Жақында бүкіл саналы ғұмырын қазақ сөзінің болмысын саралауға арнап келе жатқан ғалым Ғазиз Райыстың “Сөз өнері теориясы” деген кітабы оқырман қолына тиді. Ұзақ жылдар Қытай елінде өмір сүріп, тәжірибелі ұстаз дәрежесіне көтерілген азамат қазір М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарады екен. Оның 500 беттен асатын бұл ғылыми еңбегінде сөз өнері жан-жақты қамтылған. Өзіне дейін бұл салада еңбек еткен айтулы ғалымдар Қ.Жұмалиев, Е.Смайылов, З.Қабдолов, З.Ахметов сынды ғалымдардың еңбектеріне жан-жақты үңіле отырып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышына” сүйенген іргелі еңбектен алар тағылым аз емес. Әсіресе, сөз өнері дегеніміз не, сөз қайтсе өнерге айналады, көркемдік кемел қалай дамиды деген мәселелерді автор қырық жылдан аса уақыт зерттеп, зерделепті.
Алғашқы бөлім “Қоғамдық өмір мен сөз өнері” деп аталса, онда әлемнің пайда болуынан бастап сөз құдіретінің үстемдік құрған кезеңдері желі тартқан. Демокрит, Аристотель заманынан ой қозғап, Әл-Фараби дәуіріне ат шалдырып, арғы-бергі дәуірдегі ғұламалардың ойынан дәлел келтіріп, әр сөздің астарына үңіліп, әсіресе, ұлттық рухты тайға таңба басқандай ажарын бұзбай алдыңа тартады. Ұлттық рухтың бар-жоғы – авторға байланысты деген Гогольдің түйінін құп көріп, көркем сөздегі стильге келгенде Зейнолла Қабдоловтың “Стиль – адам” деген қағидасына зейін қояды. Ал “Сөз өнерінің ерекшелігі” деген бөлімнен де аларың аз емес. Әсіресе, сөз өнеріндегі жасампаздық мәселесіне келгенде, қаламгерлердің рөлі мен жауапкершілігі ерекше екенін, аты әлемге танымал қаламгерлердің шығармаларынан дәлел-дәйек келтіре отырып, зерттеу аясын ашады. Сол секілді сөз өнерін жүйелеу туралы ой өрбіткенде, сөз өнерінің құдіретті екенін, сөзге тоқтаған халқымыздың асыл қасиетін адамгершілігін тарата келіп, бұл өзі ғылым деп байлам жасайды. “Көркем шығарманың құрылысы” деген төртінші бөлімде әр шығарманың мазмұны мен формасы, тақырыбы, идеясы, содан бастау алатын тартыс, шырқау шыңы, соның бел ортасында жүретін кейіпкерлердің бейнелері – бәрі де қазақ қаламгерлерінің айтулы еңбектерінің желісі негізінде көрініс тапқан. Әр шығарманың жанрлық ерекшелігі де жан-жақты қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, “Әдебиет – сөз өнері, адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге” деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, әдебиеттегі сөз өнерінен бастау алған бұл еңбек те тәуелсіз Қазақ елінің руханиятының ұлы көшінің басында тұрған тіл құдіреті туралы ой-толғамдар, ғылыми тұжырымдар алдыңғы толқын ағаларымыздың осы саладағы бар еңбектерінің заңды жалғасы десек болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.