Ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдар бұрынғыдай мемлекетке масылдықтан арыла бастағандай. Оған жыл сайын шаруашылық құрылымдарының “ҚазАгроҚаржы” АҚ Атырау өкілдігінің қолдауымен жаңа техника сатып алуға сұраныс бергенінен көз жеткізуге болады. Биыл да осы құрылым арқылы бірнеше шаруашылық жаңа техникамен қамтылды. Әрине, ешкім де техниканы тегін алмайды. “ҚазАгроҚаржы” арқылы лизингке берілетін жеңілдікті өңір шаруагерлері тиімді пайдалануға бой үйреткені қуантады. Қазан айының соңғы онкүндігінде “Ақ ниет”, “Әжібай” (Махамбет ауданы), “Ащысай”, “Достан ата” (Жылыой ауданы), “Дастан” (Махамбет ауданы), “Құрманғазы”, “Беріш” (Құрманғазы ауданы) секілді шаруашылық басшыларының дала жұмыстарына қажетті техникалардың түр-түріне берген сұраныстары қанағаттандырылып, жаңа мәшинелердің кілттерін қолдарына алды.
– Біздің филиал жұмысын 2005 жылы бастаған еді, – дейді “ҚазАгроҚаржының” Атыраудағы өкілдігінің бас маманы Талғат Мамырбаев. – Содан бергі кезеңде мұнайлы өңірдің шаруашылықтарына 811 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие жаңа техникаларын, ең озық үлгідегі технологиялық жабдықтарын жеткізіп бердік. Нақтылай айтқанда, осы кезге дейін шаруашылықтардың 263 түрлі ауыл шаруашылық тракторы мен мәшинесін алуға берген сұраныстарын орындадық. Ал былтырдың өзінде өңірдегі шаруашылықтар өз сұраныстарына 29 түрлі техникамен қамтылды. Бұл техникалардың құны 64 миллион теңгені құрады. Зауыттан жаңа шыққан техникалардың бәрін шаруашылық жетекшілері лизинг тәсілімен сатып алып отыр.
Шаруагерлердің жаңа техника сатып алуға ұмтылысы биыл да айқын байқалды. Жыл басынан бергі 9 айда түрлі маркалы 24 трактор, 18 ауыл шаруашылығы жұмыстарына қолданылатын техниканы сатып алыпты. Енді жыл аяғына дейін шаруагерлердің сұранысына орай тағы да 20-ға жуық жаңа техника әкелінбек. “Өйткені, шаруашылық жетекшілері лизинг жүйесімен техника сатып алудың тиімділігін ұғынды. Мемлекет ауыл шаруашылығы құрылымдарына барынша қолдау көрсетіп, лизинг жүйесімен жаңа техникалар сатып алуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп отыр. Лизинг – жеңілдетілген несие болғандықтан, оның жылдық үстемесі 4 пайыздан аспайды. Осындай үстемемен 7 жылдық мерзімге жаңа техниканы сатып алу шаруашылық жетекшілері үшін өте тиімді емес пе? Біздің өңірдің шаруагерлері де осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығы техникаларын толықтай жаңартуға бет бұрды”, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Серік Сәрсекенов.
“ҚазАгроҚаржы” мамандарының түсіндіруінше, ауыл шаруашылығы техникалары негізінен ТМД елдерінен жеткізіледі. Әрине, тапсырыс берушінің талғамына сай шетелдік техникаларды да жеткізудің мүмкіндігі бар. Атырау шаруагерлерінің сатып алынатын техникаларының 15-20 пайыздық бастапқы құнын төлейтіндей ахуалы қалыптасқан екен. “Тапсырыс берілгеннен кейін сұратылған техника 15-20 күн аралығында жеткізіледі” дейді “ҚазАгроҚаржы” мамандары. Бұл – нарықтың талабы. Сұраныс жедел орындалған сайын әріптестер арасындағы іскерлік тұрғыдағы байланыс та нығая түсетінін тапсырыс беруші де, оны орындаушы да жақсы біледі. Сондай байланыс “ҚазАгроҚаржының” Атыраудағы өкілдігі мен Жылыой ауданындағы “Достан ата” шаруа қожалығы арасында тығыз орнапты. Бұған дейін де шаруасы оңалып, қаржылық ахуалы жақсара бастаған шаруа қожалығы бұл жолы бір емес, бес “Беларусь” тракторына бірден тапсырыс беріпті.
– Төрт түлік мал, соның ішінде 3000-нан асыл тұқымды еділбай қойы өсірілетін біздің шаруашылығымызға жаңа техникалар ауадай қажет. Иелігіміздегі 20 мың гектардан аса жерімізден қыстық пішеннің қорын молынан жинау қажет. Оның үстіне бау-бақша дақылдарын да өсіреміз. Шұбат, қымыз секілді ұлттық сусындарды даярлаймыз. Шаруашылық құрылымы болғаннан кейін ауыл шаруашылығы жұмыстарына жаңа техникалардың болғаны дұрыс. Ескі техниканы қашанғы жамап-жасқауға болады, – дейді “Достан ата” шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігітов.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Суретте: өңір шаруагерлері осындай жаңа техникаларды лизинг жүйесімен көптеп сатып алуда.