Кенді Алтайда құрылыс қарқыны көңіл көншітетіндей. Тек су басқан 23 елді мекенде бас-аяғы төрт-бес айда алты жүзге тарта тұрғын үй, емдеу мекемелері, үш мектеп пайдалануға берілді. Бірақ бүгінгі әңгіме аудандар мен ауылдарда тұрғын үй салу жайлы болғандықтан, соған тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Шемонаиха ауданының әкімі Айбек Кәрімов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовке қызметтік хат жолдапты. Онда “Әлеуметтік мақсаттағы және тұрғын үй салуда Шемонаиха ауданында артта қалу байқалады. Тәуелсіздік алғаннан бері ауданда небәрі бір мектеп жергілікті бюджет есебінен тұрғызылған. Міне, жиырма жылдан асты мемлекеттік бағдарлама бойынша бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Қазір 171 адам пәтерге зәру, оның 11-і ардагерлер, ал 27-сі жетім балалар. Сондықтан пәтер мәселесін шешу үшін 120 пәтерлі тұрғын үйден 30 пәтерді сатып алу мәселесін шешуге қолұшын берсеңіздер екен” деген жолдар бар.
Ал бұл үйдің құрылысы сонау 1987 жылы басталыпты. 90-жылдардың басында құрылыс тоқтап қалған. 2009 жылы “Мансун” деген серіктестік оны сатып алып, құрылысын жалғастыруда. Биыл осы үйдің 45 пәтері пайдалануға берілген. Ал 30 пәтерді сатып алып, мемлекеттік қызметшілерге және ардагерлерге беру үшін амалсыздан осындай әрекетке барып отыр.
Биыл облыста қаржыландырудың барлық көздері бойынша 125 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылуы тиіс. Оның 15 мың шаршы метрі несие, 9,1 мың шаршы метрі жалға беру, ал 84 мың шаршы метрі жеке меншік тұрғын үйлер. Ал жеке меншік тұрғын үйлердің көбі аудандар мен ауылдарда бой көтеруде.
Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Ерлан Текешев мырза бізді мынадай бір мәліметтермен таныстырды. Өткен жылы Аягөз, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай және басқа аудандарда жеке меншік тұрғын үйлер іске қосылған. Мәселен, Зайсан қаласында облыстық мәслихаттың депутаты, құрылыс саласының маманы Болат Нұрасыл бастаған фирма 60 пәтерлі бес қабатты үйді берген. Олар пышақ үстінен таланып сатылып кеткен. Рас, пәтерлерді бөлу кезінде мемлекеттік қызметкерлер мен ардагерлер кезек бойынша пәтерлер иеленген. Ал Қуат Әбжанов жетекшілік ететін компания да былтыр 20, биыл да осыншама жеке меншік үйлерді салып берген. Айнабұлақ, Дайыр, Кеңсай ауылдарында да бірнеше тұрғын үйді халық өздері салып алыпты. Тасбастауда 34 үй іске қосылды. Жақында ғана Зайсанда құрылыс фирмасын құрып алған Еркін Тойбазаровтың жігіттері Өскемен қаласының іргесінде бой көтеріп келе жатқан оралмандарға арналған қалашықта төрт үйдің құрылысын аяқтап қалыпты. “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша Жаңа Явленка ауылы маңынан төрт жүзге тарта тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Оған облыстың елуге тарта құрылыс фирмалары атсалысуда. Бұл жерде мектеп, балабақша, пошта мекемесі, жылы су, суық су бәрі болмақ. Манарбек Құмаровтың фирмасы осы ауылда отыздан астам үйдің құрылысын салып бітіруге әзір. Аталмыш бағдарламаға мемлекет төрт миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. “Нұрлы көштің” үйлері-ай деп тамсанады тұрғындар.
Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Жарма, Күршім, Ұлан, басқа да аудандар жеке меншік тұрғын үй құрылысын салуға көңіл бөлуде. Мәселен, Ұлан ауданында биыл 80 пәтерлі тұрғын үй салынып, олар бюджет саласында қызмет ететіндер мен ардагерлерге берілді. Мәдениет саласының бес бірдей қызметкері жаңа пәтерлерге қоныстанып алды. Шығыс өңірінде жаңа үйлер салу жалғасуда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.