“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ (ҚМГ БӨ) қызметінің басым бағытының бірі – өзі қызмет ететін аймақтардағы тұрғындарға жағдай жасау.
Атырау облысы Мақат ауданындағы қоры таусыла бастаған мұнай кен орындарына жақын орналасқан Комсомол, Қошқар және Бек-Бике ауылдарында тұратын 211 отбасы облыс әкімдігінің бастамасымен Атырау қаласындағы және оған іргелес орналасқан аудан орталығы – Махамбет ауылындағы барлық тиісті инфрақұрылыммен қамтылған жаңа үйлерге қоныс аударды. Айта кету керек, елімізде мұндай кең көлемдегі қоныс аудару көптен бері болған емес.
Атыраулықтар үшін мұнай-газ саласының орны ерекше. Қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған бұл аймақта ғасырдан астам уақыттан бері “қара алтын” өндіріліп келеді. Республикамыздың экономикалық қуатының негізін қалап отырған аймақтың мұнай газ саласы жаңа қарқынмен даму үстінде. Десек те, өткен ғасырдың бірінші жартысынан бері өнім беріп келе жатқан кеніштердің қорлары таусылуға шақ қалды.
ҚМГ БӨ құрамына кіретін “Ембімұнайгаз” ӨФ игеріп жатқан 35 кеніштің қатарында Комсомол және Қошқар кен орындары және соған жақын орналасқан мұнайшылар ауылдары бар. Комсомол кен орны 1943 жылдан бері игеріліп келеді. 2006 жылдың өзінде бұл кеніш тиімділігі төмен кен орындарының қатарына жатқызылды. Мұнай өндіру шығындары 1 тоннаға шаққанда 37 760 теңгені құрады.
Ал Қошқар кен орны болса 1940 жылдан бері игеріліп келеді. Оның тиімділігі Комсомол кенішінен де төмен. Бұл кеніштердің келісім-шарттық аумағында және іргелес жатқан жерлерде қосымша көмірсутегі қорларын барлау болашағы жоқтың қасы.
Сондықтан да жергілікті тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі жоғалып, экология, инфрақұрылым және халықты жұмыспен қамту мәселелеріне алаңдауы түсінікті жағдай.
Облыс әкімдігі және басқа да мемлекеттік билік органдары күні кеше ғана ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен мұнайшылардың тағдырына бейжай қарай алмады. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев тұрғындарды қолайлы елді мекендерге көшіру туралы бастама көтеріп, орталық билік органдарымен, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясымен және “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-пен белсенді түрде хат алмасып аталған мәселені назарында ұстап отырды. Кешенді шешімді қажет ететін осы бір күрделі мәселе ең жоғарғы Үкімет деңгейінде қаралды. Тиімділігі төмен кен орындарын жауып, сонда тұрып жатқан халықты жұмысқа орналастыру, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын тиісті деңгейде ұстап тұру мәселелері пысықталды. Уақыт болса бір орында тұрмайды, кеніштердің тиімділігі одан бетер төмендеді, жағдай ушығып, облыс әкімдігі дабыл қақты. Комсомол, Қошқар және Бек-Бике ауылдарында тұрып жатқан екі жүзден астам отбасын облыс орталығы – Атырауға және көршілес Махамбет ауданының орталығына көшірудің алдын ала есептері жасалды. Ол үшін 70-тен астам үш бөлмелі, 100-ге жуық төрт бөлмелі және 70-ке жуық бес бөлмелі пәтерлер қажет болды. Пәтерлердің жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден асады.
Ақырында, аталған ауыл тұрғындарын кезең-кезеңмен көшіру жөнінде кешенді бағдарлама қабылданды. Өткен жылдың басында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдігіне осындай ірі жобаны жүзеге асыруды тапсырған еді. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындауға аймақтағы ірі жер қойнауын пайдаланушы – “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ белсене атсалысты, өйткені компания жұмыскерлерінің біразы осы аталған ауылдарда тұратын. Бұл әрине, билік орындарының өз азаматтарына деген жанашырлығы мен жұмыс беруші ірі мұнай компаниясының әлеуметтік жауапкершілігінің үздік үлгісін көрсетсе керек.
Атап өту керек, ҚМГ БӨ шаруашылық етуші субъект болып табылады және аталған ауылдардың тұрғындарын көшіру компанияның құзіретіне жатпайды. Бұл мемлекеттік билік органдарының атқаратын шаруасы емес пе? Сондықтан компания кейбіреулердің “тұрғындарды көшіру мәселесін шешуге қол ұшын бермеді ” деген сыңайдағы сыңаржақ пікірлерімен келіспейді. “Біткен іске сыншы көп” дегендей, әртүрлі әңгіме таратушылар табылады, десек те, бұл ретте компанияның атқарған шаруасы жетерлік. Айтар болсақ, әлеуметтік жауапкершілікті компания ретінде, ҚМГ БӨ аталған ауылдарда тұрып жатқан өз жұмыскерлеріне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Себебі, көшірілген ауылдар тұрғындарының шамамен үштен бірін ҚМГ БӨ жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелері құрайды. Сондықтан компания өзінің көшіру мәселесіне үлес қосуға дайын екенін растай отырып, облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің бастамасына қолдау білдірді.
Бұл ретте ҚМГ БӨ көшіру шығындарының бір бөлігін жұмыскерлердің өздеріне жүктеудің дұрыс еместігін сезініп, көшетін тұрғындардың жеке меншігіндегі тұрғын үйлерге өтемақы төлеу және басқа да қоныс аудару өтемақыларын қосқанда, барлық шығындар аталған ауылдарды кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі кешенді бағдарламада қарастырылуы тиіс деп есептеді.
Сол себепті компания арнайы бағдарлама жасалып, қаржыландыру көлемі мен кезеңдерін Үкіметтің арнайы қаулысымен бекіту керек деген көзқарас ұстанды. Осындай бағдарлама қабылданғаннан кейін, компания директорлар кеңесінің қарауына аталған ауылдарда тұратын ҚМГ БӨ жұмыскерлері мен олардың отбасыларына баспана сатып алуға және оларды көші-қон кезінде көлікпен тасымалдауға қаржы бөлу мәселесі ұсынылды. Соның нәтижесінде ҚМГ БӨ бөлген 750 млн. теңге мөлшеріндегі қаржының көмегімен 452 адамнан тұратын 90 отбасы көшірілді.
Әрине, үш ауылдың тұрғындарын көшіру оңайға соққан жоқ, алайда ҚМГ БӨ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы табысты серіктестіктің арқасында Қошқар, Комсомол, Бек-Бике ауылдарының тұрғындарына жаңа қоныстарында барлық жағдай жасалды.
Әбден тозығы жеткен сазбалшық үйлерде тұрған ауылдықтар барлық жағдайы жасалған заманауи пәтерлерге көшірілді. Жаңа қоныс орнын таңдауда қоныс аударушылардың талап-тілегі де ескерілді. Қоныс аударғандардың бір бөлігі Махамбет ауданы орталығына көшуді қаласа, енді бір бөлігі облыс орталығын құп көрді. Ауылдас жұртшылықты жаңа тұрғылықты жерге тез бейімдеу мақсатында оларды бөліп-жармай, бірге қоныстандыру мәселесіне де назар аударылды.
Әрине, бұл ҚМГ БӨ-нің облыстағы жергілікті билік органдарымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан қыруар шаруаларының бір көрінісі ғана.
Реті келгенде айта кетейік, келісім-шарттық міндеттемелер бойынша 2009 жылы компания облыс бюджетіне 271,5 млн. теңге аударды. Бұл қаражаттар Исатай ауданындағы Гран кентіндегі 220 оқушыға арналған мектеп құрылысына, Мақат ауданындағы Мақат кентінің сумен қамту нысандарының құрылысына, қайта жаңғыртуға, күрделі жұмысына және басқа да жобаларға бағытталды.
Одан бөлек, Атырау облысының әкімдігімен іске асырылатын әлеуметтік серіктестік бағдарламасы бойынша 2009 жылы ҚМГ БӨ 165,5 млн. теңге бөлді. Осы қаражаттарға Аққыстау кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталайын деп қалды, балалар алаңы абаттандырылды және шағын сәулет мүсіндері орнатылды, “Мұнайшы” ауданындағы осымен аттас поселкедегі қазандыққа жөндеу жұмысы жүргізілді. Мақат кентінде мектепке дейінгі балалар мекемесін салу үшін ауданға ақысыз тегін берілген “Мақатмұнайгаз” МГӨБ-ның бұрынғы әкімшілік ғимаратын қайта салып жаңғырту басталды және Байшонас кентіндегі қазандықтың инженерлік желісі мен жабдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ пен Атырау облысының әкімдігі қол қойған 2010 жылға арналған Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымдарын қолдау бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі әлеуметтік серіктестік бағдарламасы бойынша компания Мақат, Қызылқоға, Жылыой және Махамбет аудандарындағы әлеуметтік жобаларға 420 млн. теңге бөлді. Соның нәтижесінде аталған аудандарда күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жаңғыртылды, Мақат ауданында өкпе ауруы ауруханасының емделушілеріне арналған оңалту орталығы ашылса, Миялы кентінде келесі жылы пайдалануға берілмекші дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, қажетті құралдармен жабдықталатын болады.
Бұған қоса, келісім-шарттық міндеттемелер шеңберінде 2010-2014 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамыту бағдарламасына сәйкес, “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ биыл Исатай ауданындағы Аққыстау – Балғымбаев көлік жолын қайта қалпына келтіруге, Мақат кентіндегі сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына, Қызылқоға ауданындағы Сағыз кентінде 140 орындық балабақша және Мұқыр кентінде мәдениет үйінің құрылыстарына және тағы басқа әлеуметтік жобаларға 278 млн. теңге бөлді.
ҚМГ БӨ сондай-ақ жыл сайын Атырау қаласындағы “Ақ-Бота” жетімдер үйіне, мүгедек балалар үйіне, мүгедек аналар қоғамына, мүгедектер қоғамына және зағип жандар қоғамына, көп балалы және әл-ауқаты төмен отбасыларына, қаланың спорттық ұйымдарына демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетеді, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек көрсетеді. 2009 жылы осы мақсатқа шамамен алғанда 119 млн. теңге, ал 2010 жылы 125 млн. теңге жұмсалды.
Компания жыл сайын “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының құрылымдық бөлімшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қаражат бөледі. 2009-2010 жылдарға арналған шығыстар бюджетіне сәйкес, қолданыстағы жатақханалар мен мұнай кәсібіндегі асханаларды жөндеуге және жаңасын салуға, тұрмыстық құрал-жабдықтарды алмастыруға, Доссор кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қайта құруға, 8 жедел жәрдем көлігін сатып алуға, Кенбай вахталық кентіндегі спорт кешенінің құрылысына шамамен алғанда 700 млн. теңге бағытталды.
“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ әлеуметтік жауапкершілігі зор компания ретінде алдағы уақытта да әкімдікпен арадағы серіктестігі аясында өзінің әлеуметтік бағдарламаларын одан әрі дамытып, компания қызмет ететін аймақтардың тұрақты дамуына және өсіп-өркендеуіне ықпал етуге күш салмақ.
Серік АМАНБАЕВ. Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.