9-11 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановтың шақыруымен Қытай Халықтық саяси алқалық кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы (ҚХСАК БК) Цзя Цинлинь Қазақстанға сапармен келеді. Бұл екіжақты қатынастар тарихындағы ҚХСАК басшысының Қазақстанға жасайтын тұңғыш сапары болмақ, деді апталық дәстүрлі брифингте СІМ-нің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.
Сапар барысында Цзя Цинлинь ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевпен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановпен және ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовпен келіссөздер жүргізеді деп күтілуде.
12 қарашада Ашғабадта екі елдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Түркіменстан сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өтуі жоспарлануда. Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай өкілдік етеді, деп жалғады сөзін І.Омаров.
Баспасөз хатшысы келесі кезекте 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысы және оның мазмұнын толықтыру жағы қарастырылатынын атап көрсетті. Аталған консультациялар жоғарғы кездесулер алдындағы өзіндік “уақыт салыстыру” болып табылады және келісілген ұстанымдарды ойластыруда, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ортақ аймақтық мүдделерді ескере отырып консенсусты кеңістікті нығайтуда ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси ынтымақтастық кестесіне сәйкес 10 қарашада Астана қаласында Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің 9-шы отырысы өтеді. Кездесу барысында тараптар көптеген тізілімдемелерді, соның ішінде “Еуропаға жол” Мемлекеттік бағдарламасы мен Орталық Азиядағы ЕО-ның стратегиясы шеңберінде сот төрелігі мәселесі бойынша өзара іс-қимыл, терроризмге қарсы күрес, адамдарды сату және заңсыз көші-қон, жемқорлықпен күрес және заңсыз есірткі айналымы, жеңілдетілген визалық режім жөніндегі мәселелер талқыланады, деді І.Омаров.
8-9 қарашада Теһеран қаласында “Азиялық пікірлестік пен тұтастыққа: өркендеуге, бейбітшілікке және әділеттілікке болысу” атты Азиялық ынтымақтастық диалогына (АЫД) мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің 9-шы отырысы өтеді, деді қорытындысында баспасөз хатшысы. Қазақстандық делегацияны ҚР СІМ басқарады.
Азиялық ынтымақтастық диалогы – саяси және экономикалық ынтымақтастықтың сан қырлы бағыттары бойынша Азиядағы өзара іс-қимылға қатысты мәселелерді өзара мәміле негізінде диалог, кеңесу, шешімдер мен шаралар қабылдауға арналған мемлекетаралық форум.
“Егемен-ақпарат”.