Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Еуропа Парламенті депутаттарының тобы және “Еуропалық форум демократия мен ынтымақтастық үшін” атты үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Ассамблея Төрағасының орынбасары, “Қазақстан украиндарының радасы” ҚЗТ төрағасы Юрий Тимощенко, Ассамблеядан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласының этномәдени бірлестіктерінің басшылары, Ассамблея Хатшылығының қызметкерлері қатысты.
13 өкілден құралған Еуропарламент делегациясын үш тең төраға басқарып келді. Олар – Еуропарламенттегі социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы тобының сыртқы істер вице-президенті Андриан Северин (Румыния), еуропалық социалистер партиясы басқармасының мүшесі, Еуропарламент мүшесі, Болгария социалистік партиясының сыртқы істер жөніндегі комитетінің үйлестірушісі Кристиан Вигенин (Болгария) және Еуропалық форумның вице-президенті Ян-Маринус Виерсма (Нидерланды).
Аталған кездесуді өткізу туралы ұсыныс Еуропарламент өкілдері тарапынан түсті. Негізгі мақсат – Қазақстанның мәдениетаралық үнқатысу саласындағы жетістіктерімен, этносаралық толеранттылықтың казақстандық моделімен, елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің қарым-қатынасы қамтамасыз етіліп отырған азаматтық қоғам институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің бағыттарымен танысу.
Тиімді пікір алмасу барысында Еуропарламент өкілдері Қазақстанның ұлттық саясатының іске асуының негізі мен ерекшеліктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, міндеттері мен бүгінгі таңдағы қызметі, халықаралық жұмысы туралы мәлімет алды. Этносаралық келісімнің қазақстандық моделінің ерекшелігі туралы нақты түсініктеме берілді.
Еуропа Парламентінің өкілдеріне “Н.Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім саясаты” зерттеуі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына арналған естелік төсбелгілері табыс етілді.