың Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағын қамтитын бөлігіндегі құрылысы кестеге сай жақсы жүріп келе жатқаны жалпыға аян болғанымен, Оңтүстік Қазақстан облысы ауқымындағы үлесінде көп кібіртік бары байқалып келіп еді. Сөйтсек, оның да өзіндің себептері бар екен. Мұндағы жол түсетін жерлердің айтарлықтай ауданындағы жер телімдерін кезінде әркім сатып алып қойыпты. Енді олардан сол аралықтардағы жерлерді қайта сатып алу біраз қиындықтар келтірген. Себебі, екі жақ баға жөнінен ортақ шешімге келе алмаған.
Сондықтан аптаның басында Үкімет басшысы Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовті шақырып, екеуінің 29 қазанда өткен “Астана-Шымкент” телекөпірі барысында айтылған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізі құрылысының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы құрылысын үдемелі түрде жүргізу және магистраль құрылысы үшін аталмыш аудандағы жер телімдерін сатып алу тапсырмаларының орындалу барысы туралы есептерін тыңдады. Осыған орай министр Ә.Құсайынов пен әкім А.Мырзахметов жол құрылысы үшін қажетті жер учаскелерін сатып алу кестесі жасалып қойылғанын мәлімдеді. “Жұма күні Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша мәселенің мәнісімен жергілікті жерге барып таныстық, - деді Ә.Құсайынов. – Негізгі проблема қазіргі таңда 232 шақырымдық автожолдың 202 шақырымы сатып алынып, құрылыс үшін толық босатылғаны, сол жерлерде жұмысты бастап кетуге бола беретіндігі арқылы шешілді. Қалған 30 шақырым аумақтың үштен екі бөлігін сатып алу желтоқсанның 15-іне дейін бітеді. Ал соттың араласуымен шешілетін мәселелер алдағы жылғы 10 наурызға дейін аяқталады”. Ол сондай-ақ 1 желтоқсанға дейін тағы 22 шақырымдық жолдың үстіңгі қабаты алынатынын айтты. Қалған 8 шақырымдық бөлікке қойылған шектеу 2011 жылғы наурызда алынады. Осылайша министрлік жол құрылысы мен оны реконструкциялау жұмыстарын желтоқсан айында бастап кетеді.
Өзінің сөзінде Ә.Құсайынов сонымен қатар құрылысы жақсы жүріп жатқан Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағында биыл 400 шақырым жолдың пайдалануға берілетінін баяндады. Қыс мезгілінде бұл аралықтарда көлік жүре бастайды.
Премьер-Министрдің алдында әлеуметтік нысандар үшін салынатын құрылыс нормалары мен ережелері жөнінде қозғалған екінші мәселе де өткір қойылды. “Бақсам, бақа екен” демекші, біздің құрылысшыларымыз әлі күнге дейін кешегі кеңес заманында қабылданған нормалармен жұмыс жасап келеді екен. Қазіргі заман талабына жауап бере алмайтын бұл ережелер өз кезегінде саладағы жұмыстардың жақсы жүріп кетуіне кедергі келтіруде. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы 18 қазанда Үкімет басшысына мектеп, аурухана және емхана секілді басқа да әлеуметтік нысандар құрылыстарының бағаларын арзандатудың шараларын қарастыру жөнінде тапсырма берген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Кәрім Мәсімов Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне мүдделі мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, құрылыс нормалары мен ережелерін модернизациялау және әлеуметтік нысандар құрылыстарына қойылатын талаптарды оңтайландыру жөнінде міндет жүктеген болатын.
“Алдын ала алынған бағалар бойынша, бұл шаралар мектептер мен басқа да әлеуметтік құрылыстарды салу кезінде үнемдеуге жол ашады, – деді Кәрім Мәсімов таяуда “Нұр Отан” активі мен оның Парламенттегі фракциясы алдында сөйлеген сөзінде. – Сондай-ақ, медициналық ұйымдарды жабдықтармен жарақтандыру нормативтері де қайта қаралатын болады. Бұл алдын ала есептеулерге қарағанда, құрылыс құнын 23 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді”.
Жаңа норма мен ережені Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесе отырып жасап шықты. Атап айтқанда, өзгерістер Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелері деп аталатын құжатының “Мектепке дейінгі мекемелер”, “Жалпы білім беретін мекемелер” және “Емдеу-алдын алу мекемелері” деген тарауларына енгізілді. Ол енді балалар бақшалары, мектептер, ауруханалар, емханалар, амбулаториялар, дәріханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер тәрізді нысандарды жобалау мен құрылысын салудағы параметрлердің барынша ықшам болуына тікелей әсер етеді. Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру нысандары үшін жаңа санитарлық нормалар мен ережелер бекітті.
“Салынатын барлық мектептердің, ауруханалардың және емханалардың жобалары оңтайландырылатын болады, – дейді осы орайда Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин. – Енді бұл жөніндегі барлық ақпараттар жобалық-сметалық құжаттарды қайта қарау үшін жергілікті атқару органдардың қарауына ұсынылады. Ал жаңа жылдан бастап барлық жаңа нысандар жаңа құрылыс нормалары мен ережелері бойынша салына бастайды”. Осылайша, құрылыстың белгілі бір саласына да реформа келді. Ол әлеуметтік сала құрылыстарына қазіргі заманғы талап көзқарасымен келуге, сондай-ақ мемлекеттің оқу және емдеу орындары үшін бөлетін қаржыларының тиімді пайдаланылуын жақсартуға жол ашады. Бекітілген құрылыс нормалары мен ережелері биылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді.
Серік ПІРНАЗАР.