ЕҚЫҰ САММИТІ – ЕРЕН СЫНАҚ
Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВПЕН сұхбат
– Қадірлі Иманғали Нұрғалиұлы! Осыдан бір айдай бұрын журналистерді жинап, қаланың алдағы Саммитке дайындығы жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп беріп едіңіз. Сондағы жазбаларым сақталып қалыпты. Өзіңізбен әңгімеге дайындық барысында оларды да, Астана қаласының ресми сайтындағы (www.astana.kz) кейінгі материалдарды да қарап шықтым. “Егемен Қазақстанның” оқырмандарына әңгімелейтін жай жеткілікті сияқты. Саммит басталатын күн сәрсенбінің сәті ғой. Сіз бен біз де сәрсенбіде (әкіммен әңгіме 10 қарашада өткен – С.А.) жолығып отырмыз. Саммитке дәл үш апта қалды. Қала осы үш аптада ұлы жиынға толық дайындалып үлгере ме?
– Үлгереді. Мен мұны нық сеніммен айта аламын. Елбасымыз бізге Қазақстан тұрмақ, кешегі Кеңес Одағында да ешқашан өткізіліп көрмеген мұндайлық жиынды лайықты ұйымдастыруға қажетті жағдайдың бәрін жасау жөнінде міндет қойды. Ол міндет орындалады. Ақордада 16 тамызда өткен мәжілісте Нұрсұлтан Әбішұлы Саммиттің бүкіл посткеңестік кеңістік деңгейінде алғашқы ірі ауқымды шара екенін атап айтты, осы тарихи кездесуді мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу үшін үлкен жұмыс атқарылуы қажеттігін қадап көрсетті. Бұл жиынның елімізді әлемге танытуға қандай мүмкіндік беретінін, оның өзі үлкен құрмет пен зор жауапкершілік екенін ерекше ескертті. Қазір күн демей, түн демей, жанымызды сала жұмыс істеп жатырмыз. Бұл істің бәрін де Елбасының өзі басқарып, өзі үйлестіріп, өзі қадағалап отыр. Біз үшін Елбасы сенімін ақтаудан артық абырой болмақ емес.
– Елбасы командасының талай жылдардан бергі белді мүшесі ретінде барыңызды салатыныңызға сенеміз. Ал енді нақты мәселелерге көшсек. Мұндай жиындарды өткізудегі ең басты мәселе қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғой. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Алдымен 160 мыңдық таралымы бар бас газет арқылы оқырмандарға ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге байланысты қолданылатын қосымша қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарау жөнінде өтініш айтқым келеді. Елімізге бір мемлекеттің басшысы келген кезде де қауіпсіздік шаралары қандайлық қарастырылатынын барша жұрт біледі. Ал 1-2 желтоқсан күндері Астанаға 55 елдің президенттері, премьер-министрлері, парламент жетекшілері, 65 халықаралық ұйымның басшылары келмекші. Оларға еріп жүрушілер қаншама. Олардың Саммитке қатысуын көрсететін баспасөз өкілдері қаншама. Барлығы бірнеше мың қонақ болады. Қазақта “Жаман айтпай жақсы жоқ” дейтін мақал бар. Жалпы, Астана өте тыныш қала. Мұнда күніне орта есеппен 8 құқық бұзушылық тіркеледі, оның өзінде көбі ұсақ қылмыстар болып келеді. Алайда, Саммит сынды жиынның өткізілуіне байланысты қауіпсіздік шаралары ерекше қарастырылуы қажет. Бұл жиынға еліміздің барлық қалаларынан ең дайындығы мықты деген полицейлердің шақырылуы сондықтан. Олар бүгінде Саммит нысандарының бәрінің схемасын жаттап, күн сайын қауіпсіздікке қатысты қажет болуы мүмкін шараларға жаттығуда. Қазірдің өзінде қала полициясы қызметтің күшейтілген режіміне көшірілді. Бүкіл қала полицейлік шолғындауға ыңғайлы болуы үшін 350 шаршыға бөлінген. Әр топ өз шаршысындағы әр бейсауат жүріске дейін қадағалап отыруға тиіс. Онсыз болмайды. Бәрін де тексеріп жатырмыз. Миграциялық бақылау күшейтілді. Қалаға кіретін, шығатын жолдарға алты блокпост орнатылды. Астанада жалға тапсырылып отырған 8 мыңнан астам пәтер бар. Көбіне соларда кімдердің тұрып жатқанын ешкім білмейді. Оларды анықтағанымызбен қоймай, біз тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың (бомждар дейміз ғой) кім екеніне дейін білуге тиіспіз. Ерекше көңіл бөлетін жай – қалаға күмәнді адамдардың кіруіне жол бермеу, қару, жарылғыш, улаушы, психотроптық заттар алып өтудің алдын кесу. Біз қала тұрғындарына арнайы ақпарат тараттық. Онда осы жиынға орай ерекше сақ, қырағы болуды сұрап отырмыз. Қандай сипатта да қатер төндірер жағдайдың бәрін шұғыл қызмет телефондарымен хабарлауды сұрап отырмыз. Оқыс жағдайлардың бәрінің алдын алу керек. Осы жексенбі күні ғана “Думан” қонақүйіндегі біраз адамдардың тыныштығын бұзуға тура келді. Қонақүйден біржола шығып кеткен адамның сөмкесі нөмірден табылған. Оны сол нөмірге орналасқан қонақ көрген де, қауіпсіздік қызметінің адамдарына хабар берген. Сөмкеде жарылғыш зат болуы да мүмкін ғой. Қаланың тиісті қызметі тез арада қонақүйге жетіп, саперлер күдікті сөмкені тексерген. Нөмірде бұрын болған қонақтың ұмыт қалдырған сөмкесінде өзінің жеке заттары ғана бар екен. “Сақтықта қорлық жоқ” дегендей, осындай жайлардың бәріне сергек қарауымыз керек.
– Саммит өтетін күндері Астанаға келетін ұшақтарға да, Астанадан кететін ұшақтарға да шектеу қою жөнінде шешім қабылданды. Осының мәнісін түсіндірсеңіз.
– Мен бұл орайдағы қолға алынатын істерімізге бүкіл ел халқының түсіністікпен қарауын сұрайтынымның бір мәнісі де осында. Саммит күндері Астанаға қатысты ішкі рейстердің бәрі де Қарағанды әуежайы арқылы атқарылады. Сондықтан дәл сол күндерге туыстың туған күні, ағайынның мерейтойы деген сияқты оқиғалар, басқа да жайлар тұстас келген адамдар ел мүддесін алға қойып, ең алдымен мемлекеттік мәні бар мәселенің оң шешілуін ойласа дейміз. Бірақ бұдан ол адамдар дәл сол күндерде Астанада атымен бола алмайды деген ұғым тумауға тиіс. Ол адамдардың Астанаға ерте бастан жетуіне немесе елордаға Қарағанды арқылы келуіне тура келеді. Ішкі рейстер неге шектеледі? Саммит қарсаңында елорда әуежайының негізгі перроны шамамен 70 ұшақты қабылдағалы отыр. Сонда әр 10 минөт сайын бір ұшақ қонып отырады деген сөз. Олардың бәрін тез арада арнаулы тартқыштармен сүйреп әкетіп, тұрақ орнына апару, сөйтіп, қону жолағын тез босату керек. Астана әуежайының тұрақ орны бұрын 30 шақты ұшаққа ғана лайықталған болатын. Оны кеңейту жөнінде өте үлкен жұмыс атқарылды. Халықаралық арнаулы рейстерге қызмет көрсету үшін еліміздің барлық әуежайлары мен авиакомпанияларының таңдаулы мамандары Астанаға шақырылып жатыр. Ол күндері әуежайда 900 адамға дейін жұмыс істейді. Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Ақтөбе әуежайларынан арнайы мамандар шақыртып жатырмыз. Ал қажетті техниканы сатып алудамыз. Желтоқсандағы ауа райын ескеріп, қар жинайтын мәшинелер саны көбейтілуде. Айта берсе, тек әуежайға қатысты мәселелердің өзін санамалап шығу оңай емес. Мысалы, ұшақты жерден көтерілердің алдында мұз қатырмайтын сұйықпен жуатын арнаулы мәшинелер болады. Әр ұшақты жууға кемі 30 минөт кетеді. Осы мәселенің төңірегінде туындайтын таза техникалық проблемалардың шешімін табудың өзі оңай емес. Дегенмен, Үкіметтің көмегімен біз барынша аз уақыттың ішінде әуежайдың материалдық-техникалық базасын жаңа жағдайға дайындау үшін көп жұмыс атқара алдық. Бұл күндерде ресми делегацияларды қабылдайтын VІP-залдың реконструкциясы аяқталып келеді.
– Осыдан бір айдай бұрын Ыстамбұлға жол түскен еді. Сонда елшілік қызметкерлерінен 1999 жылғы Саммит кезіндегі жағдай туралы сұрастырып қалдым. Сол жолы Ыстамбұлдай ұлы қаланың өзі қонақүйлерден, көшедегі кептелектерден қысылған екен. Оның жанында Астана әрі жас, әрі шағын қала ғой. Осы жағы бізде қалай болады? Жалпы, Астанада бес жұлдызды қанша қонақүй бар?
– Мен Ыстамбұлда да қонақтардың бәрі бірдей бес жұлдызды қонақүйлерде жатпаған болар деп ойлаймын. Саммитке іріктеліп алынған біздегі қонақүйлердің 4-і бес жұлдызды, 7-і төрт жұлдызды, 17-сі үш жұлдызды, қалғандары 1 және 2 категориялы. Жалпы, елордада қазір ірілі-ұсақты 150 қонақүй бар. Біз солардың 68-ін іріктеп, Сыртқы істер министрлігінің қарауына ұсындық. Дәл бүгінгі күнге дейін сол 68 қонақүй түгелдей іс жүзінде ЕҚЫҰ Саммитінің қонақтарын қабыл алуға дайын тұр. Олардың бәрінің айналасындағы кіреберіс жолдар жөнделді, автотұрақтар кеңейтілді, барлық нөмірлер Интернеттің кабельдік жүйесіне қосылды. VІP қонақтарды қабылдайтын 12 қонақүй ерекше назарда тұр. Саммит қарсаңында Астанада 27 қонақүй іргелі жөндеуден өткізілді, қалғандары ішінара жөнделді. Негізінде Астана Саммитіне келетін шетелдік қонақтар саны 5 мыңдай болады деп шамалануда. Осыған дейін жаңағы мен айтқан 68 қонақүйдегі 3447 нөмірде 4700 орын бронь бойынша бөлініп отыр. Оған қоса алты қонақүйдегі 182 нөмірде барлығы 218 орын резервте тұр. Біраз қонақүйлер нөмірлердегі ауаны электронды тәсілмен тазартатын аппараттарға дейін сатып алып жатыр.
– Қонақүйлер дайын дейік, қонақтарға қызмет көрсетушілер дайын ба?
– Бар мүмкіндік қарастырылуда. Біздің адамдардың сервистік деңгейі қазір жоғары деуге болады. Ақсап жататындары – тіл жағы. Қарашаның басына дейін шетел тілдерін үйрететін курстарда 300-ден астам қонақүй қызметкері оқып шықты, олардың қатары тағы толыға түседі. Мұның сыртында шет тілдерді меңгерген 120 волонтер қонақүй сервисіне уақытша тартылғалы отыр.
– Шет тілдерді, нақты айтқанда, ағылшын тілін білу Саммитке қызмет ететін басқа салалардың адамдарынан да талап етіледі ғой?
– Әрине. Полицейлер, учаскелік инспекторлар Саммитке дейін шетінен ағылшынша сайрап кетеді дей алмаймын, бірақ олардың осыған дейін оқыған курстарынан ұққандарының өзі Астана көшелеріндегі шетелдіктерге жөн сілтеп жіберуге, қарапайым сұрақтарына жауап қайтаруға жетіп жататын шығар деп ойлаймын. Ресторандар даяшылары да ағылшын тілінде қызмет көрсетуге дайындалып жатыр. Ақыры бұл жағын да сұрайтын шығарсыз, енді Саммит күндеріндегі тамақтану мәселесіне дейін тоқталайын. Қай елдің де имиджін қалыптастыратын орындардың бірі – ресторандар. Саммит қонақтарына қызмет көрсетуге лайықты деп біз 37 ресторанды таңдадық. Олардағы алты жарым мың орын барлық өлшемдер бойынша астаналық мәртебеге сәйкес келеді деп бағалануда. Саммиттің негізгі іс-шаралары өтетін жеті нысанда тәулік бойына тамақтандыру ұйымдастырылатыны тағы бар. Бұл мәселелердің бәрін Президенттің Іс басқармасы шешіп жатыр. Әр нысанға азық-түлік өнімдерінің қайдан жеткізілетініне дейін қадағалап отырмыз. Санэпидэкспертиза орталығы қосымша микробиологиялық анализатор, тағам өнімдеріндегі нитраттың құрамын айқындайтын тестерлер сатып алды. Қонақтарға ұлттық тағамдарды таныту да, қазақы қонақжайлылықты келісті көрсету де міндет екенін ескертудеміз.
– Әкімдіктің сайтында жаңа сіз айтқандардан басқа да көптеген шектеулер жазылғанын оқыдық. Осы жайында да айта кетсеңіз.
– Мұндай деңгейдегі жиындар өткізетін тұста қалалардың қай-қайсысында да белгілі бір шектеулер қойылмай тұрмайды. Ол шектеулер аса жоғары деңгейдегі кездесулердің ойдағыдай өткізілуі үшін де, кездесуге қатысушылардың, оларға еріп жүрушілердің қауіпсіздігі үшін де, қала тұрғындарының өздерінің қауіпсіз жүруі үшін де керек. Қалалық мәслихат 1-2 желтоқсанды демалыс күндері деп жариялау, жұмыс күндерін 27-28 қарашаға ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Мектеп оқушыларының, колледждер оқушыларының, студенттердің күзгі каникулын қысқарту есебінен оларға 29 қарашадан 5 желтоқсанға дейін демалыс күндері деп жарияланып отыр. Мұның өзі Саммит қонақтары ұшып келетін, орналасатын күндерде де, Саммит күндерінде де, қонақтарды шығарып салатын күндерде де басы артық абыр-сабырдан арылтуға тиіс. Осындай жиындар тұсында қосымша қиындықтар болатынын әрбір қала тұрғыны дұрыс түсінеді деп сенеміз.
– Мысалы?
– Мысалы, ЕҚЫҰ Саммиті өтетін Тәуелсіздік Сарайына жақын тұстағы үш тұрғын үй кешенінің (“Хайвил”, “Гранд Астана”, “Қалалық романс”) тұрғындары сол күндерде өз үйлеріне арнайы рұқсатқағаз көрсетіп барып кіретін болады. Сол үйлердегі 850 автокөлік иесі де өз көліктерін тек рұқсатқағаз арқылы ғана пайдалана алады. Мысалы, сол күндерде бүкіл қала бойынша жүк көліктерінің жүруі толық тоқтатылады. Мысалы, 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қаладағы барлық базарлар уақытша жабылады. Осылардың бәрі барша жұртқа бірдей ұнай бермеуі мүмкін. Жұрттың бәріне жағу қиын. Бірақ, қоғамдық пікірді зерттеу астаналықтардың Саммитке қатысты шектеулерді негізінен қолдап отырғанын көрсетеді. Өйткені, қала қауіпсіздігі үшін, адамдардың көп жиналатын жерлерінде мұндай күндерде форс-мажорлық жағдайлар кездесуі мүмкін екендігін ескере келгенде бұл шаралар өзін-өзі ақтайды. Ал азық-түлік дүкендерінің, басқа да сауда орындарының ешқайсысы да жабылмайды. Республикалық газет арқылы қоғамдық көліктің қай көшелер бойынша жүрісі Саммит күндері тоқтатылатынын, қай автобустардың маршруттары қалай өзгертілетінін айтып жатпай-ақ қояйын, олардың бәрін біз қалалық баспасөз, әкімдік сайты арқылы жұртшылыққа жеткізіп жатырмыз. Қоғамдық көліктің ең көп шектеулері Абай, Сарыарқа, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарының, сондай-ақ Сарайшық көшесінің бойында, әуежайға баратын жолда болатынын атап айтайын. Жүк көліктерінің иелеріне Тұран даңғылымен Достық көшесіне, одан әрі Комсомол кенті арқылы Қорғалжын тасжолына өтетін айналма жол бар екенін ескертейін. Тіпті жаңа әкімшілік орталықтың, яғни “сол жағалаудың” тұрғындарына да Сығанақ көшесі арқылы Керей мен Жәнібек көшелерімен Тельман поселкесіне, әрі қарай Абылай хан даңғылымен Қарағанды бағытына шығып кетуге мүмкіндік бар. Ал 1 желтоқсан күні ресми делегациялар басшылары Тәуелсіздік сарайына қарай қозғалатын 8.30 бен 10.00 сағат арасында сол бағыттағы көшелердің барлығы толық жабылатыны өзінен өзі түсінікті болар. 1-2 желтоқсанда сол жағалауға жүретін қоғамдық көліктің 18 маршрутының тек 5-і ғана жұмыс істейді.
– Ондағылар да мына өмірде бірер күн аздап қиындық көруі керек шығар... Астанада жақында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілген басты оқиғасы Иосиф Кобзонның жиын кезінде оқыстан талып жығылғаны болып шықты. Қайтерсіз, біздің ағайындардың сондай сенсацияға құмарлығы бар. Ертеңгі жиында қонақтардың арасында бас ауырып, балтыр сыздау атымен болмайды деп кепілдік беру де қиын. Өмір болған соң ондай-ондай оқиғалар кездеспей тұрмайды. Саммит қонақтарына медициналық қызмет көрсетудің жайы қалай қарастырылуда?
– Тек осы жиынның өзіне 659 медицина қызметкері жұмылдырылып отыр. Қонақтар тұратын жерлерде тәулік бойы жұмыс істейтін 24 медицина пункті ұйымдастырылады. Бұл іске 29 қалалық, 8 республикалық, 6 жеке медицина мекемесі тартылған. Сөз реті келгенде Үкіметке разылығымызды айтып қалайық, Саммит қарсаңында қалаға 23 реанимобиль сатып алуға қаржы бөлінді, сөйтіп, біз 10 мың адамға 1 осындай мәшинеден келетін халықаралық норма деңгейіне жеттік. Саммит алдында бізге 12 өрт сөндіру техникасы мен жол полициясына қажетті арнаулы 50 автокөлік алуға да қаржы бөлінген.
– Қала өмірін қамтамасыз ететін кәсіпорындар нысандарының қауіпсіздігі қандай деңгейде? Инженерлік жүйелер мен коммуникацияның сенімді жұмыс істеуі үшін қандай шаралар атқарылуда? Саммит қарсаңында қаланың біресе ана тұсында, біресе мына тұсында бірнеше сағат бойы электр жарығы сөніп қалып жүргенін қалай түсіндірер едіңіз?
– Сөніп қалып жүрген жоқ, сөндіріліп жүр. Тексеру үшін. Жөндеу үшін. Сенімді болу үшін. “Астана-Энергия”, “Астана-Теплотранзит”, “Астана су арнасы”, “АстанаГазСервис” сияқты нысандардың қалтқысыз жұмыс істеуіне ондай профилактикалық шаралар қажет. Олардың бәрінде де рұқсаттама режімі қатайтылып, күзет күшейтілді. Қыс айларында Астанада көшелерді механикалық тазарту кәдімгідей күрделі шаруаға айналады. Біздегі тазартылатын көшелердің жалпы ұзындығы 496 шақырым. Саммит күндерінде көшелерді механикалық тазарту жұмысы 2 ауысыммен атқарылмақ.
– Жалпы, Саммит қарсаңында қалаға біраз салмақ түскенімен, біраз қаржы да келген сияқты ғой?
– Бұл – әбден табиғи нәрсе. Астана әуежайын реконструкциялауға, қаладағы жолдарды жөндеуге, құқық қорғау құры-лымдарын күшейтуге қомақты қаржы бөлінді. Біреулердің Саммитке дайындықтың қазіргі қаржылануына байланысты осынша қаржы жиынға ғана жұмсалғандай көруі әбден мүмкін. Бірақ, ойлап қарасаңыз, Саммитке байланысты атқарылған шаруаның бәрі ол жиын өткен соң қаланың игілігінде қалатыны өзінен өзі белгілі емес пе? Ал мұндай әлемдік деңгейдегі жиынның елдің жақсы атын шығару жөніндегі бәрімізге жасайтын жақсылығын ешқандай қаржы-қаражатпен өлшеу мүмкін емес. Саммит осындай биікке қол жеткізген еліміз үшін, мемлекетті дүйім дүниеге танытқан, мойындатқан, құрметтеткен Елбасымыз үшін бізді мақтаныш сезіміне бөлейді, біздің отаншылдығымызды арттырады, ертеңгі күнге деген сенімімізді, өзімізге деген сенімімізді күшейте түседі. Астана Саммиті – Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройының даусыз дәлелі. Саммит өткізгеннен кейін, 55 елден келген мыңдаған мәртебелі қонақтарды лайықты қарсы алып, лайықты шығарып салғаннан кейін біз қандай жиынды да өткізуге қабілетті, шын мәніндегі өркениетті елге айналғанымызды бүкіл әлемге көрсетеміз. Саммиттен соң Қазақстанның жаңа биікке көтерілетіні, біздің әрқайсымыз өзіміздің мүмкіндігімізді жаңаша бағалайтынымыз сөзсіз.
– 1973 жылы Алматыда Азия, Африка жазушыларының конференциясы ұйымдастырылардың алдында Ғабит Мүсіреповтің “Әзірлен, Алматы, әзірлен!” деп мақала жазғаны есімізде. Мына сұхбатымызға да тақырыпты Ғабеңнің сол сөзіне ұқсатып, “Әзірлен, Астана, әзірлен!” деп қоятын шығармыз. Әрине, ЕҚЫҰ Саммитінің ауқымы ол кездегі шаралармен тіпті салыстыруға келмейді. Әңгіменің басында сіз кешегі Кеңес Одағында, яғни Мәскеуде деген сөз ғой, мұндайлық жиын ешқашан өтпегенін орынды айттыңыз.
– Саммит тұрмақ, оның алдындағы күндерде – 26-28 қарашада өткізілетін Шолу конференциясының өзіне 2 мыңнан астам адам келеді ғой. Ол күндерде үкіметтік емес ұйымдардың 580 өкілі мен 1500-дей журналиске қызмет көрсетудің өзі оңай емес. Біз ол жайында әңгімелеп те отырған жоқпыз.
– Осындай ұлы жиынның алдындағы мынандай қарбалас шақта біз де олардың бәрін тәптіштеп сұрауға уақытыңызды аядық. Ең бастысы – мына айтқан әңгімеңізден Астана ел өміріндегі ең ірі оқиғаға тыңғылықты дайындалып жатқанына көзіміз жете түсті. Елдік сынынан абыроймен өтуді тілейміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.