Маңғыстау облысы – мұнай кен орындарын игеруге отандық және шетел инвестицияларын көптеп тартудың нәтижесінде еліміздегі қарқынды дамып отырған өңірлердің бірі. Республикамызда өндірілетін мұнайдың үштен бір бөлігі осы аймақтағы мұнай компанияларының үлесіне тисе, “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы Маңғыстау мұнай өнеркәсібінің қарашаңырағы деп есептеледі. Бүгінде компания мұнайдың аймақ бойынша 31 пайызын, ал республика бойынша 9 пайызын өндіреді.
Мұнай өнеркәсібі Қазақстанның жалпы экономикасының дамуына зор қуат беретін саланың ең ірісі әрі бірегейі болды және болып қала бермек. Еліміздегі мұнай саласының даму тарихы “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1961 жылдың шілдесінде Жетібай кен орнындағы нөмірі 6-шы ұңғыдан атқан тұңғыш мұнай бұрқағы мен 1962 жылы Өзен кен орнынан алынған мұнай бұрқағы бұл өлкеде көмірсутектің мол қоры бар екенін айғақтап, Маңғыстау тарихының жаңа, жарқын беттерінің басталғанын паш етті. Сөйтіп, бұл өңірде жаңа кен орындары ашылып, аймақтың өнеркәсібін дамыту ісі басталды.
Қаламқас кен орны – “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының құрылымындағы ең ірі өндірістік нысан болып табылады. Акционерлік қоғамға тиесілі бүкіл өнімінің 70 пайыздан астамы аталған кеніште өндіріледі. Облыс орталығынан 280 шақырым қашықтықта орналасқан бұл кенорнының тез игерілуі Маңғыстау өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, орталықтан шалғай елді мекендерді өркендетуге, халықтың әл-ауқатын, мәдени-тұрмыстық жағдайын көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Айталық, 1981 жылы салынған 3-ші санаттағы Ақтау – Қаламқас жолы облыс орталығын тек Қаламқас кен орнымен жалғап қана қоймай, сонымен бірге Маңғыстау, Түпқараған аудандарындағы, Бозашы түбегіндегі ауылдармен қатынас орнатуға ықпал етіп, халық игілігіне пайдаланылып келеді.
2009 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласындағы Қазақстан қор биржасында “ҚазМұнайГаз” ұлттық мұнай-газ компаниясы мен Қытай Халық Республикасының СNРС компаниясы арасында аталған компаниялардың бірлескен кәсіпорны Mangіstau Іnvestments B.V. арқылы “Сентрал Азия Петролеум ЛТД” компаниясынан “Маңғыстаумұнайгаздың” 100 пайыздық жай акцияларын сатып алу мәмілесі аяқталды. Акционерлердің әрқайсысы 50 пайыздық үлеске ие болып, пайданы тең бөлісетін болды.
“Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-тағы кадр мәселесіне келетін болсақ, компанияда жұмыс жасайтын мамандардың жалпы санының 95 пайызы қазақстандық үлесті құраса, жұмысшылардың қазақстандық үлесі 100 пайыз. Компанияда осы салада көптеген жылдардан бері тер төгіп келе жатқан тәжірибелі де білікті мамандар жұмыс істейді.
Қазір “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының мұнайшылары жаңа жағдайда, яғни отын-энергетика рыногындағы халықаралық әдістерді меңгере отырып, уақыт талабына сай техникалық, технологиялық мүмкіндіктерді өндірісте кеңінен пайдаланудың арқасында мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттыра түсуде. Соның нәтижесінде өткен жылы компанияға қарасты кен орындарынан жоспардағы 5 млн 475 мың тоннаның орнына 5 миллион 711 мың тонна “қара алтын” өндіріліп, мұнайшылар мұнай өндірудің жылдық жоспарын 104,3 пайызға орындап шықты. Ал үстіміздегі жылдың 7 айында компания кеніштері 3 млн 312 мың 557 тонна мұнай өндірді. Ұңғылардың дебитін арттырып, қосымша өнім көзін күшейту мақсатында компания Қазақстанда бірінші болып мұнай көздерін үлкен қысыммен жару тәсілін қолданды. Алғаш рет 1999 жылы Жетібай кен орнында, ал 2003 жылдан бастап Қаламқас кенішінде қолданылған бұл әдіс қазір кен орындарының бәрінде дерлік кеңінен жүзеге асырылуда.
“Маңғыстаумұнайгаз” компаниясы өндірісті қазіргі заманғы озық технологиялардың негізінде жаңарту мен жасақтауды үнемі назарда ұстап, алдыңғы қатарлы өндіріс тәсілдерінің енгізілуіне айрықша мән береді. Соңғы жылдары өндіріске енгізілген сондай жаңа тәсілдердің бірі – ұңғыға орнатылған терең бұрандалы сорап. Сонымен қатар ұңғыларды зерттеу жүйесін компьютерлендіру жұмыстары да табысты жүргізілуде. Кәсіпшілікте ұзақ мерзімділігі мен беріктігін арттыру мақсатында болат құбырларды шыны-пластикалы құбырларға ауыстыру кең көлемде жүргізілуде.
“Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы өзінің кен орындарында қоршаған ортаны қорғау заңдылықтарының қатаң сақталуын жіті қадағалап отырады. Яғни кен орындарындағы мұнай, газ өндіру көлемін кемітпестен ондағы алаңдарды ластанудан тазартып, қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Мұнай өндіргенде және тауарлық өнімдерді алғанда пайда болатын майланған топырақ, мұнай шламы түріндегі өндіріс қалдықтары кәсіпшіліктердің аумағында арнайы жасақталған алаңдарға әкеліп төгіліп, сақталады. Акционерлік қоғам тарапынан қоршаған ортаны қорғау мақсатында көптеген нақты шаралар қолға алынып, ауқымды жұмыстар дәйектілікпен жүзеге асырылуда.
Мұнай мен газ өндірудегі орасан өндірістік қуат, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру – экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылықты арттырудың, адамдар өмірін жақсартудың сенімді негізі. “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ өндірістік нысандар мен жатақханалар, ав-томобиль жолдарын салып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, аға буын мұнайшылар тәжірибесін жастардың оқып-үйренуі үшін тәлімгерлік қозғалыстың кең қанат жайып, болашақ білікті мамандарды даярлауға баса көңіл бөліп келеді. Қаламқас кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін үй тұрмысынан кем емес жайлы жатақханалар салынды. Асханалар желісі арқылы үш мезгіл тегін берілетін ыстық тамақпен қамтылған. Қуатты, жаңа тазарту қондырғысы салынып, ол тәулігіне 1500 текше метр лас суды тазарта алады. Вахталық қалашықта пошта, телефон, көп арналы теледидар, кітапхана, душ тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Қаламқас кен орнындағы дәрігерлік амбулатория, Жетібай, Асар кен орындарындағы дәрігерлік пункттердің тәулік бойы қызмет көрсетуі профилактикалық байқау, медициналық процедура, егу, ағымдағы амбулаториялық емдеу шараларын жүргізуге жол ашты. Ақтау қаласындағы ведомстволық емхана мұнайшылардың денсаулықтарын қадағалауға арналған.
Жыл сайын жаз айларында компания жұмысшы-қызметкерлерінің балалары және облыстық отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін спорттық-сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Нәтижесінде жылына 1500-ге тарта бала жазғы демалыстарын көңілді де мазмұнды өткізеді. Мәселен, биыл мұнайшы қауымының балалары Каспий теңізі жағалауында орналасқан “Алау” демалыс сауықтыру орталығында, сондай-ақ Қырымда, Алматы, Көкшетау және Қостанай облыстарында демалып келді. Сонымен қатар, мұнайшылардың мектеп жасындағы балаларына жаңа оқу жылы қарсаңында бір мезгілдік материалдық көмек беру дәстүрге айналды.
“Маңғыстаумұнайгаз” АҚ өзінің қайырымдылық қызметімен де ерекшеленеді. Бірінші кезекте өздерінің бұрынғы әріптестері – зейнеткерлерге, соғыс және еңбек ардагерлеріне жеке көңіл бөлуді ұмытпайды. Әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жұмыстан қол үзген барлық зейнеткерлерге ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленіп отырылады. Бүгінде “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының тізімінде 8 соғыс және 74 тыл ардагері бар. Олар – кезінде ел байлығына айналған мұнай көздерін ашып, оны халықтың игілігіне асыруға атсалысқан майталмандар. “Үлкенге құрмет – мерейлі міндет” дегендей, “Маңғыстаумұнайгаз” ұжымы ардагер ағаларды үнемі қамқорлыққа алып келеді.
Үстіміздегі жылы жаңадан жасақталған компания бюджеті жұмысшы-қызметкерлерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейтуге мүмкіндік берді. Осының негізінде жасалып, жұмысшылардың кеңінен талқылауымен мақұлданған жаңа ұжымдық еңбек шартына қол қойылды. Компания басшылығы жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға, олардың кәсіби деңгейлерін көтеру мен жеке дамуын қамтамасыз етуге, әрбір маманның бәсекелестікке қабілетті болуына барынша көңіл бөліп, өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосу мақсатында ұжымның жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықпен еңбек етуіне бар күш-жігерін жұмылдыруда.
Қазыналы өңір өнеркәсібінің қарашаңырағы болып саналатын “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы қазіргі таңда мұнайдың аймақ бойынша 31 пайызын, ал республика бойынша 9 пайызын өндіреді. Ұжымның бір кісідей жұмылған күш-жігерінің арқасында компания жылдан-жылға мұнай өндіру көлемін арттырып, еліміздің табысын еселей түсуде. Табысты іске жұмылған ұжымның осынау береке-бірлігінің бір арқауы – компания кәсіпорындарында бұқаралық спортты жолға қоюда, жалпы спорт түрлерімен айналысуға баса көңіл бөлінуде болса керек. Спорт – адамның ерік-жігерін шыңдап, төзімділікке, шыдамдылыққа, ептілікке, жылдамдыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Сонымен, ортақ мақсатқа бір кісідей ұмтылуға деген ұйымшылдыққа жетелейді. Сондықтан “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы бойынша ұжымның әрбір мүшесінің спортпен айналысуына, денесін шынықтыруына бірінші кезектегілердің бірі болып назар аударылады. Бұл үшін компания өндіріс орындарында барлық қажетті жағдай жасалған.
“Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының қызметкерлері бай тәжірибесімен, кәсіби біліктілігімен, табысқа деген құлшынысымен алға қойылған биік мақсаттар мен салмақты міндеттер үдесінен көрініп келеді.
Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ.
Маңғыстау облысы.