Бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі қауіпсіздік екені белгілі. Ол адам баласының толыққанды өмір сүруі үшін қажет. Өйткені, қарапайым ғана жол қозғалысы ережесінің сақталмауы салдарынан талай адамның өмірі қыршын кетіп жатқаны қазір жасырын емес. Бұл арада: “Мына жылы мынадай адамдар жол апатынан опат болды” деп қайталай бергеннен де ештеңе шықпас. Ең бастысы солардың өмірінің үзілмеуіне әрбір мемлекеттік орган өз үлесін қоса алуы қажет дейміз. Себебі, бейбіт күнде адам өліміне жол беріп қою ешбір ұғымға сыймайды. Сондықтан да еліміз жолдарындағы көлік апаттарының санын азайту мәселесін ІІМ Жол полиция комитеті белсене қолға алып отыр.
Комитет басшысы полковник Қайрат Тыныбековтің айтуына қарағанда, 2007-2009 жылдар аралығында көлік саны 950 мыңға өскенімен, апат саны 22 пайызға төмендеген. Оның үстіне қаншама кемшіліктер болса да, яғни жолдардың талапқа сәйкес келмейтіндігі, көшелердің тарлығы, жүргізушілер мәдениетінің төмендігі, автомәшинелердің ескілігі және олардың орасан көптігіне қарамастан нақты жол-көлік апатынан кісі өлімі мен жаралану азайып, 1400 адамның өмірі сақталынып қалса, 4600 азамат жараланудан аман қалды. Бұл үлкен жетістік. Ең бастысы – адамдарды жол апаттарынан аман сақтап қалудың іргетасы қалана бастады. Оның нақты тәжірибесі де жинақталып қалды. Бүгінде Қазақстанда осындай жағымды да жарасымды тәжірибе жетістіктерін өзге жұрт көре білгендіктен оған қызығушылық та танытып отыр.
Мұндай алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөлісу үшін комитет төрағасы Санкт-Петербургке арнайы шақыртумен барып қайтты. Онда қазақстандық жол ережесінің бас қадағалаушысы халықаралық конгресстің “Өмір қауіпсіздігі үшін жолдағы қауіпсіздік” атты үшінші отырысына қатысты. Қатысып қана қойған жоқ, үлкен мінберден үлкен мәселені ортаға салды, Қазақстандағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәжірибе туралы жан-жақты ой толғады.
Конгресте негізінен жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы заңдылық пен мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Сонымен қатар қатысушылар онда, ең алдымен, жол қауіпсіздігін арттыру бойынша бағдарламалар мен стратегияларды тиімді жүзеге асыру тәжірибелерімен алмасты. Соның ішінде Қазақстан тарапынан баяндама жасаған Қайрат Тыныбеков, біздің елімізде көлік апатын төмендету барысы үстіміздегі жылы да сақталып отырғанын айтып өтті. Бұл жол жүру қауіпсіздігін сақтау мақсатында көптеген атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Осы үстіміздегі жылы ғана жол-көлік оқиғасы – 6, опат болғандар – 5 және жараланғандар 7 пайызға төмендеген. Мұның бәрін айту оңай, бірақ ондай жетістікке қол жеткізу үшін қаншама тер төгіліп, қыруар жұмыс атқарылып жатқанын аз сөзбен түсіндіру қиын.
Жалпы жол қозғалысы ережесін сақтау тәртібін кез келген адам жүргізушілерді дайындау мектебінен үйренеді. Онда талапқа сай дәріс ала білген жан көлік жүргізудің қыр-сырын жетік біліп қана қоймай, жол қозғалысы мүшесі ретіндегі жауаптылықты сезіне түседі. Сондықтан да бұл лицензияланатын қызмет түріне енгізіліп, соған сәйкес ереже мен дәрежелеу талаптары бекітілді. Ал үстіміздегі жылы оқыту ұйымдарына дәрежелеу талаптары қатая түсті. Бұлар жоғарыда айтқанымыздай, тәжірибесіз жүргізушілердің кінәсінен болатын жол апаттарының санын азайтуға әсерін тигізді. Сол сияқты 15 тәулікке әкімшілік қамау мен 10 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жауаптылықты күшейтетін заңды шаралардың пайда болуы да көмегін берді. Үстіміздегі жылы республика жолдарында 1,5 млн. заң бұзушылықтың алды алынып, 47 мың спирттік ішімдік ішкен жүргізушілер ұсталды.
Көлікті техникалық күтімде ұстау, жол ережелерін сақтау, белдікті тағу тәрізді талаптардың бәрі ең алдымен жүргізушінің өз амандығы үшін жасалса, екіншіден айналадағы өзге адамдардың өміріне қауіп келтірмес үшін қажет екендігі белгілі. Бірақ осыны қанша қайталағанмен ұқпайтын адамдардың барлығы қынжылтады. Мәселен, белдікті тақпағаны үшін 163 мың, ал рөлде ұялы телефонмен сөйлескені үшін 57 мың жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған. Оны аз десеңіз 42 мың жүргізуші сот шешімімен көлік жүргізу құқынан айырылса, 7,5 мың адамға әкімшілік тоқтам жасалған. Жолдағы жағдайды жақсарту барысында әкімшілік шаралармен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Үкімет қабылдаған арнайы үш жылдық жоспарға сай аймақтық бағдарламалардың орындалуы біршама көмегін тигізді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында жол полициясы автокөліктермен, компьютерлермен және басқа да ұйымдық техникалармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық жағдайын біраз түзеп алды.
Қазіргі күні еліміздің 11 аймағында “Бақылау” автоматты ақпараттық-іздеу жүйесі іске қосылып жұмыс істеуде. Бұл әкімшілік шараларды орындау үшін біртұтас банк мәліметтерін құруға және әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің баптарын мүлтіксіз жүзеге асыруға септігін тигізеді. Оның тағы бір тиімді қыры аталған жүйе жолдағы жүргізушіні және көлік құралдарын ІІМ жинақталған банк мәліметтері есебіне сай, яғни, “Айдап әкету”, “Іздеу”, “Әкімшілік тәжірибе”, “Техбайқау”, “Сенімхат”, “Жүргізуші куәлігі” және “Бағыттама” салалары бойынша инспекторға тексеруге мүмкіндік туғызады.
“Жол полициясы комитетінің атқарып отырған жұмыс нәтижелеріне қарап, бұл қызметтің біздің еліміз үшін ауадай қажет екендігіне көз жете түседі. Өйткені, үнемі жедел-сауықтыру шаралары өткізіліп тұрмаса, бір ғана көлік жүргізушілер тарапынан заң бұзушылық көріністері қаптап кетпек. Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, үстіміздегі жылдың 18-25 қазаны аралығында жол-көлік оқиғасын ескерту және олардың зардабын төмендету мақсатында өткізілген “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындыладық”, – дейді Қайрат Тыныбеков.
Еліміздің автожолдарында қадағалаудың тиімділігін және қауіпсіздіктің жай-күйіне бақылауды арттыру үшін, әсіресе апатты-қауіпті учаскелерде осы аталған жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде жол полициясының патрульдеу маршруттары басқа да аумақтық ішкі істер органдарының күш-құралдарымен нығайтылыпты. Республикада күн сайын орташа есеппен полицияның 5800 қызметкері, оның ішінде жол полициясының 3500 қызметкері осы міндетке тартылады екен. Сонда осы жедел-профилактикалық іс-шара не көрсетті дейсіздер ғой. Оның барысында жол қозғалысы ережелерінің 93 мыңнан астам бұзылғаны анықталса, оның ішінде 2728 адам көлікті мас күйде басқарған, 17424-і қозғалыстың белгіленген жылдамдығын асырған, 6717-і көлікті құжатсыз жүргізген, 1798-і қозғалыстың қарсы жолағына шығу тәртібін бұзған, 307-і ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған, 3989-ы жаяу жүргіншілер қозғалысы ережесін бұзған. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзғаны үшін 365 адамға қатысты әкімшілік істер қозғалған көрінеді. Егер жоғарыда айтылған шара алдын ала жүргізілмеген болса, онда бұл заң бұзушылықтардың арты орны толмас өкінішті жағдайларға соқтырары әбден мүмкін еді.
Сондықтан да бүгінгі таңда жолаушылар және мемлекеттік жеңіл автокөлік жүргізушілерінің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Әсіресе автобус жүргізушілері қоғамдық көліккке берілген жеңілдіктерді асыра заң бұза пайдаланады. Автобус жүргізушілерінің осындай әрекеттерінен талай адам опат болып жатыр. Жүгенсіз кеткен бұл жүргізушілерді тәртіпке келтіру үшін бірқатар шаралар да қолға алынды. Соның нәтижесінде жолаушылар көлігінің жүргізушілері жасаған 4941 заң бұзушылық және мемлекеттік жеңіл автокөлік жүргізушілері жасаған 1762 заң бұзушылық анықталды. Автобустарды мас күйде басқарған 25 жүргізуші ұсталды, 852 жүргізуші жолаушыларды тасымалдаудың тәртібін бұзған. Заңсыз қайта жабдықталған 368 автобус және техникалық жарамсыз 1341 көлік белгілі болды. Ал 565 автобусқа одан әрі пайдалануға тыйым салынды. Сөйтіп, инженерлік-техникалық құрам мен ұйымдардың 276 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ заң бұзған автобус жүгізушілеріне уақытылы ескерту жасалғанымен, оны қаперіне алатындары аз. Соған орай бір жыл ішінде жол қозғалысы ережесін қайта бұзған 615 жүргізуші ұсталып, оның ішінде 106 автобус жүргізушісі жол қозғалысы ережесін қаншалықты меңгергені бойынша білімін қайта тексеруге жіберілді.
Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, қоғамымызда орын алып жатқан қайсыбір келеңсіздіктер туралы да тілге тиек етпеске болмас. Әсіресе, мына күн санап қылмыстың өршіп бара жатқаны жанға батады. Оның бәрін ауыздықтауға, түп-тамырымен құртуға құқық қорғау органдарының шамасы жете бермейді. Сондайда жол полициясы қызметкерлерінің қылмыстарды ашудағы көмегін айрықша айтуға болады. Мәселен, жол полициясы қызметкерлерінің қатысуымен 512 қылмыс ашылып, оның ішінде 56-ы автокөлік құралдарын ұрлау әрекеттері анықталды. Ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті бұзған 2832 адам жеткізіліп, 703 адам медициналық айықтырғыштарға тапсырылды. Міне осындай жедел профилактикалық іс-шараларды өткізу кезіндегі қабылданған шаралар тек жолдардағы ғана емес, қоғамдық орындарда болуы ықтимал келеңсіздік пен апаттың алдын алуға мүмкіндік берді.
Сөйтіп, еліміз бойынша жол-көлік оқиғалары 6,1 пайызға, қаза тапқандар 4,6 пайызға, және жарақат алғандар 7,7 пайызға төмендеді. Өткізілген іс-шаралардың тиімді екенін ескере отырып, ІІМ-нің Жол полициясы комитеті жолдарда бақылауды күшейту және жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша кешенді шараларды одан әрі жүргізе беруді дұрыс деп санайды.
Соған орай еліміздің жол полиция комитеті алдағы уақытта, біріншіден, жол қозғалысы қауіпсіздігінің өткір мәселелерімен халықты әрдайым ақпараттандыру мен насихат жұмыстарын жүргізе беруді жалғастыра бермек. Екіншіден, құқық қорғау органдарын реформалау барысында мемлекеттік техникалық байқау жүргізуді бәсекелестік ортаға беруді жүзеге асырмақ. Бұл жаңа тетік жүйесі келесі жылдың бірінші маусымынан бастап іске қосылады. Аталған шара көліктердің техникалық жай-күйін жақсартуға көмегін тигізері анық. Үшіншіден, баяу болса да бүгінгі таңдағы жолдардың құрылысымен байланысты қозғалыс мәселелері шешімін тауып жатыр. Төртіншіден, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша лицензиялау қызметі енгізілуде. Бұл тасымалдау барысын жоғары деңгейге көтеруге, автобус жүргізушілеріне талапты күшейтуге, сандық тахографтарды ендіруге жол ашады. Бесіншіден, жол-көлік оқиғасы кезінде жәбірленгендерге талапқа сай медициналық көмек көрсету негізгі міндет болып табылады. Қаланың ішінде жоғарыдағыдай жағдайға ұшырағандарға жедел жәрдем көмегі дер уақытылы көрсетілсе, тасжол бойында ондай көмекті күту қиын. Сондықтан да келесі жылдан бастап көрші Ресей елінің тәжірибесіне сәйкес тасжолдардың аса қауіпті деген тұстарына 12 жедел дәрігерлік құтқару нысандары құрылатын болады. Бұл орын алған оқиғаға дәрігерлердің 25 минөт ішінде келіп жетуіне мүмкіндік туғызады, дейді полковник Қайрат Тыныбеков.
Александр ТАСБОЛАТОВ.