Қазақстанға әлем назарын аударып отырған тарихи әрі өте маңызды оқиға – Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің басталуына азғана уақыт қалды. Көпшілікке белгілі, ЕҚЫҰ Саммиті – халықаралық Ұйымға Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ең соңғы саммиті Ыстамбұлда өткені белгілі. Міне, араға он бір жыл салып өткізілетін іргелі де ауқымды іс-шараның күн тәртібіне қандай күрделі мәселелер қойылмақ.
“Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті – Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі” атты дөңгелек үстел “2010: Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағасы” атты үш жылдық жобаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Атап айтарлығы, бұл жүздесу Президент Әкімшілігі бекіткен биылғы жылғы іс-шаралар бағдарламасына енген болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы, Еуропалық ақпараттық орталық және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған ғылыми форумға шетелдік және қазақстандық сарапшылар, дипломатиялық миссиялар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
“Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті – Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі” атты ғылыми форумда сөз алған Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Александр Кельчевски Астанадағы саяси форумның маңызына, жүктейтін міндеттері мен мақсаттарына кеңінен тоқталды. Александр Кельчевскидің пікірінше, Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі күрделіліктер мен шиеленістер соңғы жылдары Еуропа елдерінің назарын өздеріне аударуда. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда өз шешімін күтіп тұрған ауқымды мәселелер жеткілікті. Дегенмен, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы жиында атап көрсеткеніндей, Қазақстан елордасындағы форум қазіргі таңда жинақталған барлық түйткілдің шешімін таптырады деп күтудің қажеті жоқ.
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің еуропалық қауіпсіздік туралы тұжырымы әртүрлі. Менің ойымша, қауіпсіздік мәселесінің нақты шешіміне деген қадам ең алдымен жинақты және терең ойластырылуы тиіс. Анығырақ айтқанда, онда адам құқығының сақталуы, заңдылықтың үстем болуы мен демократиялық институттар жұмысының ықпалдылығы және өзге де бағыттағы іс-шараларды дәйектілікпен жүзеге асырудың берері мол. Ал, Астана Саммитінің әлем құлақ түрген ең өзекті оқиға екендігі айтпаса да түсінікті, – деді Александр Кельчевски.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейдің орталық басылымдарының біріне берген сұхбатынан үзінді келтірген А.Кельчевски Елбасының бұл тұжырымының шын мәнісінде де көпшілік қолдайтындай пікір екендігін де жасырмады. Онда Орталық Азияның уақыт өткен сайын басымдылығының арта түскені, сондықтан да халықаралық қоғамдастықтың оның маңызын және саяси рөлін бағалауда салмақты көзқарас қалыптастыратын уақыт жеткендігі атап айтылған. Сондықтан да келешекте бұл аймақты тек даулы шиеленістермен, дағдарысты жағдайлармен ғана байланыстыра берудің орны жоқ. Керісінше, бұл аймақ бүгінгі күннің биік талабына орай, экономикалық қарқынды даму үстіндегі көрікті аймақ екендігі назардан тыс қалмағаны жөн.
Бір құптарлығы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде әлемдік қоғамдастықтың алдында Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды одан әрі дамыту бағытындағы бірқатар күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойды. Бұл орайда, Мемлекет басшысының “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне, өзара сенімнің нығаюына жол ашады”, деген пікірі ойға оралады.
Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы уақытындағы көптеген игі бастамаларының белсенді түрде жүзеге асырылуының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Мәселен, көршілес әрі бауырлас ел – Қырғызстанға шұғыл түрде көрсетілген көмек, ең алдымен, тиімділігімен және мазмұндылығымен ерекшеленді. Мұның өзі бұл елдегі жағдайдың тұрақтануына айтарлықтай ықпал етті. Қырғызстанға 11,5 миллион доллар көлемінде материалдық көмек көрсетілуімен бірге, Қазақстанның ұсынысымен шиеленісті тоқтатуға халықаралық ұйымдардың тартылуы өз нәтижесін берді. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір мәселе, Еуропалық Одақ бұл елге үш жыл бойы 118 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, бұл елге берілетін қосымша инвестициялар туралы мәселелерді күн тәртібіне қоятын еуропалық екінші нәрлендіруші конференция биылғы жылдың аяғына дейін өткізіледі деп жоспарлануда.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалығы кезеңі бірқатар ұтымды ұсыныстар мен ауқымды іс-шаралармен айқындалғанын жиында сөз алған жетекші сарапшылар мен белгілі ғалымдар жан-жақты баяндады. Әсіресе, қолайлы жағдайларды құруға арналған бітімгершілік келіссөздерде Қазақстан ұсыныстарының табысты болуы бұл бағыттағы іскерлік пен біліктіліктің белгісі екендігі айдай ақиқат. Сондай-ақ, халықаралық ұйымға іс басындағы төрағалық уақытында Приднестровье мен Таулы Қарабақ бойынша консультациялар да өткізілді. Шындығына келгенде, мұның өзі қазақстандық төрағалық үшін елеулі сынақ та болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңіндегі жұмысына Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің кеңесшісі Жанат Зәкиева, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова, ҚазҰУ жанындағы Еуропалық ақпараттық орталықтың директоры Құралай Байзақова кеңінен тоқталып, жан-жақты талдау жасады.
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде мемлекеттер арасында сенімділікті нығайтуға бар күш-қуатын жұмсағандығы анық. Бір ұйымның мүшесі бола тұра бұл мемлекеттер бұрынғыша әртүрлі геосаяси мүдделерімен ерекшеленуде. Бір жағынан бұл мемлекеттер Еуроодаққа, НАТО-ға енеді, екінші жағынан Еуроодаққа, НАТО-ға енгісі келетіндер, ал үшінші жағынан болса, бұл мемлекеттер ЕурАзЭҚ, ШЫҰ құрамындағылар. Сондықтан да, Қазақстан өз төрағалығының алғашқы күнінен бастап сенімділік ахуалын, негізгі мәселелер бойынша консенсустық алаңды нығайту және кеңейтуді қалыптастырып, ЕҚЫҰ кеңістігінде бөлінушіліктің пайда болуына тосқауыл қоюға ұмтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Еуропа-Азия ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында ЕҚЫҰ-ның басшы құрылымы өкілдерінің қатысуымен бірқатар маңызды да мазмұнды іс-шаралар өткізді.
Тұтастай алғанда, халықаралық сарапшылардың бағалауынша, ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалық сенімді әрі тиімді жұмыс әдісін көрсетті. Ал, Франция Сыртқы істер министрі Бернар Кушнердің айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы бүкіл Ұйым үшін үлкен жетістік болды”. Халықаралық ұйымға төрағалығы уақытындағы біздің еліміздің Қырғызстан мен Ауғанстанға көмегі оның бұл бағыттағы ауқымды жұмысының екі ғана мысалы. Ал, енді Астана Саммитіне келсек, мұның өзі қазақстандық төрағалықтағы ең елеулі оқиға және оның біздің мемлекетіміздің саяси ірі жетістігі екендігі сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Лейла Мұзапарова.
Қорыта айтқанда, ғылыми форумға қатысушылар Астана Саммитінің жалпы құндылықтар және теңдік қағидалары мен өзара сыйластық негізінде еуропалық және еуразиялық қауіпсіздіктің “жол картасы” мен жаңа стратегиялық бағытын анықтайтын тарихи мүмкіндікке жол ашатынына сенім білдірді.
Сонымен, Астана Саммиті жұмыстың қорытынды кезеңі емес, керісінше, бұл бағыттағы ілгерілеудің, тың шешімдердің жаңа кезеңіне жол ашпақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.