Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Оның жұмысын ашқан Қанат Саудабаев өзінің кіріспе сөзінде жыл қорытындысы бойынша жемқорлықпен күресті зерттейтін халықаралық ұйымдардың рейтингі бойынша Қазақстанның бұл істе жоғарырақ көтерілгенін атап өтті. Осы орайда ол Сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігінің жемқорлыққа тосқауыл қою тұрғысындағы оңтайлы жұмыстар атқарғанын ауызға алды. Осы агенттіктің басшысы Қайрат Қожамжаров өзінің сөзінде Қазақстанның халықаралық рейтингте 120-шы орыннан 105-ші орынға көтерілгенін жеткізді.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының аграрлық сектор мен құрылыс индустриясында қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде аталған сала басшылары Ақылбек Күрішбаев пен Серік Нокин баяндама жасады. Олардың баяндамаларын қорытқан сөзінде Қ.Саудабаев ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және отандастарымыздың әл-ауқатын арттыратын маңызды фактор екенін атап өтті. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық секторды дамытуды маңызды басымдықтардың біріне қосып отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл салаға бюджеттен аса қомақты қаражат бөлінуде. Біз олардың орнына жұмсалып, әрбір теңгенің саланың дамуына, ауылдың гүлденуіне қызмет еткенін қалаймыз, деді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі.
Ал Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің баяндамасы бойынша сөйлеген сөзінде Қанат Бекмырзаұлы әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан Қазақстанның құрылыс индустриясындағы ауыр проблемаларды еске алды. Осындай ауыр кезеңде Елбасы Н.Назарбаев секторды қиын жағдайдан шығаруға үлкен күш жұмсап, айтарлықтай қаражат бөлдірді. Президент тарапынан осындай қамқорлыққа бөленген салада ешқандай сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндеттіміз. Барлық құрылыс нысандары сапалы әрі өзінің уақытында салынып бітуге тиіс, деп атап өтті ол.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мемлекеттік органдарға агроөнеркәсіп кешені саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған шаралар қолдануға, осыған сәйкес жаңа кадрлық саясат жүргізуге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында мемлекеттік органдардың бақылауын күшейтуге ұсыныстар жасады.
Осы отырыста басшы қызметкерлер өкілеттіктерін қайтадан бөлудің нәтижелеріне орай Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның мүшесі қызметінен оның төрағасының орынбасарлығына ауыстырылғаны белгілі болды.
ХАЛЫҚПЕН “КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫҢ” ҰТЫМДЫ ТЕТІГІ
Халықпен “кері байланыс” қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі – партияның қоғамдық қабылдау бөлімдері. Бүгінгі күні “Нұр Отан” партиясы 16 облыста, Астана мен Алматы қалаларында және 241 аудандық және қалалық құрылымдарда қоғамдық қабылдау бөлімдерін ашқан.
Партияның Орталық аппаратында азаматтарды қабылдаудан басқа, Парламент Мәжілісіндегі “Нұр Отан” ХДП фракциясы мүшелері тұрақты түрде қабылдау өткізіп, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, банктер мен басқа да ұйымдардың жетекшілері, Қазақстан Адвокаттар одағының, “Қоғамдық қорғау” РҚБ-нің өкілдері азаматтарға тегін консультативтік-құқықтық кеңес береді.
Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдауында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Адамдар түрлі мәселелермен келеді. Атап айтар болсақ, ТЖМ ардагер-қызметкерлер кеңесінің төрағасы Нұрпейіс Ақпаров Астанадағы емханалар мен госпиталь құрылысына көмек көрсетуді өтінсе, “Қазақстан мүгедектер одағы” Республикалық ұйымының төрағасы Әли Аманбаев Парламент Мәжілісіндегі “Нұр Отан” ХДП фракциясына мүше депутаттардың көмегімен Мүгедектердің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау жөнінде, сондай-ақ мүгедектердің халықаралық қоғамдық кеңесін құру туралы тілегін алға тартты. Қоғамдық қабылдауға келгендер сонымен қатар, “Бизнестің жол картасы – 2020” және үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру аясындағы маңызды өндірістік нысандардың құрылысы мәселелерін сөз етті.
Қабылдау барысында Нұрлан Нығматулин: “Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға халық проблемасын шешудің тиімді жүйесін табу, барлық жерде партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысын күшейту туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан бүгінгі күні кез келген азаматтың өтінішін жауапсыз қалдырмау – біздің басты мақсатымыз”, – деп баса атап өтті.
Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлімдеріне барлығы 69397 өтініш түскен. Осы орайда мемлекеттік және өкілетті органдардың қарауына 21070 өтініш жіберілсе, оның 17001-і бойынша, яғни қарауға жіберілгендердің 81%-ына жауап алынған, оның – 8894-і немесе 52 %-ы қанағаттандырылған.
Жақсыбай САМРАТ, “Егемен-ақпарат”.