1998 жылы республикалық мәртебеге қол жеткізген “Шабыт” фестивалі 2000 жылы халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл дегеніміз аталған байқаудың өрісі өрбіп, тынысы кеңейгенін айқындаса керек. “Шабыт” шығармашыл жастардың болашағына жол ашатын өнер додасы деп жатамыз, шын мәнісінде де сол бағытпен іргетасы қаланған сайыс бүгінде жастардың ғана емес, қоғам арасында да үлкен беделге ие болып келеді. Өйткені, қазіргі өнер мен шығармашылық саласындағы талай танымал адамдар осы өнер бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмай алға шығып, лауреат пен жеңімпаз атанған еді.
Сонымен он үш жылдық тарихы бар “Шабыт” халықаралық байқауының биылғы шығармашылық қазаны қалай қайнады, сын сағаттардан жастарымыз қалай өтті, қазылар алқасы бағалау кезінде нендей қиындықтарға тап болды, тағы басқа фестивальға байланысты сұрақтар төңірегінде аз-кем шолу жасасақ дейміз.
Алты күнге жалғасқан “Шабыт- 2010” өнер додасы кеше аяқталып, бәсеке қызу өрістеп, шығармашылық бәйге өз мәресіне жетті. Осыған дейін сөз еткеніміздей фестиваль аясында қазылардың қатысуларымен болған шеберлік сағаттары мен өзара тәжірибе алмасу сынды шаралардың да, концерттік бағдарламалардан тұратын көптеген мәдени кештердің де куәсі болдық. Мәселен, журналистика номинациясы фестивальдың екінші және үшінші күндері Бейбітшілік және келісім сарайында, классикалық музыка номинациясы Қазақ ұлттық өнер университетінде, бейнелеу өнері номинациясы Тәуелсіздік сарайында тәжірибелі қазылар жас қатысушыларға арнап шеберлік сағаттарын жүргізіп, әр номинацияның ерекшеліктері мен негізгі ұстанымдары жайында дәріс оқыды. Мұндай өзара пікір алмасу бағытындағы шеберлік сағаттары қатысушыларға, олардың шығармашылық талпыныстарына оң ықпал еткені сөзсіз.
Сонымен қатар, мәдени іс-шаралар да, концерттік бағдарламалар да қатысушылар мен елордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестивальдың үшінші күні Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен Испанияның Фламенко-Джаз музыка кеші де, Президенттік мәдениет орталығында өткен қазылар алқасының қатысуымен болған Қазақ ұлт аспаптары оркестрінің концерті де, төртінші күнгі Конгресс-Холл сарайында болған эстрадалық симфония оркестрі мен Астана қаласы Мемлекеттік филармониясы әншілерінің және қазылар алқасының қатысуымен өткен эстрада жанрындағы концерттің де, фестивальдың бесінші бәсекелі күніндегі К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрындағы “Шахимардан Әбілев және оның шәкірттері” атты вокалды музыка кеші де жиналған қауымның шат көңілдерін шалқытып, шабыт шалқарына, шуақты сәттерге бөледі.
Бұлардан бөлек Тәуелсіздік сарайында жас суретшілер ұйымдастырған көрме де келушілердің жүректерінен жылы орын алды. Бейнелеу өнері бойынша олардың 101 туындысы қойылған көрме негізінен кескіндеме және графика жанрларынан тұрады екен. Осы көрме барысында бейнелеу өнері номинациясының қазылар алқасының мүшелерімен тақырып туралы әңгімелескен едік. Сонда өнер өкілдері биылғы байқауға қатысушы жас суретшілердің дүниетанымы, шығармашылық талғамы, эстетикалық ұстанымдары мен кәсіби біліктіліктері өткен жылдармен салыстырғанда әжептәуір жоғары деңгейде екендіктерін нақты мысалдармен алға тартады.
Жалпы аталмыш фестивальға байланысты қазылар алқасы тарапынан да біраз сындар айтылып жатты. Әрине сын айтылғаны жақсы. Сын айтылмай, мін түзеле ме? Жалған мақтау жарға жықпай қоймайды дегендей ортаға тасталған біраз әттеген-айларға да кезек беріп көрсек. Мысалы, “Эстрада өнері” номинациясы вокал түрінен болған сайысқа төреші болған қазылар алқасы үміткерлердің сахна мәдениетінен, өздерін ұстауы жағынан сәл де болса көңілден шықпағаны туралы өкпе-наздарын білдірді. Журналистика номинациясы бойынша да қатаң ескертулер бұлтартпайтын кемшіл тұстарға сүйеніп батыл айтылып жатты. Кейбір қатысушылардың ұқыпсыздығы, өздерінің шығармашылықтарына жауапкершілікпен қарамаудың кесірінен номинацияларға жұмыс ұсыну кезінде қателіктер орын алғандығын өкінішпен тілге тиек етті. Сонымен қатар, тағы бір ескере кететін нәрсе – байқаудың аты айтып тұрғандай, фестиваль халықаралық деңгейде дегенмен оған шет мемлекеттерден келген қатысушылардың үлес салмағының аз болуы. Жылдағыдай тек көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен ғана емес, атына заты сай болу үшін басқа да алыс шетелдерден қатысушыларды тарту мәселелері көтерілді.
Биылғы фестиваль барысында көңіл көншітерлік, ауыз толтырып айтарлық жәйттер болмады емес, болды әрине. Мәселен, осы жолғы байқауға алыс елді мекендегі ауыл жастары да белсене қатысқанына куә болдық. Ауыл жастары өздерінің қазақтың алтын бесігінде тәрбиеленіп жатқанын дәйектеп ой ұшқырлықтарымен, ширақ шеберліктерімен, терең ізденістерімен қазылар алқасын қуантып жатты.
Сонымен сын сағаттардың сыңғыры да сырғып келіп жеткен еді. Алты күн бойы қазылар алқасы дұрыс та әділ шешімдер жасау үшін көп ойланғандары, толғанғандары жасырын емес. Өйткені үміткерлер арасында нағыз талантқа тән өнер көрсеткен жүлдеге лайық жастар көп болды. “Үміт үзу – қайратсыздық” деп халқымыздың ұлы ақыны Абай атамыз айтқанындай, барлық қатысушыларды жеңіске жетелеген үкілі үміттері – лауреат атанып, “Шабыт” халықаралық фестивалінің тарихында өз есімдерін қалдыру оларды алға жетеледі. Жетелеп қана қоймай, олардың барлығына жеңіс сыйлады. Біздің айтып отырған жеңісіміз, Олимпиада ойындарының ұранында “Ең бастысы жүлде алу емес, бастысы қатысуда” деп айтылғандай, мұндай халықаралық байқауға қатысудың өзі алдағы жеңіс шыңына жетудің үлкен бір қадамы, баспалдағы іспеттес.
Кеше, яғни байқаудың соңғы күні жүзден жүйрік жеңімпаздардың аты-жөні белгілі болды. Шығармашылық сенімді мұрат еткен жастардың абыройлары Бейбітшілік және келісім сарайында асқақтады, одан да алыс армандарға, биік асуларға жетеледі.
Ендігі кезек, сол нағыз жеңімпаздың жеңімпазы болған, бәйгеде оза шапқандардың есімдерін айтар болсақ, фестивальдың бас жүлдесі “Поэзия” номинациясы бойынша Азамат Тасқаровқа, “Домбра-прима” номинациясы бойынша ресейлік Анастасия Киьбюшкинаға, “Журналистика” номинациясы бойынша “7-арна” тілшісі Максим Рожинге, “Бейнелеу өнері” номинациясы бойынша Бейбіт Әсемқұлға, “Хореография” номинациясы бойынша Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының “Шалқыма” халық би ансамбліне, “Эстрада вокалы” номинациясы бойынша Гүлсім Мырзабековаға, “Жеке ән салу” номинациясы бойынша Жәмила Жарқымбаеваға, “Камералық ансамбль” номинациясы бойынша Өзбекстаннан келген “Feruz” ішекті квартетке бұйырды. Бас жүлдеден басқа лауреат атағын айқындайтын І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен қатар, атаулы дипломдар, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлерінің құрметтеріне арналған сыйлықтар мен дипломант атағын білдіретін дипломдар, байқауға қатысуда белсенділік танытқаны үшін мақтау қағаздар мен жеке номинациялар бойынша марапаттар тағайындалған еді.
“Журналистика” номинациясының қорытындысы бойынша І дәрежелі лауреат атағына “Қазақстан” ұлттық арнасындағы “Меншікті мекен” авторлық бағдарламасы үшін Әйгерім Әбілдина, Алматы қаласы “Қазақ радиосының” редактор жүргізушісі Серік Сейітман иеленсе, ІІ дәрежелі лауреат атағын Павлодар облыстық “Звезда Прииртышья” газетінің тілшісі Александр Вервекин мен “Астана” телеарнасындағы “Интересные истории” авторлық бағдарламасы үшін Олег Журкевич жеңіп алды. Ал ІІІ дәрежелі лауреат атағы “Нұр Астана” газетінің тілшісі Мақпал Жұмашева, әскери полигонның адам өміріне зардаптары туралы авторлық жұмысы үшін Арқалық қаласынан келген Ренат Елеубаев, “Ана” репортажы үшін Алматы облысынан келген Әйгерім Әбірова сынды жастардың еншісіне бұйырды. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық “Рика” телеарнасы ақпараттар қызметінің редакторы Серік Әбдібеков Марат Барманқұлов атындағы баспасөз саласындағы сыйлықтың иегері, “Алматы ақшамы” газетінде жарық көрген талдамалы танымдық мақалалар топтамасы үшін Әсия Бақдәулетова Камал Смайылов атындағы атаулы сыйлыққа, ал республикалық “Тұмар” журналында жарық көрген әдеби-танымдық мақалалар топтамасы үшін Қаракөз Отарбаева Астана қалалық мәдениет басқармасының Нағима Өтепова атындағы арнайы сыйлықтарға ие болды. Дипломант атанған тілшілер қауымының қатарында СТВ телеарнасының тілшісі Мұрат Уақбаев, республикалық “Айқын” газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Қамбар Ахметов, “Экспресс К” газетінің тілшісі Рүстем Омаров, “Время” газетінің Өскемен қаласындағы тілшісі Евгений Фоминых, “Актюбинский вестник” газетінің тілшісі Шолпан Төлеулова, республикалық “Айқын” газетінің Астанадағы тілшісі Қанат Махамбет сынды әріптестеріміз бар. “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” дегендей, еңбектерінің жемісін көрген әріптестерімізге шын жүректен құтты болсын айтқымыз келеді.
Барлық аталған номинациялар бойынша жеңімпаздар есімдері белгілі болғаннан кейін, биылғы “Шабыт-2010” байқауының ең дарынды қатысушысы кім, Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы кімге табысталады екен деген сұрақ бәрінің де көкейінде тұрғаны жасырын емес. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін, көп ұзамай ХІІІ халықаралық “Шабыт-2010” шығармашыл жастар фестивалі лауреаттарының концертінде ол да белгілі болды. Бұл жолғы “Шабыт” байқауында даңқы тасып, мейманасы асқан Өзбекстан астанасы Ташкенттен келген “Feruz” ішекті квартеті Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын жеңіп алды. Аталған кубокты Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева табыстады.
Барлық шаралар аяқталғаннан кейін “Шабыттың” биылғы шалқымасы Жастар сарайында фестиваль лауреаттарына арналған қала әкімі балымен салтанатты түрде мәресіне жетті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.