Болар елдің тірлігі деп біліңіз, ендігі жерде еліміздің коммерциялық колледждерінде оқитын көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағынан аз қорғалған студенттер “Кәсіпқой” Президенттің бірегей командасы” атты стипендия бойынша 1200 талапкер тегін білім алатын болады.
Әртүрлі кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттеріне ақысыз білім беруді куәландыратын сертификаттар жуырда Астанадағы сауда-экономикалық колледжінде табысталған болатын. Одан кейін бұл сауапты бастама Алматыда жалғасын тапты.
– Мұндай тамаша идея Алматы қаласының колледждері ассоциациясында туды. Биылғы Астана күні мен Мемлекет басшысының мерейтойы қарсаңында аталмыш қауымдастық республикамыздағы барша техникалық және кәсіби білім беретін оқу мекемелеріне хабарласып, осы бастаманы қолдау мақсатында әлеуметтік жағынан қорғалмаған студенттер үшін стипендия тағайындауды сұраған еді, – дейді Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіби білім беру департаменті басқармасының бастығы Ғалия Дәулетова.
Колледждердің директорлар кеңесі дер кезінде қолға алған бұл идеяны бүкіл Қазақстанға үлкен ықыласпен таратып, бастамаларын баянды етуге қол жеткізді деуге болады. Ең ғанибеті – осындай сауапты бастама мемлекеттік емес колледждер тарапынан қолдау тауып қана қоймай, құлашын да жая бастады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы 172 стипендия, Шығыс Қазақстан – 156, Жамбыл облысы – 108, Қостанай облысы – 84, Ақтөбе облысы – 72, Алматы қаласы 60 тегін грант бөліп отыр. Дәл осындай көлемде Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда мен Ақмола облыстарындағы кәсіби колледждерде жақсы оқитын, қаржыға зәру студенттер тегін білім алатын болады. Ал Астана қаласы бойынша 84 бала ақысыз білім алатын болса, студенттердің 9-ы мүгедек, 45-і тұрмысы төмен немесе көп балалы отбасыларынан шыққандар. Мұндай мүмкіндікке ие болғандар арасында оралман қандастарымыздың да балалары бар.
Қорыта айтқанда, болар елдің қолға алған “Кәсіпқой” стипендиясын тағайындау Қазақстан Республикасының 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік-техникалық және кәсіби білім беруді дамыту бағдарламасына қосылған халықтық үлес деп білу керек.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.