Бесік жырын несіп жырына ұластырып, жақсы нәрсенің бәрін үлгілі ырымға жорып, оны өмір бойы жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге ету жағынан қазақ жұртының өзіндік қадір-қасиеті бар. Әсіресе, бұлқынып өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ұлттық үлгінің жөні бөлек. Баланың жаны таза, көңілі пәк, ниеті кінәратсыз. Ол көзін ашып көрген жақсылықты өмір бойы есінде сақтайды. Жүрегіне жол тапқанды, әсте ұмытпайды. Қызығушылығы да бөлек, үңіліп қарайтыны да аз емес. Қазір тіпті көбейіп кетті. Телеарнадағы қилы-қилы дүниелердің бала тәрбиесіне оң әсер ететіні де, теріс жолға тартатыны да аз емес. Бұл мәселе ел болғалы бері аз айтылып келе жатқан жоқ еді. Жақында оның да түйіні шешілді. “Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер”, – деп атам қазақ тәмсіл еткендей, таза қазақ тілінде, балаларға арналған “Балапан” телеарнасы осы жылдың 27 қыркүйегінде үлкен жолға шықты.
Ия, бұл ел өміріндегі елеулі оқиға, тарихтың алтын парағына жазылатын ерекше сәт десек артық айтқандық емес. Сол “Балапан” бүгін қырқынан шығып отыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарататын үш телеарна ашу жөніндегі тапсырмасының алғашқысы еді. Балаларға жасалған осы жақсылықтан кейінгі кезекте, сол ұрпаққа білім берудің аясын кеңейтетін “Білім”, рухани құндылықтарымызға ұйытатын, алтын қазынамыздың өткені мен бүгінін жинақтап қор жасайтын “Мәдениет” телеарналары ашылады. Біз бүгін осыдан 40 күн бұрын өмірге келіп, жанары көгілдір экраннан жарқ ете түскен, қырқынан шығып, қырық қадам аттаған телеарна туралы топтаманы қалың жұртшылыққа ұсынып отырмыз.
ОРЫНДАЛҒАН АРМАН
“Қазақ мультфильмінің атасы” атанған біздер де тоқсанға жақындап келеміз. Мұндайда түрлі науқас та қыспаққа алады екен. Қазір газет қарауға, теледидар тамашалауға дәрмен жоқ. Бірақ, балаларға арналған “Балапан” деген телеарнаның ашылғанын естіп, әбден қуандым. Бүлдіршіндерімізді ана тілімен сусындатып, кейде ата-анасы бере алмаған ақылды айтып, оны жақсылыққа баулып, жамандықтан жерітіп отыратын дүниенің бірі теледидар болғалы қашан?!
Кезінде қазақша мультфильмдер саусақпен санарлық екені айтылып, талай дабыл да қағылды, мәселе де көтеріліп жүрді. Ел еңсесін тіктеген тұста, міне, “Балапан” да тұсауын кесті. Неге қуанбаймыз? Қуанамыз!
Балалар арнасы шынайы беделге тәжірибе арқылы, суретші-аниматорлардың төккен тері арқылы жетеді. Дегенмен, қазір мультленталар “милы машиналармен” жасалынатын болды ғой. Баяғыда бір мультфильмді жасауға сегіз айдай уақыт кететін.
Техниканың дамыған заманында балаларға арналған бағдарламалар мен анимациялық туындыларды тудыруға талап пен талант және қаржылай қолдау да керек болатын. Енді осы жоқтың орны толды.
Мемлекет “Балапанды” дамытуға үлкен мүдделілік танытып жатқанына да куә болатын күндер келіпті. Бұл – үлкен оқиға. Бұл – сауапты іс. Уақыт үдерістерімен қаншама қиындықтар мен өзгерістер бола берер. Алайда, балалық шақ деген бір орнында тұрмайды. Сәби жас кезінде көргенін, естігенін миына сіңіріп өседі. Осы өсіп келе жатқан ұрпақты өз рухымызбен, қазақы болмысымызбен тәрбиелегенде ғана аласапыран заманаға жұтылып кетпейміз. Қазақ болып, қанатымызды жаһанға жаямыз. Осы мақсатқа бізді жеткізетін қазіргі теледидар алдында телміріп отырған балаларымыз болады.
Сондықтан да мен “Балапан” деген арнаның ашылғанына қуанып қана қоймай, аталық батамды да арнаймын. Соңғы жылдары Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясында суретші-аниматорларды үздіксіз даярлау ісі жолға қойылды. Шамамыз жеткенше осы мақсатқа қызмет те еттік. Академияда талантты актерлер, тамаша режиссерлердің буыны даярлануда. Осы мамандар “Балапан” арнасының буынын бекітеді, жетпегенін жеткізеді.
Қазір бұл арнаны сынап-мінеудің, кемшілік іздеудің қажеті жоқ. Оған қолымыздан келгенше көмегімізді, қолдауымызды, көп болып ойласып, ақыл-кеңесімізді беруіміз керек. Сонда “Балапан” кәсіби тұрғыдан көтеріледі.
Біздер қазақ мультфильмдерін дамыту үшін тынбай мүдделестер мен таланттар іздеген едік. Сол ниет жерде қалмаған екен! Ниеттестер табылған екен! Соған қуанамыз!
Әмен ХАЙДАРОВ, қазақтың алғашқы мультипликаторы, “Тарлан” сыйлығының лауреаты.
Алматы.
* * *
АҚЖОЛТАЙ ІСКЕ – АҚ ЖОЛ!
Балалар есі кіре келе айналасындағы барлық құбылыстарға зер сала қарап, үлкендердің сөзін зейін қоя тыңдап, рухани маңызы ерекше дүниелерге өздері де қызыға бастайды. Естерінде сақтауға тырысады. Мұндайда көгілдір экранның маңызы зор. Тек осы уақытқа дейін аракідік шетелдік, бізге жат идеологияның құрсауына түсіп, солардың ықпалымен бойжетіп, ер жетіп, ата-аналарын “әттеген-айлатып” жүрсе, қалай болмақ дегенде үрейлі ой жұртшылықты жиі мазалап келгені рас. Міне, оның да орны толды. Балаларға арналған телеарна ашылды. Ол “Балапан” деп аталады. Ақжолтай іске – ақ жол!
Бұл Шерағаң жазып жүрген бір кем дүниенің бірі сияқты еді. Көпшіліктің аңсаған арманы осы еді. Сол арман жүзеге асты. “Балапан” сәби, бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп, небір қызықтарға кенелтіп, көгілдір экранның сәнін кіргізіп жатыр. “Балапан” кейіпкерлері өз халқының, ата-анасының, өздерінің ана тілінде, туған тілінде, дүниеге шыр етіп келгенде алғаш естіген тілінде сөйлеген соң да, әрбір негізгі көрерменнің жүрегіне жақын, мейлінше ұғынықты.
Балаларының мемлекеттік тілді игеріп өсу үшін көмекші құралдардың жеткіліксіз екенін алға тартып, өкініш білдіре беретін өзге ұлт өкілдері де риза.
Бір қызығы жан-жануарлардың төлдері туа сала аяқтанып, көп кешікпей шапқылай жөнелмей ме? Ал адамзат нәрестесі жарық дүниеге келген соң, араға оншақты ай, тіпті бір жылдай уақыт салып аяқтанады. Адамзаттың ақыл-ойымен дүниеге келген жаңалықтар да дәп солай бірте-бірте жетіледі. Әзірше “Балапан” көзін ашып, айналаға қарау үстінде. Өміршең болғай! Зыр жүгіріп жүретін күндерге жетсін делік.
Телеарнаның жанашырлары аз емес. “Келісіп пішкен тон келте болмайды”, дегендей, сол жанашырлары өз ойларын үнемі ортаға салып, авторлары ұтқыр дүниелермен қамтамасыз етіп отырса, еліміздің барша балалары алдынан шықпайтын кезге де әлі-ақ жетерміз. Қазіргі аяқ алыс соған меңзеп тұрғандай.
Сәбилер мен бүлдіршіндер, балалар қамын ата-аналарынан бетер ойлайтын Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз!
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ, балалар ақыны.
* * *
БАЛАНЫҢ ЖҮРЕК КІЛТІ
Күні кеше жүз жылдығын атап өткен қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы өзінің жаудан да, даудан да қорықпайтынын, бірақ бір қорқынышы баланы бесікке бөлемейтін, немересіне ертегі айтпайтын әжелердің көбейгенінен, соның кесірінен бе бір түрлі ұрпақтың өсіп келе жатқанынан үрейленетінін айтқан еді. Шынында, ұрпақ тәрбиесі алдымен ата-ананың қолында. Мен оны өз өмірімнен көріп, біліп отырмын. Бүкіл саналы ғұмырымды ұстаздық қызметке арнадым. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп өсірдім. Қазір олар ел мақтанышы. Ендігі жұмысым отбасының ұйтқысы болып, ұл-қызымнан тараған немерелерімді баулудамын.
Мен де кейде Бауыржан батырдай күй кешуші едім. Ол – Қазақ елі теледидарындағы балаларға арналған бағдарламаның кемшіндігі болатын. Ойсырап тұрған сол олқылықтың орны жақында толды. Біз секілді әжелерге көмек болатын “Балапан” атты телеарна іске қосылды. Мен қазір немерелеріме осы “Балапанды” қосып қойып, өзім қосыла кетіп қызықты әңгімелерді жандандырып жіберетінім бар. Бала көңілі талшыбық, құлақ қоя тыңдап, менің сөзім мен теледидардағы бейне ұштасқанда жүздері жайнап шыға келеді. Болашақта біз секілді әжелер бүлдіршіндердің ортасында отырып неше түрлі ертегілер айтып, балаларға арналған ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болады. Тіпті жан-жануардың алуан түрлі қимыл-қарекеттерін балаларды қатыстыра отырып көрсетсе, бұл әсіресе қаланың балаларына қызықты болары күмәнсіз. Ал ауыл баласына қаланың тірлігін ыңғайлап жасаса, олардың да ықыласын тудырады. Әрине, мұның бәрі болашақта атқарылатын жұмыстар. Мен бұл арнаны баланың жүрек кілті дер едім. Кілті ашылған телеарнаның жолы ашық, өмірі ұзақ, миллиондаған бүлдіршіннің құлшына көріп, құлындай құлдыраңдап жүретін қимасы бола берсін!
Күләсия РАҚЫМОВА, зейнеткер.
Астана.
* * *
ОҚУШЫЛАР ДА ҚЫЗЫҒА КӨРЕДІ
“Балапан” атты телеарна іске қосылғалы бері де қырық күнге таяу уақыт өтіпті. Бұл дегеніміз, нәресте – бағдарламаның бір қадам алға жылжығанын көрсетеді.
Мен алғашқы еңбек жолымды балабақшада тәрбиеші болып бастап, одан кейінгі біраз жылдардан бері бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп келемін. “Балапан” телеарнасын тек бүлдіршіндер ғана емес, оқушылар да қызыға көріп, сабақ үстінде әңгімеге тартсаң ондағы көрсетілімдерді әрін бұзбай әңгімелеп береді. Бұл хабар әсіресе, ана тілінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсіруге көп септігін тигізе бастады. Бұған қоса тәрбиелік, танымдық маңызы да ерекше. Осыған дейін өзге жұрттардың бағдарламаларын көріп, соны қызықтап келген балалар енді өз телеарнамыздағы ұлттық үлгілерді қызықтап, жақсы дәстүрлерден тағылым ала бастады. Ең бастысы таза қазақ тіліндегі телеарна балаларға арналған бағдарламадан бастау алуы көңілге қуаныш ұялатумен қатар, рухани өміріміздегі елеулі белес деп білемін.
Алдағы уақытта “Білім” арнасы ашылады дегенді естіп, ұстаздар қауымы оны асыға күтіп жүр. Себебі, ондай қазақ тіліндегі бағдарламаның оқу үрдісіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, көргені көп, көңілге түйгені мол тәжірибелі мұғалімдердің өнегесі ерекше болмақ. Сол арнадан әр пән бойынша сабақ берудің үлгісі, оқытудың әдіс-тәсілдері көрсетіліп отырса, жас мамандар тәжірибесі толығып, сабақ сапасы артары сөзсіз. Жалпы, теледидардың дәуірі дүрілдеп тұрған заманда қазақ тілінде мұндай телеарнаның ашылуы ел өркендеуін танытып қана қоймай, іргеміздің нығайып, бәсекеге қабілетті бола бастағанымызды дәйектері анық. Сөз түйіні: қырық қадам аттаған “Балапанның” қанаты қатайып, бұғанасы беки берсін деген тілектеміз.
Шолпан ҚАНАЕВА, О.Жандосов атындағы қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Алматы облысы.