Елордада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның “Байқоңыр” кешені бойынша кіші комиссиясының 13-ші отырысы өтті. Аталған іс-шараға еліміз Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев пен Ресейғарыш агенттігі басшысы Анатолий Перминов жетекшілік етті. Отырысқа Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының, мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар сарапшылар қатысты.
Жиын барысында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев көптен күткен “ Қазсат-2” жер серігі ғарышқа келер жылдың наурызында ұшырылатынын мәлім етті. Сондай-ақ, мамандар тарапынан Байқоңырдағы екі ел арасындағы салық айырмашылығын біріздендіруге, зейнетақыны реттеуге қатысты біршама жұмыстардың жүргізілгені де назардан тыс қалмады.
Ресей тарапы елімізден зымыран ұшу радиусын өзгерту туралы ұсыныстар жасап отыр. Жаңа ұсыныс қос жер серігін бірден ғарыш кеңістігіне алып шығатын ауыр салмақты “Протон” зымыранының ыңғайына жақын екен. Аталған ұсыныс ел Үкіметі назарына ұсынылмақ. Ал, Мәскеуде ұзақ жылдан бері дайындықтан өтіп келген 2 ғарышкеріміздің көкке көтерілетін мерзімі әлі белгіленбеген. Екі ұшқыш дайын, алайда корабльде орын жоқ. Ресейлік кемелер үш адамға ғана арналған, – деді Т.Мұсабаев.
Кіші комиссияның отырысы аясында 12-ші отырысы шешімінің іске асырылу барысы мен өзге де “Байқоңыр” кешенінің қызметіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Жұмыс қорытындысында “Байқоңыр” кешені бойынша өткен осы отырыстың хаттамасына қол қойылды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.