10 Қараша, 2010

Қатираның қаймағы

665 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сіздің тілшіңіз қайбір жы­лы Қызылордадан, Шымкент­­тен, Тараздан бір-бір бизнес­мен қарындас хақында “Кә­сіп­кер келіншектер” деген дү­­ние жазған. Оңтүстік Қазақ­стан облысында озып келе жат­қан жаз дидарлы жай­дар­ман жан Рәшкүл Оспанә­лие­ваны, Жамбыл облысы жұрт­шы­лығының жұлдызындай Жұ­магүл Омарованы, Қы­зыл­орда облысы қыз-келіншек­те­рінің жақұтындай Бақыт Ая­ға­нованы жырлаған. Одан кей­ініректе кәсіпкерлік көзін тап­қандардың, жаңашыл із­де­ністерімен жарып шық­қан­дар­дың арасынан тараздық Сәу­ле Рысбаева мен Зәкира Мыр­­затайқызын жазың­­­­қы­ра­ған. Жақында тағы да Таразға қарата жолға шықтық. Өзі де айналайын ағарғанды жарата­тын, бала-шағалары мен не­ме­ре-шөберелеріне де ақ сүт пен айранды, ірімшік пен сүзбені, сонсоң, әрине, қаймақты қызу на­сихаттап, күнделікті үзбей пайда­лан­бақты көздейтін көкеміз бүй деді: “Ай, арнаулы тілші! Кәсіпкер келіншектерді көрсетпей кеттің ғой. Анау Қатираның қаймағы мен ірімшігін және наринэсін жазбай­сың ба? Қазір Қатираның сүт це­хын Тараз түгілі, бізден тысқары талай жұрт жақсы біледі. Қати­ра­ның қаймағындай қаймақ, ірім­ші­гіндей ірімшік жоқ. Ал, наринэ де­генді естуің бар ма өзі?” Осыны айтқан ағатайымыз қу­ла­на күлім қағады-ай. Ірімшікке қай­мақ құйып отырып. “Сүт цехына сізді мен-ақ ертіп апа­райын, – деді осы облыста бас­шы­лық қызметтерде жүрген, кі­ші­пейіл де аңғарымпаз, сезімтал да сез­гір бауырымыз Мейірбек Пірә­ли­ев. – Барлық балабақшалар ағар­­ғанды Қатира апайдан алуға ұмтылатынын білеміз біз де. Бір­­та­лай жылдан бері солай. Шет жұрт­тардан жететін сүт өнімдерінің бәрі дер­лік жасанды. Ұнтақтан әзір­ле­не­ді ғой. Ал Аққулиева апайдың ұж­ымы шығаратын нәрселер түгелдей табиғи, таза...” Қатира Орынбайқызы Аққулиева. Таразыңыз түгел танитын Қатира. Қатираның сүт цехында бірер жыл бұрын Елбасы болған. Сонда Қатираңыз кім өзі? Он­­­­ың өзінің және атақты сүт це­хы­ның нендей ерекшелігі бар? Қа­ти­раның қаймағы мен ірімшігі, сүті мен сүзбесі неге мақтаулы? Наринэ дегеніңіз не зат? Жақсыны көрмек ләзім. Жар­қын істерді жазбақ – парыз. Қатира – қазақтың қатардағы қызы. Ауылда өскен. Алғырлығы, жыл­дам сөйлеп, жедел қимылдай­­­ты­ны жас өскін шағынан-ақ аң­ға­рылған. Шымкент медицина учи­лищесін фармацевт мамандығы бой­ынша бітірген. Анау ғасы­ры­ңыздың алпыс сегізінші жылында. Содан былай қарата дәріханалар жүйесінде жұмыс істеген. Ауылдық дәріхананың меңгерушісі болған. Тап-таза, мұнтаздай қыз. Бой-басы тіп-тік. Жіптік. Ақ желеңі жарас­қан. Талай жігіт таласқан. Көпші­лі­гіне қарай қоймаған. Кезде­су­лерге жолай қоймаған. Жұмысына ғана берілген. Дегенмен, жігітте де жігіт бар... Мөлдіреген келіншек. Мейірімді көздер. Ықыласты сөз­дер. Дәрілерінен бұрын келін­шек­тің көзі мен сөзі емдер. Қай жерде, қандай дәріханада істесе-дағы Қа­тираңыздың алғыс арқалағаны рас. Бірте-бірте ауданға, қалаға, облыс­тық жүйеге жоғарылады. Шақыру арқылы. Кішіпейіл де елгезек ке­ліншек. Білікті маман. Адамдармен тез тіл табысатын, бауырмалдығы бө­лекше ханым. Фармацевтика өндірісінің бастығы лауазымына дейін өсті. 1994-1997 жылдары Жам­был облысы денсаулық сақтау департаментінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. Кейіннен қирап қалған сүт це­хын қолға алып байқамаққа бел бу­ған. Ауылда, бала кезінде, бал­дыр­ған шағында апасы сүт пісіретін. Суыңқыраған сүттің бетінен бал­қай­мақ қалқып әперетін. Сырлы тос­тағанға құйып. Ірімшік жасай­тын. Құрт домалақтайтын. Апасы­ның қасындағы Қатира қай істен де қалыспауға тырысатын. Ана ала­қа­нындағы аппақ ірімшіктен, ақ жай­маның үстіндегі сарғыш құрттан, сырлы тостағандағы балқаймақтан тәтті-дәмді нәрселер жоқ-тұғын. Тоз-тозы шыққан талай дү­ниелер жекешеленіп жатты. Жо­ға­лып кетіп, жұтылып кетіп, сатылып кетіп жатты. Ара-арасында басқа нәр­селер де бар ғой, әрине. Аққу­лиеваның алғаны қарапайым ғана, қирандыға айнала бастаған сүт цехы-тұғын. “Молочная кухня” деп аталатын мекемелердің бәрі дерлік жабылып тынған. Балабақшалар үйлері жекешеленген. Болмас тиын-сиындарға сатылған. Сондай алмағайып заманда ақ желең киген, шашын төбесіне түйген, кім-кім­мен де қатқылдау тіл қатысатын күйге жеткен Қатира шыққан бел­сеніп. Сүт цехының таланға кетіп, таражға түсіп үлгермеген жасау-жабдықтарын жөндеткен. Сонау жастық дәуренінде ғашық боп, жұп жарастырған Жұмағұл отаға­сы екеуі жалықпай жүгіріп жүріп, жеке үйлерден сүт жинаған. Көп ұзамай-ақ цехты іске қосқан. Қа­сықтары қаңсып, тәрбие­ле­­ну­ші­лерінің таңдайлары құрғап отырған балалар үйіне алғашқы қаймақ-қа­тықтарын тегін берген. Бір мәрте емес. Талай рет. Қайта-қайта. “Қа­­тираның қаймағы” деген сөзіңіз сол кезде пайда болған. Балалар үйлері. Қыс­қартудан әзер қалған балабақ­шалар. Ауруханалар. Бәрі де “Қатираның қаймағы” дейтінге айналған. Ірім­шік. Сүт. Қаймақ. Ай­­­ран. Бірінен бірі өтеді-ай. Дәмді. Жұғымды. Жасанды емес. Ұнтақ-сұн­тақтан құрап-сұрап, алдап-су­лай­тын әл­де­не емес. Тап-таза. Та­биғи. Туған то­пырақтың төл туын­­ды­сындай. Мұнтаздай. 2004-2005 жылдары Қатираның серіктестігі төрт тоннаға дейін сүт өң­деуге қол жеткізген. Тараз ша­һа­рында бәсекелестер шыға бастады. Бара-бара жеті-сегізге жетті. Қа­ти­раның “Галеникасымен” жары­са­тын­дар. Бірақ, бәрібір, Аққулие­ва­ңыздан алға озғандары жоқ-ау. Әзір­ше. Жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігін “Галеника” деп ата­у­­ын­да гәп бар. О баста, фарма­цев­ти­ка саласының саңлағы кезінде “Га­лен цехы” болатын. Дәрі-дәр­мек­тің ең негізгі, ең қарапайым түр­лері сонда әзірленетін. Он то­ғы­зыншы ғасырыңызда Клавдия Га­лен деген керемет әйел өмір сүрген. Жеңіл-желпі, жедел әсер ететін, қарапайым дәрмектерді алғаш сол Галеніңіз жасай бастапты. Олардың қатарында жасыл дәрі, йод, тағы­сын-тағылар болған. Аққулиеваңыз алғаш дәрі-дәрмек фирмасын аш­қан ғой. “Галеника” деп ныспы­ла­ған. Кейіннен біржолата басқа ша­руаға көшіп, сүт өнімдерін шыға­ру­мен айналысатын ЖШС құр­ғанда, осы қымбат атауды қимаған. Қатира 1982 жылы Жамбыл технологиялық институтын инже­­нер-экономист мамандығы бой­ын­ша сырттай оқып бітіріп алған­тұғын. Жемісін, нәтижесін көріп-ақ жүр-ау. Бүгінде. Бәрін біледі. Ин­женерлігі мен экономистігі небір мықтыларыңыздан кем соқпас. Үнемі оқып, ізденіп, шет елдерге шығып, жаңалық игеріп, өндіріске енгізумен айналысады. Қатираның қаймағы. Аққулиеваның ақ ірім­ші­гі. Орынбайқызының наринэсі. Діттеген деңгейлерден титтей де төмендеген емес. Сапа жағынан. Айтпақшы, наринэ деген не? Наринэ – Тараздағы “Галеника” ЖШС-ның сүт цехы екі-үш жылдан бермен қарата шығара бастаған жаңа өнім. Қантсыз наринэ бар. Қант қосылған наринэ бар. Ал енді наринэ қайдан пайда болған? Нендей нәрсе? Десеңіз, оның мәнісі мынадай. Қатира Орынбайқызы шет елдерге шығып тұрады дедік қой. Әсіресе, Мәс­ке­уіңізбен тығыз байланыста. Сол қалаңызда ғой, “Биотехнологиялар әлемі” дейтұғын, ылғи ізденім­па­з­­­­дар, ғажайып жаңашылдар, айна­лайын ағарғанға, адамдарға адал қызмет істемекті мақсұт тұтқандар еңбек ететін қоғам бар. Міне, на­ринэ – сол “Биотехнологиялар әле­мінің” халықтық дәстүр мен за­манауи жаңашылдықты үйлестіріп жасаған өзгешелеу өнімі. Қатира мәскеуліктерден ерінбей-жалықпай үйреніп, наринэні жерсіндіріп, өз дәстүріңіз бен өз топырағыңызға, қазақтың ағарғанына ұнастыра ұластырып жасай бастағалы бірне­ше жыл бопты. Қазір жыл сайын сүтіне, айранына, қаймағына қоса Қатираларыңыз 13-15 тонна қантты наринэ, 11-12 тонна қантсыз на­ри­нэ шығарады. Сұраныс жақсы. Ба­лалар үйлерінен. Балабақшалардан. Ауруханалардан. Жеке отбасы­лар­дан. Дүкендерден. Дәмханалардан. “Ойбай-ау, ол, наринэ деге­ніңіз, әсіресе, ауруханадан емделіп шық­қандар үшін таптырмайтын тағам ғой!” – дер еді сөзіміздің бісміл­ласында мысалға келтірген көкеміз. “Галениканың” сүт цехы Тара­зыңыздың Жұбанышев көшесіндегі екінші үйде. Төрт жүз елу шаршы метрді қамтиды. Сүт қабылдайтын бөлме. Сепараторлық бөлме. Пас­теризаторлық бөлме. Салқын­дат­қыш бөлім. Құю бөлмесі. Мұз­датқыш. Өнім тарату бөлімі. Ақ же­лең киген, жүздері жылуарлы жан­дарды көресіз. Жанаткүл Қыз­дар­бекова, Шырын Нұрланова, Рау­шан Сексенбаева, Зоя Сүйінбаева, Ұлбике Жиентаева. Бірі – дие­та­лық мейірбике, екіншісі – өндіріс меңгерушісі, үшіншісі – технолог, төртіншісі-бесіншілері – тиісті салалар мамандары. Қатираның бір кездегі сылқым-сері, сұлу мұртты, қоңырқайлау бұйра шашты, сымбатты жігіті Жұмағұл Мелдебекұлы Кенжебаев – бүгінде алпысыңызды орталап үлгерген, самайларын қырау шал­ған отағасы. Немерелерінің атасы. Сонда да темір көліктің тізгінінде. “ЖШС-да да директор, үйде де директор ғой бұ құрдасыңыз”, – деп, рахаттана жымияды. Қати­ра­ңыздың қаймағы бурыл тартқан мұр­тының жылтырауынан да бай­қа­лады. “Алайда, аяғым аздап қақ­сайды-ай, Жаңақорған жаққа жі­бермей жүр ғой айналайын Аққу­лиева”, – деп қояды қуланып. Сүт цехындағы директор бөл­месінің бір қабырғасын тұп-тұтас марапат қағаздары жауып тұрыпты. Жамбыл облыстық мәслихатының Грамотасы. Қазақстан Тәуелсіздігі мерекелік медальдарының куәлік­те­рі. Әр жылдардағы “Ең үздік кә­сіп­кер әйел” дипломдары. “Жыл­дың ең үздік кәсіпкері” номи­на­циясының дипломдары. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты. “Ерен еңбегі үшін” медалі куәлігінің көшірмесі. Бізбен әңгімелесіп болған Қа­тира Орынбайқызы жұбайы Жұ­ма­ғұлға жымия қарап: “Облыстағы іс­кер әй­елдер ассоциациясының жи­налы­сына үлгеруіміз керек”, – деді. “Мі­не, осы. Құрдасыңыздың қо­лы қо­ғамдық жұмыстан боса­май­ды. Та­ғы да екі-үш ассоциацияның мү­ше­­сі,­ тіпті біреуінің төрайымы. Не­мере­леріне қарауға уақыт таба ал­майды”, – деді Жұмекең майлы мұр­тын шиырып. Тізе тұсын уқалап қой­ып. “Жұмекеңді Жа­ңа­қорған жаққа жіберіп алыңыз”, – дейміз біз.