Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
С.Тоқпақбаев Президентке ағымдағы заң шығармашылық жұмыс туралы, атап айтқанда, биылғы жылдың тамыз айында қабылданған “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Президенттің Жарлығына сәйкес 18 заң жобасымен жұмыс барысы жайлы баяндады.
– Бұл заң жобаларының барлығы осы жылдың аяғына дейін қабылданатын болады, – деді журналистерге арналған брифингте Мәжіліс депутаты.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Григорий Марченконы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Г.Марченко Президентке елдің қаржы саласындағы, атап айтқанда, валюта рыногының ағымдағы жағдайы туралы баяндады.
– Жылдың басынан бері алмастыру бағамы өте тұрақты болды, сондықтан біз соңғы бірнеше айда ешқандай интервенция жасаған жоқпыз. Ұлттық Банктің алтын-валюта қорының активтері өсті, Ұлттық қордың валюталық активтері қазіргі уақытта 30 миллиард доллардан асады, – деді Ұлттық Банк төрағасы.
Сондай-ақ кездесу барысында Г.Марченко Мемлекет басшысына банкнот фабрикасында жаңа жоғары технологиялық өндіріс – бағалы қағаздар цехы іске қосылатынын мәлімдеді.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Сырбар” сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиевті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
А.Жанқұлиев еліміздің Президентіне ведомствоның ағымдағы қызметі туралы баяндады.