06 Қараша, 2010

Жаңа...

413 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
...ЭКСКАВАТОР ӨНДІРІСКЕ КЕЛДІ Шөмішінің сыйымдылығы 12,5 текше метр болатын карьерлік қазба жұмыстарына арналған шынжыр та­банды бұл техника Ресейдің Ижорск зауытында жасалған. За­ма­науи бұл тех­ника сандық жүйемен бас­қа­ры­ла­ды, кабинасы да эколо­гия­лық талап­тарға сай жабдықталған. Кеніште 3 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жылына 20 миллион тон­на көмір өндіріледі. Жуырда көмірді жер ас­ты­нан тазалап, ар­шып алып шы­ғатын карьерлік-кон­вейерлік жүйе­ іске қосылды. Бұл жұ­мысқа 85 мил­лион АҚШ доллары жұмсалды. Жаңа нысанда тағы да 200 адам жұмыспен қамтылып отыр. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * * ...ЗАУЫТТАРДЫҢ ІРГЕСІ ҚАЛАНДЫ Қостанайда жаңа екі өндіріс кә­сіпорнының іргесі қаланбақ. Оның бірі – металл өнімдері зауыты. ENRG компаниясымен бірлесіп жүзеге асатын бұл инвестициялық жоба бойынша қазір дайындық жұ­мыстары жүріп жатыр. Келесі жылы маусым-тамыз айларының бі­рін­де жаңа зауыттың құрылыс жұ­мыстары басталатын болады. 1,5 миллиард долларға бағаланып отырған зауыт үш жылда дайын болады. Еліміз өндірісін шикізат өндіру­ден өңдеу үдерісіне көшіруге зор үлес қосатын бұл зауыт пайдалануға берілгенде облыс экономикасының дамуы да еселеп артатын болады. Ал жеңіл автомобильдер құрастыру зауыты “Агромашхолдинг” акцио­нер­лік қоғамы базасында өмірге келмек. Бұл зауыттың өнім өндіруі және оны өткізуі үшін облыста қолайлы жағдайдың барлығы да бар. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ...ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ Облыс әкімінің өкімімен Сар­қан ауданының әкімі Сексенбай Бе­кішев өз өтініші бойынша қыз­метінен босатылды. Сарқан аудан­дық мәслихатының кезекті сес­сия­сының күн тәртібіне бұған дейін Алакөл орман шаруашылығы мем­лекеттік мекемесінің директоры болған Әлібек Жақанбаевтың кан­дидатурасы ұсынылып, депутаттар оны бірауыздан қолдады. Облыс әкімі Серік Үмбетов аудан активіне жаңа басшыны та­ныс­тырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму бағы­тын­дағы қолға алынатын бірқатар міндеттерді айқындады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * ...РЕЙС АШЫЛДЫ Канадада шығарылған 70 орын­дық “Челленджер-870” ұшағы енді әр аптаның сейсенбісінде “Ақтөбе-Ас­тана-Ақтөбе” бағыты бойынша жо­лау­шылар таситын болды. Бұл рейсті орындайтын “Евро-АзияЭйр” әуе ком­паниясы елімізде 1997 жыл­дан бері жұмыс істейді. Компа­ния­ның Ақтө­беден басқа Шымкент, Жезқазған, Қы­зылорда, Ақтау, Аты­рау, Орал және Пав­лодар қалала­рында филиалдары бар. Жаңа рейстің тұсаукесерінде сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Ар­химед Мұхамбетов ұшақтың жолау­шы­лар үшін тиімділігіне, Астанаға ыңғайлы уақытта баратынына тоқ­талды. Еңбек ардагері Әнуар Бек­мұ­хамбетов Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері мен студенттерге жеңілдік қаралғанын жеткізді. Ұшу билетінің бағасы 23 мың теңге тұрады. Ақтөбе мен Астана қа­лаларының арасы 1100 шақырым болса, бұл қашықтықты әуе кемесі 1 сағат 25 минөтте ұшып өтеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.