12 Қараша, 2010

Санаттан қалмас саңлақтар

512 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әкелі-балалы адамдарға бірге әрі бірдей құрмет көрсетіліп, тұр­ған үйлеріне Алматы қаласы әкі­­мінің қаулысы бойынша ескерт­кіш-тақта орнатылуы тым сирек кездесетін бірегей құбы­­лыс. Олай болса, тәуелсіз Қа­зақ­стан та­ри­хын­да осылай ар­дақ­талу құр­ме­тіне тұңғыш рет әкелі-балалы Шаймерденовтер ие болды десек, қателесе қой­мас­пыз. Бұл әулет қа­зақ­қа Сафуан ағадай өзгеше тұрпат­ты, ер мінезді, сырлы суреткер жазу­шы­ны және көгалды хоккейде ұлт­тық спорттың абырой­ын асырып, 10 дүркін КСРО чем­пио­­ны болған, ме­нің Са­ян құрдасымдай саңлақты сый­­лады. Бірі әдебиетте, екіншісі спортта көр­некті де өрнекті із қал­­дырды. Әке мен балаға ортақ тағы бір қа­си­ет азаматтық рухта­рының биіктігі болатын. Бапкер ретінде де талай биікті бағындырып, ұлттық әйелдер құ­рамасын жаттықтырып жүрген, алдына көп арман-мақсаттар қойған Саянынан 49 жасында айрылғанда Сафуан аға қатты қайғыдан құлап түсіп оңалмаған-ды, сүйікті ұлы Мағауиясынан айрылған ұлы Абайша күңіренген-ді. Бауыр еті баласы мен асыл жарының бірінен соң бірі келген қазасын Бағдат апа айнымас ана жүрегінің қайсарлы­ғы­мен көтере білді. Орнында бар оңа­лар­дың үлгісін танытты. Екі бірдей қимас жанға ескерткіш-тақта ашы­­лып қастерленуінің негізгі ұйыт­қы­сы, арттағы іздеушісі де болған осы Бағдат апаның міне, көңілі жұбаныш тапқан бүгінгі сүйінішті күнге де жеткеніне біз тәнті болдық. Ананың қайсар рухы алдында басымызды идік. Аға шығармаларының бесінші томын шығаруға талпынған жан­кешті әрекеттеріне сүйсіндік. Халық жазушысы Сафуан Шай­мерденов қазақ әдебиетіне тыңнан түрен салғандай соқталы дүниелер бергені мәлім. Әуелгі аты “Бола­шақ­қа жол”, кейін “Инеш” аталған романы кезінде көпшілік қауымның қолдан түсірмейтін сүйікті шығар­масына айналды, мыңдаған жастар­дың болашағына жол салған өмірлі туынды болды. Әуезов аманат арқа­­латқан, үміт артқан дарынды жас қаламгерлер қатарынан Сафуан Шай­мерденов те табылғаны әмбеге аян. Одан кейінгі биік мәдениетті, мін­сіз мәнерлі повестер сериясы, әде­биет мүддесіне адалдығы ұлы ұстаз үміті ақталғанын айғақтайды. Рабиндранат Тагор мен Лев Толстой сынды алыптардың шығармаларын қазақшалап, тәржіме өнерінде өнеге көрсетті. “Ағалардың алақаны” және “Әдеби толқындар” кітап­та­ры үшін еліміздің Абай атындағы Мем­ле­кеттік сыйлығын алды. Әрқашан сардардай сарқыл­дай­тын Сафекеңді сағынған қау­ым әсіресе, оның азаматтық ер­лік­терін, турашылдығы мен батыр­лық мәрт мінездерін, қазақтың тілі мен ділі үшін жан сала кү­рескенін, Жел­тоқсан оқиғасы ке­зінде жастары­мызды жалтақтамай қорғағанын жиі еске алады. “Қа­­раңғы үйден қара мысық іздеуге бол­майды, қазақтай халықтан ұлт­шыл­дық­ іздеуге болмайды!” деп Кол­бин­нің алдында қасқайып сөйлегені әлі де көп адамның көз алдында. Қазақ поэзиясының тағы бір саңлағы Сыр­бай Мәуленов көшесіндегі үйінде ескерткіш-тақта ашылуының салта­нат-рәсімінде сөз сөйлеген Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төр­ағасы, ақын Нұрлан Оразалин, әдебиет зерттеуші ғалым Жұмағали Ысмағұлов, жазу­шы Қалихан Ысқақ, ақын Мұхтар Шаханов Сафуан Шай­мерденовтің жазушылық өзгеше сыр-сипатына, әдеби толқындар ара­сындағы алтын арқаудай дәне­кер­шіл­дігіне, адамгер­ші­лік ізгілікті қа­сиет­теріне, ұлт мүд­­десінен айнымас адал­дығына кеңі­нен тоқталып, хас қалам­гер, қайсар жазушы, асыл аға жай­ында сағы­нышқа, ілтипат-ізетке толы әдемі естеліктер толғады. Ес­керт­кіш-тақта ашылу рәсімінен соң қазақ тари­хын­да әсте санаттан қалмас саң­лақ­тар – әкелі-балалы Сафуан аға мен Саян Шаймер­де­нов­тердің рухына ба­ғыш­талып құран оқылып, ас берілді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.