12 Қараша, 2010

Әріптестерінің ұстанымын бір арнаға тоғыстыра білген ел

525 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті. Үстіміздегі жылғы Қырғыз­стан­дағы оқиғаларға байланысты бұл ұйымның беделі арта түсті. Маусым айында ұйымға мүше мем­лекеттердің өкілдерінен тұра­тын Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің төтенше отырысы бо­лып, онда қырғыз бен өзбек этнос­тары арасындағы кикілжіңге байланысты Қырғызстанға әскер кіргізу мәселесі қаралған болатын. Осындай өтінішті Ресей Федера­циясының Президенті Д.Мед­ве­дев­ке Қырғыз Республикасы өт­пе­лі кезеңінің Президенті Р.Отун­бае­ва жасаған еді. Төтенше кеңес әскер енгізу туралы шешім ұсын­ған жоқ, бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды табу мен шекарадан өтпекші болған лаң­кестік топтарды құрықтау жұмыс­тарын үйлестіруге атсалысқан болатын. Осының өзі көптеген сарапшылардың ризашылығын тудырды. Өйткені, ұйым әскер ен­гізсе, бұл ұлтаралық қақтығыс­тар­ды одан әрі шиеленістіре түскен болар еді. Қазір бұл ұйымның он бата­льон­нан тұратын төрт мыңға жуық жақсы дайындықтан өткен әскері бар. Соның үш батальонын Ресей, екі батальонын Қазақстан және қалған мүшелер бір-бір батальон­нан жасақтап отыр. Әскери-әуе күш­тері 10 ұшақ пен 14 тікұшақ­тан тұрады. Бірлескен әскери штаб­­тың қазіргі бастығы Қазақ­стан өкілі – Болат Дәрібеков. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сауда­баевпен болған кездесуден шық­қан соң ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа журналистер­мен брифинг өткізді. Кездесу барысында біз Ұжымдық қауіп­сіз­дік кеңесінің 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында болатын кезекті отырысына дайындық мәселелерін талқыладық. Осыған байланысты біз алдымен Сыртқы істер ми­нистрлерінің, Қорғаныс министр­лерінің, Қауіпсіздік комитеті хат­шыларының кеңесі сияқты ұйым­ның негізгі органдарының оты­рыс­тарын өткізетін боламыз. Сол кездерде ұйымның алдағы уақыт­та­ғы жұмыс жоспарлары талқы­ланатын болады, деді Н.Бордюжа. Сонымен бірге, ол Қ.Саудабаевқа дағдарыстық әрекеттер жүйесі бойынша жасалып жатқан құжат­тардың дайындығы қандай дәре­жеде екенін баяндағанын жеткізді. Әзірге, деді ол, құжаттар пакеті 95 пайызға дайын. Кездесу барысын­да, сондай-ақ біз Орталық Азия ай­мағындағы жалпы жағдай жө­нін­де де пікір алмастық, соның ішін­де Тәжікстан мен Қырғыз­стандағы жағдайлар талқыланды, деді Н.Бордюжа. Қазақстанда болғалы жатқан ЕҚЫҰ Саммиті туралы пікірін сұ­раған тілшілер сұрағына ол: “Мұ­ның өзі – Қазақстан төрағалығы­ның табысты жүргізілгендігін мойындаудың белгісі. Шын мәнін­де, Қазақстан көптеген мәселелер бойынша әртүрлі позиция ұстан­ған әріптестерінің бәрін бір арнаға тоғыстыра білді. Осының өзі өте үлкен жетістік. Менің ойымша, Қа­зақстан төрағалығы соңғы жыл­дар­дағы ең табыстысы болды”, деді. Жақсыбай САМРАТ.