Өткен аптада футболдан Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымы мәресіне жетті. Осы жылы теңбіл доп додасына түскен 12 команданың ішінде Қостанайдың “Тобыл” клубы Қазақстан чемпионы атанды.
Бұл чемпиондық атақ қостанайлықтарға оңай келген жоқ. Маусымашарда өзге командалардан көп ұпай алға шыққанымен “Тобыл” жарыстың соңғы турларында өзінің өкшесін басып келе жатқан “Ақтөбе” командасымен чемпиондық атаққа бір ұпай айырмашылығымен таласып бақты. Егер биылғы маусымның соңғы турында “Тобыл” сырт алаңда “Атырау” клубын 2:0 есебімен жеңбегенде, онда осы жылдың чемпиондық атағын Қарағандыда “Шахтер” командасын 0:2 есебімен ұтқан “Ақтөбе” клубы жеңіп алар еді. Бірақ сын сағатта сыр бермеген қостанайлық аяқдопшылар 2002 жылдан бері жыл сайын қайталанып келе жатқан екінші және үшінші орынды иелену деген дәстүрді бұзып, бас жүлдені қанжығасына байлап кетті. Ал “Тобылдың” 2002 жылы үшінші, 2003 жылы екінші, 2004 жылы үшінші, 2005 жылы екінші, 2006 жылы үшінші, 2007 жылы екінші, 2008 жылы тағы да екінші, ал өткен жылы төртінші орынды иеленгенін жанкүйер қауым жақсы біледі. Сөйтіп, биылғы маусымда бас жүлдені иеленген қостанайлықтардан кейін екінші орынды былтырғы чемпион “Ақтөбе”, үшінші орынды Павлодардың “Ертіс” командасы жеңіп алса, төртінші орынды “Ертістен” өз алаңында 0:1 есебімен жеңілген Астананың “Локомотив” клубы қанағат тұтты. Маусымның соңғы турында ойналған басқа матчтар мынадай есеппен аяқталды: “Тараз” – “Қайрат” 0:0, “Оқжетпес” – “Жетісу” 1:0, “Ақжайық” – “Ордабасы” 4:0.
Мергендер: Ұлықбек Бақаев (“Тобыл”) – 16 доп, Нұрбол Жұмасқалиев (“Тобыл”) – 15, Георги Даскалов (“Ертіс”) – 15, Мозес Саки (“Ақжайық”) – 14, Данило Белич (“Жетісу”) – 13, Игорь Бугаев (“Локомотив”) – 11, Мұрат Тілешев (“Ақтөбе”) – 10, Глеб Мальцев (“Ертіс”) – 9, Самат Смақов (“Ақтөбе”) – 9, Алдин Джидич (“Шахтер”) – 8, Андрей Финонченко (“Шахтер”) – 8, Дәуребек Тәжімбетов (“Ордабасы”) – 8.
Турнир кестесі
1-6 орындар
О Командалар О Ж Т Ұ Доптар Ұ
1 “Тобыл” 32 19 7 6 53-25 64
2 “Ақтөбе” 32 19 6 7 56-30 63
3 “Ертіс” 32 16 8 8 39-30 56
4 “Локомотив” 32 14 8 10 41-28 50
5 “Атырау” 32 13 5 14 36-44 44
6 “Шахтер” 32 11 8 13 32-30 41
7-12 орындар
7 “Жетісу” 32 13 10 9 36-26 49
8 “Ордабасы” 32 12 9 11 37-34 45
9 “Тараз” 32 9 10 13 36-40 37
10 “Қайрат” 32 6 11 15 17-38 29
11 “Ақжайық” 32 7 5 20 33-58 26
12 “Оқжетпес” 32 6 7 19 24-57 25