ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы_____________________________
“Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен” демекші, қалтасы жұқарған қарапайым халық үшін, оның ішінде зейнеткерлер мен көп балалы отбасылары үшін азық-түлік түрлерінің, әсіресе, нан және нан өнімдері бағасының сәл болса да қымбаттауы қабырғаға бататын құбылыс. Осыған қарамастан биылғы егін орағы басталар-басталмастан-ақ еліміздің бірқатар өңірлерінде нан бағасы көтеріліп шыға келді. Ауа райының қолайсыздығын желеу еткен алыпсатарлар жең ұшынан жалғасып, ұнның бағасын көтере қойды. Шындығына келетін болсақ, бұл ұн өткен жылдың мол астығынан тартылған, биылғы жылдың жаңа астығына ешқандай қатысы жоқ, оның үстіне Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы қорынан ең арзан бағамен босатылған ұн болатын. Мәселен, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ өткен жылы бидайдың әрбір тоннасын 18 500 теңге бағамен босатса, биылғы орақтың бидайын 26500 теңге деп белгіледі. Ауа райының қуаңшылығына қарамастан еліміздің егіншілері 13 миллион тоннаға жуық астық бастырды. Өткен жылдан қалған қордағы астықты қосқанда, елімізде ішкі рыноктың сұранысын былай қойғанда, 7-8 миллион тоннаға дейін астық импорттайтын мүмкіндік бар.
Жүгенсіз кеткен кәсіпкерлер бұған қарап жатқан жоқ. Көрші елдердегі, оның ішінде Ресейдің бірқатар өңірлерінде астық шықпай қалғанын желеу етіп, ішкі рыноктағы монополиясын пайдаланып, азық-түлік бағасын күрт қымбаттатып жіберді. 2010 жылдың өткен 10 айындағы инфляция деңгейі 7,0 пайызды құраса, оның 5,5 пайызы азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына байланысты орын алған. Ел Үкіметі жең ұшынан жалғасқан кәсіпкелер мен алыпсатарлардың бұл қылмыстық сыбайластығына қарсы шұғыл шаралар қолданды. Бәсекелестікті қорғау агенттігі жер-жерлерде орын алған осындай оқиғаларды жан-жақты зерттей келіп, ұнның бағасын негізсіз қымбаттатқан 44 субъектінің, нан бағасын көтерген 33 субъектінің, өсімдік майының бағасын қымбаттатқан — 35, қарақұмық бағасын өсірген — 34, көкөніс бағасын қымбаттатқан 7 субъектілердің үстінен тексеріс шараларын жүргізді. Ұн және нан бағасын сыбайластық келісім арқылы қымбаттатқан 13 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Павлодар облысынан “Мука Казахстан”, “Фирма АРГО” ЖШС-лары, жеке кәсіпкер Досыбаев, Солтүстік Қазақстан облысынан “Петропавловский хлебобулочный комбинат” ЖШС, Қарағанды облысынан “Мука Трейд”, “Мутлу Маркентинг” ЖШС-лары, Жамбыл облысынан Ниязов, Рысжанов, Сакетелян, Шермухамедов сияқты жеке кәсіпкерлер бар. Ал Батыс Қазақстан облысындағы “Ақ-қайнар” және “Желаевский комбинат хлебопродуктов” ЖШС-ларының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында нан өнімдерін жеткізуші 33 субьектілердің істері тексерілуде.
Тағы бір ерекше алаңдатарлық мәселе, Үкімет бастамасымен астығы аз өңірлерді қолдау мақсатында “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ қорынан арзан бағамен астық және ұн жөнелту жөнінде меморандум қабылдауға қол жеткізген болатын. Өкінішке орай, кейбір өңірлер осы арзан астықты жеткізіп алуда да немқұрайдылық танытып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін осы меморандумда белгіленген астықтың Жамбыл облысы бар болғаны 3,4 пайызын, Маңғыстау 6,4 пайызын, Атырау 14,4 пайызын ғана тасып алған. Тіпті сорақысы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, бұл ортақ қордан бөлінген арзан астықты өңірлердегі нан және нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін емес, кейбір ретте басқа алыпсатарлық саудаға пайдаланатын мысалдар да орын алған екен.
Міне, Үкімет тарапынан жасалған осындай шұғыл шаралардың нәтижесінде нан бағасын біршама тұрақтандыруға қол жеткізілді. Қазір елімізде бір бөлке нанның орташа бағасы 40-43 теңгеден сатылуда. Тұрғындардың мүддесін ойлап, тиімді шараларды жүзеге асырған өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандырып қана қоймай, біршама арзандатуға дейін қол жеткізген өңірлер баршылық. Бұл ретте қазан айында әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік түрлерінің бағасын арзандатуға қол жеткізген Ақтөбе және Қызылорда облыстарының игі бастамасы басқа өңірлерге үлгі болса керек.
Осы орайда Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл тізімге бірінші кезектегі қажетті 18 азық-түлік түрлері енгізілген. Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұны, бидайдан жасалған нан, макарон өнімдері, дақылдар (қарақұмық, сұлы, мәни, жарма және ақталған тары), күріш, картоп, көкөніс (сәбіз, сарымсақ, қырыққабат, қызылша), қант, өсімдік майы, ет (сиыр, қой, құс еттері), сүт, айран, жартылай майлы ақ ірімшік, қаймақ, сары май, жұмыртқа, тұз және шәй еліміздің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізіміне енгізілген. “Сауда қызметін реттеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабына сәйкес осы тізімге жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасын өсіруге міндетті түрде шектеу қойылуға тиіс. Өкінішке орай, ішкі рыногымыздағы осы азық-түлік тауарларын сататын субьектілер көп ретте бұл заңды белден басады. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар еліміздің аз қамтамасыз етілген тұрғындарын қорғау мақсатында қабылданған бұл маңызды заң нормаларының бұзылмауын бірінші кезекте бақылауға алуы қажет.
Соңғы кезде Кеден одағына кіретін елдерде, атап айтқанда, Ресейде сүт және сүт өнімдерінің қымбаттауы орын алған. Сонымен бірге елімізде қазір жемазық қорының қымбаттауына байланысты құс еті мен жұмыртқа бағасының күрт көтерілу қаупі бар. Үкімет бұл келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында да нақты шаралар белгілеп отыр. Жергілікті билік органдары сол шаралардың нақты іс жүзіне асырылуын қадағалаулары қажет. Алдағы уақытта ішкі рыноктағы азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар Үкімет бастамасымен қабылданған екіжақты меморандумдардың мүлтіксіз орындалуын, базар бағасын төмендету мақсатындағы ауылшаруашылық жәрмеңкелерін жүйелі өткізу, ауыл еңбеккерлеріне өздерінің өнімдерін тікелей сатуға жағдай жасау мәселелерін тұрақты түрде назарға алулары қажет. Азық-түлік рыногында өркениетті бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында көтерме және бөлшек сауда инфрақұрылымын дамытуды қолға алып, алыпсатарлардың рынокқа монополия жасауына үзілді-кесілді тосқауыл қоюлары қажет. Бүгінде елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қажетті мүмкіндіктер жеткілікті. Астықтан бастап, барлық азық-түлік түрлерінің мол қоры бар. Тек ақшаға құныққан алыпсатарлар мен тойымсыз кәсіпкерлердің жең ұшынан жалғасқан сыбайластығына тосқауыл қойылса, баға да тұрақтанады, халқымыздың әлеуеті де артады.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлері жылыту маусымына көшкен. Осы мәселе арнайы қаралған Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин барлық өңірлердегі жылу беру және электр тарату желілерінің жан-жақты дайындық сапына қойылғанын атап көрсетті. 10202 мектеп, 7178 денсаулық сақтау мекемелері, 5039 әлеуметтік нысан және 38468 көп қабатты тұрғын үйлер жылу беру маусымына сақадай-сай дайындықпен қосылған. Алайда, 2010 жылдың 28 қазанындағы дерек бойынша, тұтынушылардың өткен жылдың жылыту маусымынан бері келе жатқан коммуналдық төлемдер бойынша берешегі 8,2 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл ретте жылумен жабдықтау бойынша берешек 4,4 млрд, теңге, электр энергиясы бойынша 2,1 млрд, сумен жабдықтауда 1,1 млрд, газ және кәріз бойынша 600 млн. теңге. Коммуналдық төлемдер бойынша тұрғындардың үлесі 5,0 млрд, теңге, заңды тұлғалардың қарызы 2,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттер 331 миллион, республикалық бюджет қарызы 149 миллион теңге көлемінде болған. Коммуналдық қызмет төлемдері бойынша ең ірі қарыз мөлшері өңірлер бойынша Астана және Алматы қалаларының үлесінде, тиісінше 1 млрд. 836 млн. және 1 млрд. 680 млн. теңге болып отыр.
Биылғы жылғы қыс маусымынан қиналмай шығу мақсатында кейбір өңірлерге Үкімет қорынан мол қаржы бөлінді. Мәселен, Ақмола облысының Щучье және Макин қалалары үшін отындық мазут сатып алу үшін 552 млн., Шығыс Қазақстан облысының Семей, Курчатов, Зырянь қалалары мен Глубокое кентіне қажетті көмір сатып алуға 238 миллионнан астам, Қостанай облысы бойынша табиғи газ бағасының айырмасын жабуға 922 миллион теңгеден астам қаржы берілді. Сондай-ақ, Мұнай және газ министрлігі ішкі рынокқа қажетті мазуттың әрбір тоннасының бағасын экспорттық рынокта қалыптасқан 45 мың теңгенің орнына 32 мың теңгеден босатуға шешім қабылдады.
Иә, “қысқы шанаңды жазда сайла” демекші, ел Үкіметінің алдын-ала белгілеген тиімді шаралары мен ілкімді жұмысының нәтижесінде еліміздің барлық өңірлері бірдей қысқа қажетті отын-суын қамдап, азық-түліктің жетерлік қорын жасап алды. Енді осы игілікті сыбайлас жемқорлардың қалтасын қалыңдатар табыс көзіне айналдырмай халқымыздың мүддесіне жарату – жергілікті атқарушы органдардың парызы.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Коммуналдық қызметтер