05 Қараша, 2010

Елбасы тапсырмасы қалай орындалуда?

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазан айының 20-сыншы жұлдызында Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыстар, Астана және  Алматы қалалары әкімдерімен кеңес өткізіп, оларға тығыз да жауапты тапсырмалар бергені белгілі. Батыс Қазақстан облысы активінде осы тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Активте баяндама жасаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Елбасы берген сегіз тапсырманың әрқайсысына тоқталып, оны уақытында әрі тиянақты орындау өңірдегі өзі бастаған әкімдер корпусына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Баяндамадан ұққанымыз – об­лыс­та Елбасы тапсырмалары өз уақы­тында орындалып келеді. Облыс бас­шы­сы бұл мәселедегі кейбір қалта­рыс­тар мен иірімдерді де жасырып қалған жоқ. Айталық Президенттің жетінші тапсырмасы тұрғындардан түсетін арыз-шағымдарға сергек көңіл қою қажеттілігінен туындайды. Б.Ізмұхамбетов өз баяндамасында облыстан Президент Әкімшілігі мен Үкіметке түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі жергілікті жерде шешімін таба алатын мәселелер болып шыққанын атап көрсетті. – Бұл облыстағы кейбір әкімдер мен басқарма басшыларының өз іс­те­ріне немқұрайлы қарауының көрі­нісі. Осындай жауапсыздық пен сал­ғырттықтың салдарынан азаматтар би­ліктің жоғары сатысына шағым­да­нуға мәжбүр болады. Жоғарғы жаққа жолданған кейбір хаттар мен арыз-шағымдарда Елбасынан үй сұрағандар да бар. Ауылда тұрып өзіне қаладан үй беруді талап етіп хат жібергендер де кездеседі. Мұның бәрі тұрғын үй жөніндегі заңдылықтарға қайшы келеді. Әрі үй тек тұрғылықты жері бой­ынша кезекпен берілетінін әркез назарда ұстаған жөн. Бұл тұрғыда ауыл әкімдері тұрғындармен жүргі­зіле­тін түсінік жұмыстарының дең­гейін көтеруге тиіс, – деді  Бақ­тықожа Салахатдинұлы. Сондай-ақ активте Елбасы тап­сыр­масына сәйкес білім беру мен денсаулық сақтау нысан­дарында са­ни­тарлық ережелер мен норма­лар­ды қатаң сақтаудың қажеттілігі жөнінде ай­тылды. Бұл бағыттағы құрылыс жұ­мыстары үнемді әрі тиімді жүргізілуге тиіс. Бұл орайда басы артық қаржы шығындарына жол берілмеуі керек. Алайда мектептерге күрделі жөн­деулер жүргізу секілді жауапты жұ­мыстардан қаржы аяп қалуға бол­май­ды. Солай істелді де. Нә­ти­жесінде соңғы үш жыл ішінде об­лыс­тағы жалпы білім беретін мек­теп ғима­раттарының тең жарты­сына жуы­ғына күрделі жөндеулер жүргі­зілді. Әйтсе де бүкіл істі осымен біт­ті­ге са­науға болмайды. Бүгінгі күні өңір­дегі 4 мектеп ғимараты апатты жағ­дайда екені анықталды. Алдағы жылы оның бәрінің орнына жаңа мектеп ғимараттары тұрғызылмақ. Оның жобалау-сметалық құжат­та­ры әзір деді облыс басшысы. Со­нымен бірге тиімділік пен үнем­ділік ұста­нымы жағ­дайында бос ғимарат­тар мен то­лық емес мек­тептер де кәдеге толық жаратылуы қажет. Активке қатысушылардың наза­рын Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың сөзі де айрықша аудар­ды. Теректі облыс орталығының іргесінде қоныс тепкен іргелі елді мекен. Соған қа­рамастан өзге өңір­лермен салыс­ты­ра қарағанда оның инфрақұры­лымы артта қалып қойған. Осы ауданға жаңадан тағайындалған басшы облыстың басты жиынында аумақты алға бастыру жөніндегі өз ой-пікірін ортаға тастады. Сондай-ақ облыс активінде экономика және бюджеттік жос­пар­лау, қаржы басқармалары бас­шылары биылғы жылдың тоғыз айының қорытындылары жөнінде есеп берді. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. ---------------------------------- Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.