06 Қараша, 2010

«Сақта қазақ бірлігін!»

877 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
“Маң-маң басып жүріңіз, Байсалды жерге түсіңіз. Айнала алмай ат өлсін. Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз!” – деген екен Бұқар жырау бабамыз 1757 жылы Шимойын деген жерде Абылай жеңіс тойын жасағанда. Бұл — қазақтың жоңғарларды өз жерінен біржола қуып шығып, “Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама” соғысының жеңіспен аяқталған кезі. Қаракерей Қабанбай! Қанжығалы Бөгенбай! Шапырашты Наурызбай! Үшеуіңде құт, береке, Қазақтың бүркіт түлегі. Жауға салса – жарағы, Күреске салса – білегі. Ала болсақ өзіміз, Қалмақ сонда бөледі... Сақта қазақ бірлігін! Тоқсанға келген қарт Бұқар Осы соңғы тілегі! – деп жалына сұраған екен жарықтық. Одан бері қазақтың басынан не өтпеді? Қазір арамызда: “Сақта қазақ бірлігін!” дей­­тін Бұқар да жоқ, бірлік үшін жарағы мен білегін тосатын Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай да жоқ. Бірақ, құдайға шүкір, қа­зақтың өзі бар. Бұқардың сөзі зердесінде, батыр баба­лардың рухы кеудесінде сақтаулы қа­зақ та баршылық. Ең бастысы: дербес ел, жеке мемлекетпіз. Енді бізге не керек? Ең алдымен дер­бес мем­лекетімізді жан-жақты ны­ғай­ту керек. Ал ол үшін не керек? Ой­лан­бастан айтарым: “Сақ­­та қазақ бір­лігін!” дейтін мақсат-мүдде керек. Қазір Қазақ елі әлем жұртшылы­ғының назарына іліге бастады. Көбі бізді құптап жа­тыр, бірері сынап та жатыр, әйтеуір, құдайға шүкір, дербес ел деп ден қойып, санасып та жатыр. Бірақ бұл күйге біз желе жор­тып жеткеміз жоқ: айтыстық, тартыстық, егестік, алай­да түптің түбінде бірлесуді басты құ­рал етіп ұстанған мемлекеттік саясат ба­сы­мызды құрап тұр. Менің ойымша, біздің мемлекет әу бастан-ақ төзімділік пен шыдамдылық сая­са­тын ұстап келеді. Бұл саясат қазақ­тың “Са­быр түбі – сары алтын” деге­ніне саяды. “Анау тәуелсіздігін жа­рия­лады, мы­нау тә­уел­­сіздігін жариялады, біз неге жария­ламай отырмыз?” деп шыдам­сыз­­дан­ға­ны­мыз әлі есі­мде. Ақыры асықпай, саспай, 1991 жыл­дың 16 жел­тоқ­санында тәуелсіз­дігімізді де жария­ладық. Сол “әліп­тің аяғын бағу”, құдайға шүкір, бізді сан рет сырттағы және ел ішін­дегі қақтығыстар мен соқ­ты­ғыс­тардан сақтап қалды, сақтап та келеді. Өйт­­ке­ні, ашу мәселені қазір шешем деп шие­ле­ністіреді, ақыл асықпай шешіп жай­ғас­ты­ра­ды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанымызға қуандық, әр ел біздің мемле­кетімізді танығанына мақтандық. Әлемнің алып мемлекеттері АҚШ-пен, Қытаймен, Ресеймен, тағы басқалармен халық­аралық келісімдер жасадық. Жер жүзіндегі түрік және мұсылман мемле­кеттерімен де бауыр­малдық, тату­лық сақтауды үнемі біз басты орынға қойып келеміз. Менің байқауымша, біздің мемлекеттік саясатымызда “Аяз, әліңді біл; Құмырсқа, жолыңды біл!” деген Майқы бабамыздың ұлағаты қатаң бас­шылыққа алынған. Сондықтан біз өз еліміздің қандай жағрапиялық ортада тұрғанын, қандай ішкі-сыртқы осал­дығымыз бен артықшылығымыз бар еке­нін бағамдап барып қана халық­аралық іске араласып келе жатырмыз. Біз, рас, ә дегенде-ақ тіл мәселесін жедел қолға алдық, жылдам заң қабыл­дадық. Алайда тіл мәселесі тек қазақтың өзіне ғана қатысты мәселе емесіне көп ұзамай көзіміз жетті. 1731 жылдан отар боп, 1917 жылдан кеңес өкіметінің интернацио­нализм атты сая­сатымен сусындап өскен халыққа тез арада қазақ бола кетіп, бәрін қазақшалай қою тек заңмен ғана шеше салатын “жуас” жағдай болмай шықты. Қазақтан гөрі ұйымшыл, тілі мен мінез-құлқы тұтас әрі саны да мол халықпен санасуға тура келді. Қазақтың тілін сақтап қалу үшін, әуелі қазақ деген халықтың өзін аман сақтап қалу керек екені белгілі болды. Біріміз оған күйіп-піссек те, біріміз самарқау жүрсек те, әуелі халықтың өзін, оның ты­ныштығын сақтау саясаты әлі жүр­гізіліп келеді. Меніңше, бұл саясат өзін тәуелсізді­гіміздің жиырма жы­лында өте жақсы ақтады. Соның арқасында Қазақстанда сан алуан ұлт өкілі бір-бірімен тату тұрып, ел тыныш­тығын сақтап, мемлекет қуатын бір­лігімен бекітіп келеді. Кей-кейде есеміз кеткендей болып, әлдебір азғын топ аяғымыздан шалса да, ашуымызды ақылға жеңдіріп, шектен тыс төзімділік танытып келе жат­қа­нымыз да рас. Себебі татулық, тыныш­тық, бейбіт өмір арандату­шыларға емес, ең әуелі қазаққа, қазақтар ұйытқы болуға тиіс мемле­кетімізге керек. Өсіп-өркендеуіміз үшін, бала-шағамыз қалаған білімін алып, мәдениетті, жан-жақты болып өсуі үшін, халқымыздың саннан сапаға айналуы үшін, әлемнің өркениетті елдерімен тепе-тең тұратын жағдайға жетіп алуы­мыз үшін керек. Ел ішіндегі дүрбелең, тартыс-керіс біздің осы тыныштық, татулық, бірлік атты өз жемісін ұзақ уақыттан кейін беретін қасиетті ұстанымдардың берекесін қашырады. Өйткені, қанша мақтансақ та, біз аз ұлтпыз; тіл, дін, жүз деген бөлектеуші күштердің арқасында алауыздығымыз да бар ұлтпыз. Оның бәрін есепке алмай саясат жүргізу — өте қауіпті. Екі сөзінің бірінде “южандар тобы”, “батыс”, “солтүстік тобы” деп жазуға машықтанған газеттер ел бірлігін бекітуге ынталы басылымдар деп айта алмаймын. Сол сөздерді санаға сіңіру арқылы да олар бірлігімізге сызат түсіріп жатыр. Қазақстан биыл Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­а­ғалық жасап отыр. Бұл — халық­ара­лық ұйым­ға басшылық жасау. Еліңді, мем­­лекетіңді өзгелердің тануы мен мой­ын­­да­уының бұл да бір түрі. Оны абырой деп атаған дұрыс. Басқа сөз қа­шы­ру­дың бәрі — өз көзіңе өзің күл шашу. Әрненің шегі бар, сөз еркіндігі деген — ел­дің қа­мын жеген сөзге қақпақ қоймау. Біз өзі­мізге өзіміз: “Еліміздің етегінен тарт­қа­ны­мыз дұрыс па, әлде қол­тығынан де­ме­геніміз дұрыс па?” де­ген сұрақ та қоя білуіміз қажет. Мемлекетің халықаралық беделге ие болып жатса, оған неге қуанбасқа? Сол беделден қазақ халқына, Қазақстандағы басқа халықтарға қандай пайда бар? Әрине, олардың зейнетақысына, жала­қысына оған бола ақша қосыл­май­ды. Алайда Қазақ­станмен өзге мемле­кет­­тер санасады, бейбіт қатынас жасайды, бірлесіп мәдени және эконо­ми­калық бай­ланыс орнатады, қысқасы, мемле­кетіміз оқшауланбайды, әлем тірші­лігінің бел ортасында болады. Ал ондай жағдай біздің ішкі бірлігімізді де нығай­та түседі, сырттан қырғиқабақ та­ны­ту­шылар болмаған сайын біз ішкі өмі­рі­мізді өз мүмкіндігімізбен емін-еркін жақ­сарта аламыз. Сондықтан біз бұл сая­сат­ты құптаушылар мен кекетіп-мұқа­ту­шылардың ара жігін ажырата білуге тиіспіз. Елдік мүдде мен әлдебір топ мүддесі осындай-осындайда айқын­далып ажыра­ты­лады. Оны түсіне білу, әрине, азамат­тары­мыздың өресі мен отансүйгіштігіне тікелей байланысты. Үстіміздегі жылдың желтоқсан ай­ын­да Астана қаласында Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына мү­ше елдердің мемлекет басшылары қа­ты­сатын Саммит өтпек. Бұл да Қазақ­стан­ның халықаралық беде­ліне айғақ. Осы­дан он тоғыз жыл бұрын отар боп кел­ген елдің мұндай дәрежеге жетуін мақ­танарлық жағдай деп мадақ­тамасақ та, құдайға шүкір, деп қуана білуіміз керек емес пе? Бұл, меніңше, даңғойлық та, даңққұмарлық та емес, еңселі ел бола бастағанымыздың белгісі. Осы дә­ре­­жеге біз үн қосып үлескер болуы­мыз керек пе әлде бүйректен сирақ шығарып мін тағуымыз керек пе? Мін тағушылар бізсіз де іргемізден табылмай ма? Әр түрлі газеттерді оқимын да, сөз еркін­дігі дегенді желеу етіп, өз еліміздің іргесіне өзіміз ине жүгіртіп те жатыр екеміз-ау деп шошимын. Әрине, кемшілікті, жемқорлықты, сыбайластықты, алауыздықты, елге зияны тиетін әрекеттерді аямай жазу — міндет. Бірақ әлдекімге өшігіп, ыза­ла­нып, кектеніп жазу арқылы өз халқыңды өзің алауыз етіп алмауды да ойлауың қажет қой. Өйтпейінше елдік мүдде қа­лай қорғалады? Оны біз өзіміз қор­ға­ма­сақ, біз үшін кім қорғамақ? Мен әлі ұмыта қойғам жоқ, кей газет бір кезде өңкей шабақтарды жауапқа тартады да, шортандарға тиіспейді деп өкіметті жазғырды. Кейін үлкен билік басындағылар жауапқа тартыла баста­ған­да, әлгі басы­лымдар оларды қорғап тағы шулап қоя берді. Үлкен билік­тегілерді ауыздықтау, сөз жоқ, оңайға түспейді. Өйткені, олардың ықпал ету шең­бері тым қуатты әрі кең. Сондықтан олар бір-бірінен өш алу үшін, бүкіл елдің бірлігін шайқалтатын әрекет­терге де барады, барып та жатыр. Соның кесірінен билікке деген елдің сенімі, сөз жоқ, төмендеп кетті. Алайда олар ел бір­лігін ойламаса да, қазақ баспасөзі ел бірлігін ешқашан естен шығармауы керек. Ол үлкен шенеуніктен де, кішкене шенеу­нік­тен де, тіптен бәрін қосақ­тап қойып ба­ғалағаннан да қым­бат. Оны есте ұста­маған баспасөз өз елі­нің іргесін өзі сөгуге көмектесіп отыр­ғанын байқамай да қалады. Сондықтан жеке адамның мінін бүкіл тайпаға, руға, аймаққа байла­ныс­тыра айту әдеті әдейі қазақты жік-жікке бөлу екенін әркімнің іші сезеді. Біз қазір бүкіл тіршілігімізді шектен тыс саясаттандырып барамыз. Оны дәлелдеу үшін, өзге біле бермейтін салаға жоламай-ақ, өзім ептеп сезінетін тіл мәселесіне тоқ­тала кетейін. Дәл қазір қазақ тілін әлдекімнен, әлденеден қорғау керек дегенге мен илана бермеймін. Оны әуелі қазақтың өзіне үйрету керек, сыйлату қажет. Сонда оның көп мә­селесі өз-өзінен шешіледі. Жасыратын несі бар, өткен ғасырдың аяғында көбіміз орыс­ша кітап шығаруға, орысша өлең оқуға, қолы­мыздан келсе Мәскеудің өзінде кездесу өткізуге ұмтылдық. Өйту заман итерме­леген әдет болатын. Мүмкін болса, қазір де өйту­дің әбестігі жоқ деп білем. Бірақ өз қазағың сөй­ле­мей жатқан тілді өзгеге зорлап сыйлатам деу саяси асығыстық. Біз алдымен өз қазағымызға: “Өз еліңнің ертеңін жарқын еткің келсе, өз тіліңді үйрен!” деп ұқты­руымыз керек. Өкімет ашып беріп жатқан мек­тепке немере-шөберелеріміз сыймай, өкімет­тен тағы мектеп ашуды талап етіп жатуға тиіспіз. Патриотизм деп, ме­ніңше, соны айтады. Сонан соң өзі де қазақша оқып, қа­зақ­­ша білім алып жатқан студенттерді, бас­қ­а да оқушы және жай жастарды “Қа­зақ тілін қорғаңдар!” деп митингіге, ашық алаңдағы жиынға қайта-қайта шақыруды, оған бармағандарды жазғы­руды доғару керек. Өйт­кені, ондай тәсіл енді тілге зиянын тигізіп, оған атүсті қа­ратуға айналды. Ғалымдар, тіл үйре­те­тін ұстаздар сол әдет пен саясатты бүр­кеніп, қазақ тілін зерттеуді, да­мытуды, тіл заң­дылықтарын сақтауды жылы жауып қоя­тын болды. Күні кеше ғана “Ел бірлігі доктринасына” бола жастар мен тіл жа­нашырларын бірге дүрлік­тір­дік. “Док­три­на “Қазақстандық ұлт” де­ген­ді енгізгелі жатыр”, деп елді ал­да­дық. Шын мәнінде, ол құжатта ондай пиғыл да, сөз де жоқ бо­латын. Жастар бі­рақ со­ған сенді, ерді. Демек оларда әлі тілдік те, саяси да берік тұғыр жоқ. Өз көзі жет­пегенге де, егер ду-дуды беделді бі­реу бастаса ойланбастан ере береді. Он­­дай жастар да, ондай жас­тарды елік­ті­ре­тін беделділер де ел бірлігі үшін өте қауіпті. Митингімен, қарсылық жиындар­мен билікті қорқыттық деп мақтану әбестік. Олар оның кез келгенінен қор­­қуға тиіс, себебі оларға өз бағдарла­ма­сын жүзеге асы­ру үшін тек тыныштық керек. Сондықтан ол елдің дүрлігуінен қорқуға міндетті де. Қазақ тіліне шын жаны ашитын адам “қазақ тілінде анау неге сөйле­мейді, мынау неге сөйлемейді” дегенді алға тартқанша, әуелі қазақ тілінің тамырына тәуелсіздік алғалы бергі 20 жыл бойына үн-түнсіз зиянын тигізіп келе жатқан тіл заңын бұздыруға күш біріктіруі керек. Ал ол қан­дай заң? Ол 1957 жылы 5 маусымда бекі­тілген, кейін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің прези­диумы 1983 жылдың 25 тамы­зында “Қа­зақ тілі орфогра­фиясының негізгі ере­желеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” қабылдаған қаулысы. Оның 18-бабында былай делінген: “Орыс тілінен енген атау сөздердің тұл­ғасы сақталып, орыс ор­фо­графиясы бой­ынша өзгертілмей жазылады”. Құдай-ау, өз алдына дербес қазақ ті­лі өзге ұлттың сөзін сол ұлттың ор­фо­графиясы бойынша өзгертпей жазатын болса, онда оның несі қазақ тілі? Ос­ындай масқара­лыққа төзе оты­рып, қазақ тілін әлдекім­дер­ден қорғаймыз деп қопаңдаудың өзі күлкілі емес пе? Тілдің тамырына балта шауып отырған негізгі себепке қарсы шықпай, әншейін мәселенің бетін ғана қал­қуымыз қандай білімділік? Тілдің болашағы әлдекімдердің әй­теуір бытып-шатып сөйлеуінде ғана ма екен? Сөйлеу аясын кеңейту бір басқа да, тілдің ұлттық ерекшелігін, тегі мен негізгі заңын сақтау бір басқа емес пе? Алашапқын митингілер, ұрандаған жи­ындар тілге негізгі зияны тиіп отыр­ған осы мәселені үнемі қалқалап қалып отыр. Сол ереженің салдарынан ежел­гі тү­рік сөз­дері болып табылатын “йо­ғұрт”, “қаптан”, “ыштан”, “жир”, “үт­ік”, “тауар” секілді өз сөз­дерімізді де ор­ыс орфо­графиясы бойын­ша өзгертпей жазып келе жатырмыз (М.Қашғаридың ХІ ғасырдағы “Түрік сөз­ді­гін” қараңыз). Бұл нені көрсетеді? Тіл мәселесін ешбір митинг, ешқандай алаңға шығу түбегейлі өзгертпейді, қайта оны саясат­тандырып, сапа­сын, ғылыми негізін шай­қалтады, осал­датады. Ғылыми не­гізге арқа сүйемеген тіл тозады, бұ­зы­лады. Егер жоғарыдағы заңға сүйенсек, біздің “пойыз”, “нөл”, “нөмір”, “әртіс”, “стан­са”, “рөл” деп қазақ тілінің үн­дестік за­ңына (сингар­монизм) сүйеніп сөй­леуіміз бен жазуымыз да қате болады. Сол үшін жа­уап­қа тартылуымыз да мүмкін. Мен жақында сол үшін жазаландым да. Егер қазақ тілінің буын үндестігіне сүйенсек, “министр” сөзі қазақ тілінің буын заңына қайшы: ми-нистр. Әр буында бір ғана дауысты дыбыс болуға тиіс және атау сөз­дердің ешбір буы­нында үш, одан да көп дауыссыз дыбыс қатар келмеуі тиіс, сон­дықтан бұл сөздің қазақша мі-ніс-тір болып айтылуы да, жазылуы да заңды. Мен сөйтіп жазып көріп ем, міністірліктен: “Егер өйтіп жазғаныңызды тоқтатпасаңыз, келесі жылы тендерге қатыстырмаймыз”, деген қатаң ескертпе алдым. Әрине, жоғарыдағы заң бойынша онікі дұрыс: орыс сөзін орыс орфо­графиясы бо­йын­ша жазуға тиіспіз. Бұл жағынан келіспеу қиын. Бұл — қазақ ті­лінің өзінде атау сөз бойынша өз заңы жоқ де­ген сөз. Міне, мәселенің ғылыми әрі заң­дық негізі қай­да жатыр. Шындап келгенде бұған “Қазақ тілі орфогра­фия­сы­ның негізгі ере­же­лерін” қайта жа­са­май отырғандар бастан-аяқ кінәлі. Олар қазақ тілінің тамырына балта шауып отырған бұл ережені өзгертудің орнына латын әліп­биіне көшкеніміз дұрыс деген мәселені көтерді. Тіпті орыстар да латынға көш­келі жатыр деп соқты. Ал латынға көш­кенде, тіліміз мүлдем масқараға ұшы­райтын еді. Қазірге дейін Қазақстанда тілі, діні бөлек халықтар бірге тұрып келсе, енді оған әріпі бөлектер қосы­латын еді де, ел бірлігіне үлкен сызат түс­кен болар еді. Өйткені, біз латынға көш­ті екен деп, Қазақ­стан­дағы орыс мек­тептері оған көше салмайды ғой. Сон­да қазақ мектебінде оқи­тын қазақ ба­­лалары латынша жазып, орыс мек­те­бінде оқитын қазақ балалары кирил әріпімен жазып, жоқ жерден қазақ жас­тарының өзін жік-жік еткен болар едік. Олар­дың қазақша үйренуі тіптен қиындай түскен болар еді. Жоғарыда аталған заңның енді 19-ба­бына қарасаңыз: “Араб, парсы тіл­де­рінен ен­ген сөздер өзгеріп, сол қалып­тас­қан күй­ін­де жазылады” – деп көрсе­тілген. Көріп отырсыз ғой: орыс сөзі өзгер­мей жазы­лады да, өзге елдің сөзі өзгере береді. Бір заңда екі түрлі принцип. Жә­не орыс ті­ліне өзге елдің тілін теңгермеу принципі. Осы екі баптың еліміз тәуелсіздік ал­ғ­ан жиырма жыл бойы өзгертілмей келуі қазақ тіліне шын мәнінде жаны ашитын бірде-бір ғалымның жоқ екенін дәлел­демей ме? Осылай екенін біле-сезе тұ­рып, өзіміз орыс орфографиясымен жа­зу­ды талап ете тұрып, неменесіне тіл-тіл деп өзгелерге едіреңдей береміз? Бұл заңды “Шет тілден енген атау сөздің бә­рі де қазақ тілінің өз заңына, яғни үн­дес­тік заңына бағындырылып жазылады” деп өзгертпейінше, сөйтіп тіліміздің ғылыми негізін жасап алмай­ынша, тілді қорғаймыз деп митингіге шығуымыз, жастарды алаңға жібер­меді деп, оқу орындарының басшы­ла­рымен араздасуымыз, жазу­шылар митингіге кел­меді деп, өзді-өзіміз өкпелесуіміз – тектен-текке ел бірлігін шайқалтатын, тек бас араздығымызды қоздыратын әрі қауіпті, әрі мәселені дәл көтере білмеген әрекеттер. Қазақтың өзін бір-бірінен алыстататын мұндай әрекеттерге бару — ол да алауыз­дық­ты асқындыру. Байсалды, байыпты, салиқалы болу­ды бас­шылыққа алып, елдің, тілдің ір­ге­сін шын мәнін­де нығайтатын жағдай­лардың төңі­ре­гін­де бірлесіп қызмет жасаудың мәдениеті мен өркениетті әдістерін меңгеретін кезіміз де болды-ау деп ойлаймын. Себебі, тәуел­сіз­діктің негізгі тірегі – білімділік пен мә­де­ниет­тілік. Еліміз өсіп, өркендеп жатқанда, біз де өсіп, өркениетке жетіп жатқа­нымыз жөн ғой. Басымызға бақ боп қонған тәуел­сіз­дікті тұс-тұстан тулақша тартқыламай, оның қазанына бір түйір дән болса да шамамыз келгенінше қоса бергеніміз қажет емес пе? Қазақстан халқы Ассамблеясының тө­ңі­ре­гінде де үйіп-төгіп сөгетін сөздер ай­тылып жүр. “Еш елде жоқ, Консти­туциямызда жоқ” дегенді алға тартып, ол ұйымды әлде­бір құбыжықтай көр­се­туге тырысып және солай сөйлеуді ел қамын жеген батырлыққа балау – ол да саясатқа терең бойламау. Еш елде жоқ болса, болмай-ақ қой­сын. Қазақстанның жағдайы әлемнің еш­бір еліне ұқсамайды, сондықтан ұлт­тар арасындағы түсі­ністікті басшылыққа алатын бұл ұйым өте игілікті істерді атқарып отыр. Елімізде тұрып жатқан этностар сол ұйым арқылы өз мәде­ние­тін, әдет-ғұрпын дамытып, қазақ хал­қының мәдениеті мен тіліне үлкен құр­метпен қарауды үнемі басты мақсат етіп ке­ле­ді. Қазақстандағы халықтардың өз­ара тату тұруына бұл ұйым үлкен ықпал етуде. “Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қы­шып ба­ра ма?” демей ме қазақ, елдің ауызбірлігін сақ­тап, әр этнос өз мә­се­лесін осы ұйым ар­қы­лы ың-дыңсыз ше­шіп жатса, оған қарсы болу қай сас­қанымыз? Тектілік, әдептілік, шектен аспау, елдің қа­сиетті рәміздерін сыйлау, оларға тіл тигіз­беу секілді ежелден ұлтымызға тән ізгі дәс­түр­ді де аяқ асты етіп, жаңа әнұранымызға сын айтқан пікірді де оқыдық. Басқалар әнұранымызға, туы­мызға, елтаңбамызға тіл тигі­зіп жатса, оған ашына қарсы шығып, соның қо­лында өлудің орнына өзіміз өйтіп сөкет қылық көрсеткеніміз елдік мүдде дегенді әлі қанымызға сіңіре алмай жүр­ге­німізден деп білем. Елдік рәміз­дерімізді сынайық, ата-бабамызға ғайбат айтай­ық, сонда біз қасиет тұтатын не қалады? Әлдекімдердің ата тегіне тіл тигізу, кеке­ту, мұқату, тарихи негізге сүйен­бес­тен Сегіз серіні, Қарасай мен Жам­был­ды, Сәкен мен Сәбит­ті, Қазыбек бекті, тағы басқаларды, тіпті Абайды да бір жағынан қаралап сөйлеу, екін­ші жағы­нан кеше ғана Голоще­киннің қасында отырып елімізді аштықтан қыруға қа­тысқан адамдарды “халық жауы” деген ат­пен атылып кеткеніне ғана бола “қа­зақтың ардақтылары” деп атап, оларға көше атын, тағы басқа да ілтипат жа­сауды сұрау – бұл да әріден ойланбай­тын­дар­дың әрекеті. Голощекин де 1941-жылы халық жауы ре­тін­де атылып кеткен, оны да жазықсыз құрбан болып кетті деп ақтаймыз ба сонда? Айтудың, сынаудың, айыптаудың – бәрінің қазақы әдебі мен жөні бар. Қазақ жө­нін тауып, әдебін сақтап, өліні де айыптайды. Айта білсең, бәріне тыйым жоқ, тек бәрінің қазақы жөн-жосығы бар. Осы жағдайларды ойлап қарасам, біздің зиялы қауым ортасында қазақтық мінез-құлықтан гөрі қазақстандық мінез-құлық ба­сым екенін аңғарам. Кеңес өкіметі кезінде қа­лыптасқан ұлт қамын ойламай сөйлеу әдеті әлі бізден арылған жоқ. Ұлт мақсаты кө­біне-көп аяғымыздың астында жатады да, сон­дықтан оны біз көрмейміз. Ұлттың үстінде тұрып сөйлейміз. Ал ұлт үнемі төбемізде тұру керек. Ұлт үшін өлмей-ақ қояйық, бала-шағамызды құрбан­дық­қа шалмай-ақ қояйық, бірақ тәуелсіз мемлекет құрып, етек-жеңімізді енді-енді жинап жатқанда, ақылымыз бен ата­ғымызды шатақ шығару мен атақ шы­ғаруға жұмсамай, “Сақта қазақ бір­лігін!” деген Бұқар ба­бамыздың тілегіне жұмсағанымыз жөн деп ойлаймын. Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ.