06 Қараша, 2010

Германияның батыстағы консулы тағайындалды

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан мен Германия ара­­сындағы ынтымақтастықтың та­мыры тереңдеп барады. Екі ел ара­сында саяси-экономикалық қа­рым-қаты­настың тіні мәдени бай­ла­ныс­тарға ұштасты. Былтырғы Қа­зақ­станның Германиядағы жы­лы іс­кер­­лік, ын­тымақтастық бай­ла­ныс­ты бұрын­ғыдан да өрістете түсті. Әріптес әрі сенімді серіктес ел­дер­дің бір-бірінің экономи­ка­сына құй­ған инвести­ция­ларының көлемі де ұлғайып, сыртқы сауда айналы­мы­ның ауқымы ке­ңейгені даусыз. Қазір Қазақстанда Герма­нияның 200-ден аса компа­ния­сы әр салада жұмыс істейді. Неміс компания­ла­ры батыс аймақта да тіркелген. Со­ның ішінде Аты­рау­да 10-ға жуық германиялық компа­ния өз жұмы­сын сәтті жалғас­ты­руда. Екі ел ара­сындағы қарым-қаты­нас­тар көк­жие­гін кеңейтіп, тиімділігін ны­ғайта беретіндігінің дәлеліндей биыл Германияның Қазақстандағы жылы өткізілуде. – Біз үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес ел ретінде үлкен мәртебеге ие. Әсі­ресе, батыс аймаққа қызығушы­лы­­ғымыз басым, – деді Германия­ның Қазақ­стандағы бас консулы Ге­рольд Аме­лунг мырза Атырау об­лысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиевпен кездесу барысында. – Сол себептен Батыс Қазақстан аймағы бойынша консулдықты ашу­­ды көптен бері ойластыр­ған­быз. Сол ойымыздың сәті енді түс­келі тұр. Осы аймақта біздің ком­па­­нияларымыздың өнер­кәсіптік химия кешені, жаңа тех­нология, ауыл шаруашылығы және өзге салалары бойынша байланысы нығайғанын қалаймыз. Германияның батыс аймақтағы консулы болып Петер Кригер та­­ғайындалғаны жария етілді. “Freu­denberg Oіl & Gaz” компаниясына жетекшілік ететін неміс азаматы көп жылдан бері Қазақстанның батыс ай­мағында өз кәсіпкерлігін дамыту мақ­сатында тұрады екен. Оған кон­сул екендігін дәлелдейтін ресми құ­жаттар табысталды. Кон­сулдықтың ресми ашылу салтанаты да өтті. Енді бұдан былайғы уа­қытта батыс ай­мақтағы іскер адам­дар, қарапайым тұр­ғындар, тіпті қа­зақстандық ком­паниялардың өкіл­­дері Германияға бару үшін визаны Атыраудың өзінде алуына жол ашылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.