Өскеменде Қазақстанда етті ірі қара шаруашылығы құрылымын дамыту және ветеринарлық жүйені жетілдіру жөнінде республикалық семинар-кеңес болып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстар әкімдерінің ауыл шаруашылығы мәселелерімен шұғылданатын орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және басқалар қатысты.
Ө.Шөкеев өңірде индустриялық-инновациялық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанымен танысты. Ең бірінші “Өскемен арматура зауыты” АҚ-қа атбасын бұрды. Аталмыш кәсіпорынның өнімдерін Қазақстан ғана емес, көрші мемлекеттер де тұтынады. Еліміздегі мұнай, отын-энергетикалық, басқа да салаларға ауадай қажет арматура өнімдерінің сапасы жақсы. Облыс әкімі өңір бойынша индустрияландыру картасына 22 жобаның енгенін тілге тиек ете келіп, олардың бағасы 481 миллиард теңге болатынын хабарлады. Бұдан кейін қонақтар Шығыс Қазақстан жылыжай кешені серіктестігіне келді. Мұнда бұдан екі жыл бұрын аумағы 4,7 гектар болатын кешен дүниеге келген. Өткен жылы кәсіпорында екі мың тонна томат жиналыпты.
Елімізде ветеринарлық қызметті дамыту мәселесімен Үкімет көптен бері шұғылданып келеді. Мал тұқымын асылдандыру, ірі қара, қой мен ешкі, басқа да түліктерді дер кезінде егіп, түрлі аурулардан аман сақтау үшін басқа да профилактикалық шараларды атқару қажет. Осы жолғы семинар-кеңесті Шығыс Қазақстан облысында өткізудің өзіндік мәні бар. Бұл өңірде ветеринарлық жүйені жетілдіруде тыңғылықты істер атқарылуда. Ө.Шөкеев бастаған топ З.Серікбаев жетекшілік ететін республикалық ветеринарлық лабораторияға келген кезде заманауи жабдықтар мен қондырғыларды тамашалады.
Кешкілік Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің техникалық паркінде орналасқан ауыл шаруашылығы тауарлары көрмесімен танысқан Ө.Шөкеев “Восток-молоко”, “Зайсан сулары”, Үржардың “Швабские колбаски”,” Т.Шорманов басқаратын жылыжай серіктестігінің, Нұрлан Балтаев шығаратын 42 түрлі нан, нан-тоқаш тағамдарының сапасына жоғары баға берді. “Елбасы Н.Назарбаев елімізде ет өнімдерінің сапасын арттырып, ветеринарлық жүйені жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Біз семинарды Шығыс Қазақстанда тектен текке өткізіп отырған жоқпыз. Мұнда ветеринарлық қызмет дұрыс жолға қойылған. Өз облыстарыңызға барған соң жетістіктерді саралап, оны енгізу жөнінде батыл қадамға баратын боларсыздар” деді Ө.Шөкеев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.