Қазақстан • 20 Қаңтар, 2017

Нартайдың белгісіз жыры табылды

4083 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыр сүлейлерінің ішінде Нартай Бекежановтың орны бөлек. Нартай суырып-салма ақын­дығымен қоса, жез таң­дай әншілігімен де жұрт есінде сақтал­ған. Сол себепті, ақын­ның жарық көрмеген өлеңі табылды дегенге алғашқыда сене қоймадық. Өйткені, қазақ әдебиетінде жан-жақты зерттелген тұлғаның жарияланбай қалған жыры бар дегеннің өзі аса қисынды емес еді. Дегенмен «Нар­тай» өнер мектебінің дирек­торы Құрманбек Бекпейістің айтуынша, мұндай өлең бар екен.

Нартайдың белгісіз жыры табылды

Оқиға былай болған көрінеді. Жамбыл Жабаев дүниеден озып, бауырлас қырғыз халқының қос ақыны Оспанқұл мен Әлімқұл көңіл айта келіп, кезек-кезек жырмен қайғыға ортақтасып жатады. Сол жерде Мұхтар Әуезов те бар екен. Мынандай дел-сал көңіл айтуға жырмен қарымта қайтару да міндет саналады ғой. Содан қазақ зиялылары Кенен мен Үмбетәліге үміт артады. Қос ақын жырлап болғаннан кейін осы жәйттің барлығын бағанадан бері үнсіз бақылап отырған Нартай сырнайын тартып-тартып, тамағын бір кенеп алып, былай деп жыр бас­тап кетіпті.

Қасиетті еді қара нар,

Көшіңді еркін бастаған.

Асқартау еді айбынды,

Асулап әркім аспаған.

Ғажайып мына заманның,

Жүйрігі еді баптаған.

Абдырап қалды қалың ел,

Жақұтын жырдың жаттаған.

Қазалы болдық, қайтейік,

Келмеске кетіп қарт бабам.

Оспанқұл мен Әлімқұл,

Таудан асып келдіңдер.

Қайғырып жатқан қазақты,

Азалы жұртым дедіңдер.

Қайғыма ортақтасқандай,

Көңілдің құлпын ашқандай,

Жырыңмен медет бердіңдер.

Тарау, тарау таңғы жыр,

Толастарын көрдіңдер.

Ажалға айла таба алмай,

Жүректі басты, шемен шер.

Болашақ күнді болжаған,

Көреген еді кемеңгер.

Көсемім көштен жығылды,

Ел қамы үшін елеңдер.

Оспанқұл мен Әлімқұл,

Алдымдағы ағасың.

Алатаудан табады,

Қазақтар мен қырғыздар,

Сарқылмас жырдың сағасын.

Өздерің бастап келгенде,

Қалың қырғызды көргендей,

Жазылды-ау жанның жарасы.

Қуаныш ортақ, қайғы ортақ,

Өнері ортақ, салты ортақ,

Ешкімнің жоқ таласы.

Қатар жатқан халықпыз,

Жамбыл қарт болған бабасы.


Сүйінбайдан алған домбыра,

Алатаудың ағашы.

Күйіне келмей қаңсып тұр,

Бақытты күндер бағасы.

Жәкемдей жастар қолға алса,

Алатау айбын панасы.

Оспанқұл мен Әлімқұл,

Қайғыма көңіл-қос арттың.

Қос жүйрік құстың қанаты,

Қайырлы болсын сіздерге,

Қасиетті қарттың қазасы.

Мұны естіген Мұқаң бас­таған қазақ зиялыларының үстінен ауыр жүк түскендей болады. Бауырлас екі елдің азаматтары қайта көрісіп, Нар­тайға риза болған Әуезов «Кел­ші, нарым, нағыз ел үшін жаралған, жан екенсің»,– деген екен.

Жалпы, бұл оқиға жайында Әбділда Тәжібаевтың шығар­мала­рында кездеседі. Бірақ өлеңнің мынадай толық нұсқасының бұрын еш жерде жарияланбағаны ақиқат еді. Ал Құрманбек Бекпейіс баға жетпес қазынаны ел аралап жү­ріп Ұзынағаштан тапқанын, қол­жазба күйінде сақталғанын жет­кіз­ді. «Ел іші – өнер кеніші» деген осы.

 Азиз БАТЫРБЕКОВ, журналист

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы