Азиадаға аттанды
12-27 қараша аралығында Қытайдың Гуанчжоу қаласында ХVІ жазғы Азия ойындары жалауын көтереді. Бұл төрт жылда бір рет өткізіліп, “Азияның Олимпия ойындары” деген бейресми атауға ие болған байрақты бәсеке.
Оған құрлықтың 10 мыңнан 12 мыңға дейін өкілі қатысып, спорттың 57 түрінен 476 медаль жиынтығын сарапқа салады. Біздің құрама осы жылғы ойындарға жарыстың 36 түрінен 341 спортшыны қатыстырмақ. Яғни, Қазақстан құрамасы 476 медаль жиынтығының тек 245-не, жартысына ғана қатысады деген сөз. Оның себебі Азия ойындарының бағдарламасына елімізде танылмаған спорт түрлері бар. Олар: бейсбол, крикет, айдаһар биі, қытай дойбысы, кабадди, желкенді спорт, сепактакроу, софтбол, скуэш, софт-теннис және тағы басқалары.
Туризм және спорт министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есептен төртінші орынды иеленуге үміттеніп отыр және оның сапында мынадай танымал спортшылар қатысатын болады. Біздің команданы Олимпия ойындарының 1 чемпионы, 7 жүлдегері, әлем чемпионаттарының 7 чемпионын, Азия чемпионаттарының 47 чемпионы, 76 жүлдегері құрап отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН.