ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫН БЕРУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯДАН
Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия 2011 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға жұмыстарды қабылдауды бастағаны туралы хабарлайды. Мемлекеттік сыйлықты алу үшін жұмыстарды ұсыну және материалдарды рәсімдеу тәртібі туралы ереже төменде жарияланған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің www.scedu.kz сайттарында орналасқан. Қойылған талаптарға сәйкес рәсімделген құжаттар мен материалдар авторлардың өздерінен немесе сенім білдірген тұлғаларынан Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясында 2011 жылғы 1 ақпанға дейін мынадай мекен-жай бойынша қабылданады: Астана қаласы, “Министрліктер Үйі”, 10 кіреберіс, 1039 бөлме, жабық тақырыптар бойынша 924 бөлмеде. Анықтама телефоны: 8(7172)742460. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 11 қыркүйектегі № 423 бұйрығына 1-қосымшаҒылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алу үшін еңбектерді ұсыну және материалдарды рәсімдеу тәртібі туралы ЕРЕЖЕ
Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің “Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы” 2007 жылғы 13 тамыздағы № 381 Жарлығымен бекітілген Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылған еңбектерді рәсімдеуге және тапсыру шарттарына талаптар белгілейді. 1. Жалпы ережелер 1. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық) Қазақстан Республикасының азаматтарына: республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуын айтарлықтай жеделдетуге, қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығуына әкелетін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелер үшін; қоғамға кеңінен танылған бір бағыттағы ғылыми жаңалықтар, монографиялар мен ғылыми жұмыстар үшін; техника, материал және технологиялардың әлемдік аналогтар немесе одан жоғары деңгейдегі жаңа түрлерін әзірлегені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін; экономиканың түрлі салаларында мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық үрдістер әзірлегені және жасағаны үшін беріледі. 2. Қазақстан Республикасының Президенті 2007 жылдан бастап Тәуелсіздік күніне екі жылда бір рет 3 Мемлекеттік сыйлық береді. 3. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылған жұмыстарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі сыйлық берілетін жылдың 1 ақпанына дейін қабылдайды; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып табылады. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарды Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия қарайды. 4. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған сәтке дейін кемінде екі жыл бұрын Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылатын ғылыми еңбектердің жариялануы, техниканың жаңа түрлері, жаңа материалдар мен технологиялардың өндірісте игерілуі тиіс. Жұмыс Мемлекеттік сыйлық алуға бір рет ұсынылады. Бұрын Қазақстан Республикасы сыйлықтарына ие болған жұмыстар Мемлекеттік сыйлық алу конкурсына қатысуға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы лауреатының жаңа жетістіктері болған ретте бұл сыйлық оған қайтадан, тек көрсетілген сыйлық берілгеннен кем дегенде бес жылдан кейін ғана берілуі мүмкін. 5. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылатын ізденушілер ұжымы 8 адамнан аспауға тиіс. Ізденушілер ұжымына кандидаттарды іріктеу ұсынылатын жұмыс орындалған министрліктерде, ғылыми және басқа да ұйымдарда, сондай-ақ кәсіпорындарда белгіленген тәртіппен, объективті түрде жүргізіледі. Бір ізденушінің кандидатурасы Мемлекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсынылуына болмайды. Ізденушілердің ұжымына адамдарды тек лауазымдық және басқа да субъективтік себептер бойынша кіргізуге жол берілмейді. 2. Жұмыстарды ұсыну 6. Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды мемлекет органдарының алқалары, ғылыми, оқу ұйымдарының ғылыми, ғылыми-техникалық кеңестері мен басқа да алқалық органдары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар жүргізеді. Жұмысты бірнеше ұйымдардың ұжымдары бірлесіп ұсынуы да мүмкін, онда бәрінің келісімі бойынша ұйымның бірі жетекші ұсынушы ұйым болып белгіленеді. 7. Мемлекеттік сыйлық алуға жұмыстарды ұсыну ақпараттық ашықтық принциптері негізінде жүргізіледі. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелерін қолданып жүрген ұйымдар (кәсіпорындар) өкілдерінің жұмыстарды талқылауға қатысуы міндетті болып табылады. 8. Авторлық ұжымға кандидаттар ұсыну жұмысты жалпы орындаушылардың арасынан әрқайсысының қосқан шығармашылық үлесін бағалай отырып жасалады. Авторлық ұжымның әрбір мүшесінің кандидатурасы олардың негізгі қызмет орны бойынша талқылануы тиіс. Жұмысты және авторлық ұжымды (авторды) Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы шешім кәсіпорынның алқалы органының мәжілісінде, оқу орны немесе ұйымның ғылыми, ғылыми-техникалық кеңестерінде жасырын дауыспен осы органдардың қызметін реттейтін және өзге де актілерде белгіленген тәртіппен қабылданады. 3. Жұмысты рәсімдеу ережелері 9. Жұмыс мұқабалы екі том түрінде, әрқайсысы 3 данадан жасалып, оған бір парақ (6 дана) қысқаша аннотация қоса тіркеледі. Мәтін, А4 (297x210) үлгісіндегі парақтың бір бетіне басылады, томдардың мұқабасында жұмыстың атауы, автордың тегі, аты-жөні көрсетіледі. 10. Аннотация бір парақта рәсімделеді және мына мәліметтерден тұрады: беттің бірінші жағында: жұмыстың атауы; ұсынып отырған ұйымның толық атауы; авторлардың тегі, аты-жөні, қызмет орны, лауазымы, ғылыми дәрежесі мен атағы; беттің екінші жағында: жұмыстың қысқаша мазмұны (мәтіні 1500 таңбаға дейін), оның негізгі ғылыми-техникалық идеясы, нәтижелерінің практикалық және оны жүзеге асырудың экономикалық және әлеуметтік маңызы; жетекшінің яки жұмыстың бір авторының қолы қойылады. 11. Бірінші томда жұмыстың техникалық жағы баяндалады. Баяндау мәтіні құжаттарға қойылатын стандартты талаптарға сәйкес рәсімделеді. Баяндаудың көлемі 100 парақтан аспауы тиіс. Безендіру (иллюстрация) мәтін бойынша орналастырылуы мүмкін немесе жеке альбом ретінде ұсынылады. 1) Жұмыс түсіндірмесінің (баяндаудың) титулдық бетінде еңбекті ұсынушы ұйымның атауы, жұмыстың атауы, үміткердің тегі, аты-жөні ұйымдар бойынша әліпби ретімен жазылып, олардың қолдары қойылады. Жұмыстың жетекшісі болған жағдайда, оның аты-жөні бірінші келіп, жетекші деген сөз жазылады. Титулдық беттегі жазулар мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі. 2) Баяндаудың (түсіндірменің) басында іргелі зерттеулердің, жаңа технологиялар мен техниканың, қолданбалы еңбектердің айрықша маңызды және соны нәтижелері аталып (көлемі 10 парақтан аспайтын), жұмыстың қайда, қашан және қандай ауқымда іске асырылғаны, оны пайдалану Қазақстан экономикасына қаншалықты техника-экономикалық нәтиже бергені осы аннотацияда көрсетіледі. Жұмыстың түсіндірмесінде кең көлемде оның мазмұны, ұқсас әлемдік үздік еңбектермен салыстырмалы сипаттамасы, енгізу жағдайы (экономикалық не әлеуметтік тиімділігі), осы нәтижелерді одан әрі пайдалану болашағы айқындалады. Жұмыстың ғылыми-техникалық және техника-экономикалық көрсеткіштері келтіріледі. Жаңа технологиялардың, техниканың, құралдар мен материалдардың, заттардың пайдалану жағдайларының негізгі сипаттамасы келтіріліп, әзірлемелердің патенттік-лицензиялық құндылығы көрсетіледі. Түсіндірменің соңында авторлардың тақырып бойынша еңбектерінің, жаңалықтары мен өнертапқыштығының тізімі, мекемелер мен кәсіпорындардың сын-пікірлері, сарапшылардың қорытындылары және авторлық куәлік, сынақ актілері, өндіріске енгізу актілерінің (не олардың орнына жүретін құжаттар) көшірмелері келтіріледі. 12. Екінші томның (ұсыну құжаттары) ішіне мыналар кіреді: 1) Бас ұсынушы ұйымның бланкісіне жазылған ұсыным-хатта ұйымның нақты толық атауы, әрбір ізденушінің тегі, аты-жөні, ғылыми дәрежесі, лауазымы, қызмет орны, ведомствосы, жұмыстың толық мазмұнын айқын ашып көрсететін атауы болады. Хатта одан әрі мыналар көрсетіледі: жұмыстың қысқаша мазмұны, оны ұсыну негіздемесі, жұмысты жалпы бағалау, оның басталу және аяқталу мерзімі және нәтижелерді нақты іске асыру кезеңі, жүзеге асыру ауқымы, ғылыми-техникалық және техника-экономикалық, соның ішінде отандық және шетелдік ұқсас ұйымдармен салыстырмалы көрсеткіштері, одан алынған экономикалық не әлеуметтік нәтиже. Ұсыным хатқа ұсынушы ұйымның басшысы қолын қойып, мөрімен растайды. Егер жұмысты бірнеше ұйым ұсынатын болса, онда хатқа әрбір ұйымның басшылары қол қояды. Барлық жағдайда басшылардың қолы мөрмен бекітіледі. Авторларды ұсыным-хатта жазып шығу ұйымдар бойынша алфавит ретімен жасалады. Егер жұмыстың жетекшісі белгіленсе, ол тізімде бірінші болып көрсетіледі де “жетекші” белгісі қойылады. Егер қайтыс болған автор сыйлыққа ұсынылса, оның соңғы лауазымы мен қызметі көрсетіледі. 2) Ашық баспасөзде жұмыстың атауы мен мазмұнын, авторлардың тегін, лауазымдарын, қызмет орнын жариялау рұқсаты туралы хат (ұсынушы ұйымның бланкісіне жазылып, басшының қолы қойылып) ұсынылады. 3) кәсіпорын, ұйым, еңбек ұжымының төралқасы, ғылыми не ғылыми-техникалық кеңесі мәжілісінің және еңбектің толық атауы, барлық авторлар ұжымының құрамы (әрбір автордың тегі, аты-жөні, оның лауазымы, қызмет орны) көрсетілген жұмысты сыйлыққа ұсыну туралы хаттамасынан үзіндісіне кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қойып, ол мөрмен бекітіледі. 4) Кеңес мүшелерінің жалпы саны, дауыс беруге қатысқан кеңес мүшелерінің саны және жасырын дауыс беру қорытындысы көрсетілген есеп комиссиясының хаттамасына (хаттамалары) есеп комиссиясының төрағасы мен хатшысының қолы қойылып, мөрі басылады. Авторлық ұжымның құрамына жұмысты ұсынып отырған ұйымда қызмет істемейтін адамдар кірген жағдайда жоғарыдағыдай олардың негізгі қызмет орындарынан кеңес мәжілістері, есеп комиссиясы мәжілістерінің хаттамаларынан сол адамдарды авторлық ұжым құрамына енгізу жөніндегі ұсынымдарына қатысты үзінділері рәсімделеді. 5) Жұмысқа қосқан үлесі туралы анықтама әрбір ізденушіге жеке-жеке ұсынылады, оның тегі, аты-жөні, жұмыс орындалған кездегі лауазымы, сондай-ақ оның жұмысқа қосқан нақты шығармашылық үлесінің сипаттамасы және оны авторлық ұжымның құрамына кіргізу негіздемесі көрсетіледі. Анықтамаға автордың сыйлыққа ұсынған жұмысты орындау кезінде қызмет атқарған орнының басшысы, сондай-ақ жетекші ұйымның басшысы қол қояды да мөрмен бекітеді. Егер ұсынылған жұмысты бір автор орындаған болса, оған қосқан үлесі туралы анықтаманың қажеті жоқ. 6) Ұсынылған жұмыстың ізденушілері туралы мәліметтер оның негізгі жұмыс орнынан алынады. Мәліметтер қатаң төлқұжаты (куәлік) бойынша мынадай түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде рәсімделеді: тегі, аты-жөні; туған жылы, төлқұжат мәліметтері; мамандығы; құрметті атақтары (егер ізденуші лауреат болса, міндетті түрде қандай сыйлық, қай жылы алғаны көрсетіледі); соңғы бес жылда алған Мемлекеттік наградалары (марапатталған уақыты мен не үшін алғаны анық жазылады); ғылыми дәрежесі мен атағы; жұмыс орны мен оның ведомстволық бағыныстылығы: лауазымы: қызметінің мекен-жайы мен телефоны; үйінің адресі мен телефоны; мәліметтерге ізденуші қол қояды, оны кадрлар бөлімінің қызметкері растап, мөрін басып, толтырылған күнін көрсетеді; зейнеткерлерге осы мәліметтерді соңғы қызмет істеген орны өз бланкісіне жазып дайындайды; егер автор қайтыс болған соң ұсынылатын болса, оның қайтқан күні мәліметтерде көрсетіледі, сонымен бірге мұрагерінің тегі, аты-жөні, үйінің мекен-жайы, телефоны жазылады. Егер сыйлыққа ұсынылған соң өзгерістер болса, онда автор туралы көрсетілген нысанда қосымша анықталған мәлімет беріледі. Еңбектің атауы, авторлардың лауазымы мен қызмет орындары құжаттардың бәрінде бірдей жазылуы тиіс. Ұйымдардың атауын қысқартып жазуға рұқсат етілмейді, құжатта аббревиатураны түсіндірме тізімі болса ғана, сөздерді қысқартып жазуға болады. 4. Мәліметтері жариялауға жатпайтын жұмыстар бойынша құжаттарды рәсімдеу мен ұсыну 13.Мәліметтері жариялауға жатпайтын жұмыстар бойынша барлық құжаттар мен материалдар үш данадан ұсынылады және Қазақстан Республикасындағы құпиялық режимді қорғау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұйымдастыру және кадрлық жұмыс басқармасына жіберіледі. “Қызмет бабында пайдалану үшін” белгісі бар жұмыстар үш дана болып тапсырылады, тиісті белгіге негіздеме беріледі. 5. Құжаттарды қабылдау 14. Жоғарыда жазылған талаптарға сәйкес рәсімделген барлық құжаттар мен материалдар авторлардың өздерінен немесе олар сенген адамнан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде, мына мекен-жайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, “Министрліктер Үйі”, 10 кіреберіс, 1039 - бөлме, жабық тақырыптар бойынша жұмыстар үшін - 924 бөлме. Анықтама телефоны: (87172) 742460 Көрсетілген талаптарға сәйкес рәсімделмеген құжаттар қабылданбайды.